ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Болашақ сарайында Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы шығарылған салтанатты шараға қатысып, сөз сөйлеп, WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатында үздік нәтижеге қол жеткізген студент жастарды марапаттады.
Өтіп бара жатқан 2025 жыл облысымыз үшін еңбекке, кәсіби шеберлікке және жұмысшы мамандықтарының беделіне жаңа көзқарас қалыптастырған айрықша кезең болды. Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған салтанатты шарада аймақ басшысы Марат Ахметжанов облыс бойынша осы бағыттағы жүйелі жетістіктерді атап өтті.
–Бүгінгі заманның басты қаһарманы еңбек адамы. Ақмола облысы «Шеберлік аумағы» мәртебесін ұранмен емес, нақты іспен дәлелдеп келеді. Біздің облысымыз бүгінде елдің аграрлық-индустриялық секторы үшін білікті кадрларды даярлауда жетекші аймақтардың біріне айналды. Жұмысшы мамандықтары жылының ресми басталуы Көкшетау қаласында өткен ауқымды жастар форумымен айшықталды. 2000-нан астам жастар мен педагогтарды біріктірген бұл ауқымды шара жыл бойы жүзеге асқан ондаған бастамаға серпін берді. Ақмола облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары жай ғана оқу орындары емес. Олар әлемдік стандарттарға сай жабдықталған, заманауи құзыреттер қалыптастыратын білім беру хабтары, – деді Марат Ахметжанов өз сөзінде.
Сонымен қатар, облыс әкімі өз сөзінде аймақтың 24 колледжінде дуальды оқыту жүйесі енгізіліп, онымен 6000-ға жуық студент қамтылғанын, индустриялық кеңестер құрылып, 700-ден астам кәсіпорынмен әріптестік орнатылғанын тілге тиек етті. Тек биылдың өзінде жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленген 100-ден астам білім беру бағдарламалары техникалық және кәсіптік білім беретін колледждердің бағдарламаларына енгізілді. Қазіргі таңда облыс колледждеріне 180-ге жуық кәсіпорын кадр даярлау жұмыстарына қолдау көрсетіп отыр. Олардың қатарында «Қамқор Локомотив», «Алтыналмас», «Степногорск тау-кен химия комбинаты», «Азиякотломаш» секілді ірі өндіріс ошақтары бар. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 200 кәсіпорынға жеткізу жоспарлануда.
Бұдан әрі аймақ басшысы шағын және орта бизнестің білікті мамандарын даярлаудағы кәсіпкерлердің рөліне ерекше тоқталып, оларға өз алғысын жеткізе кетті.
–Бүгінгі білімге салынған инвестиция – ертеңгі экономиканың тұрақтылығы. Осының жарқын мысалы ретінде Степногорск қаласындағы жоғары техникалық колледжінде «Алтыналмас» акционерлік қоғамымен бірлесіп іске қосылған «МаманQadam» платформасын атап өтуге болады. Жоба мектеп жасындағы балаларды ерте жастан жұмысшы мамандықтарына баулуға бағытталған, – деді облыс әкімі одан әрі салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Жиында Марат Ахметжанов жастарды еңбекке тарту жыл бойғы маңызды бағыттардың бірі болғанын, «Жастар еңбек жасақтары» бағдарламасы аясында 1500-ге жуық ақмолалық жас маман жұмыспен қамтылып, еңбек шарттары жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, «Макинка-2015» серіктестігімен бірлесіп құрылған «Agro Qadam» студенттік механикаландырылған отряды ауыл шаруашылығында нақты өндірістік тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Ал, «Электрондық еңбек биржасы» цифрлық платформасы арқылы 24 мыңнан астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу дағдыларына үйретілді.
Биыл алғаш рет колледждердің үздік түлектерін салтанатты түрде ұлықтау дәстүрге айналды. Жас мамандар «Степногорск-Теплотранзит», «Бурабай Котел Менеджмент», «Агрофирма Родина» сияқты жетекші кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Ақмолалық студенттер халықаралық ареналарда да облыс абыройын асқақтатты. WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатында команда жалпы есепте ІІ орын алып, 3 алтын, 6 күміс, 6 қола медаль және 14 шеберлік медальонын жеңіп алды. Осыған орай, облыс мақтанышына айналған түрлі мамандық иелерінен құралған командалар мен жетекшілері сахна төріне шақырылып, оларға облыс әкімі Алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар табыстады.
Сондай-ақ, жиын барысында Ақтау қаласында өткен халықаралық чемпионатта алтын медаль алған Көкшетау жоғары техникалық колледжі ұжымының еңбегі мен Қытайда өткен жарыс барысында 1 орын алған Ілияс Гатин туралы және «Digital Agroleaders» байқауының жеңімпазы Иван Ермоленконың АҚШ-тағы «John Deere» зауытында тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болғандығы ерекше аталып өтті.
–Бұл жетістіктердің артында колледж педагогтарының, өндірістік оқыту шеберлерінің қажырлы еңбегі жатыр. Биыл педагогтар республикалық кәсіби байқауларда 11 бірінші, 7 екінші, 5 үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында облыстың 8 колледжі Қостанайдағы «Аллюр» зауытының тәжірибесін енгізуде. Мұның барлығы болашақ жұмысшы кадрларын даярлауға бағытталып жатқан ауқымды жұмыстар, – деді облыс әкімі жиын барысында.
Сонымен қатар, облысымызда соңғы үш жылда студенттер үшін 5 жатақхана пайдалануға берілді. Биылдың өзінде 750 орындық екі жаңа Студенттер үйі ашылды. Бұл облыс жастары үшін жасалған нақты әлеуметтік қолдау екені даусыз. Биылғы жылдың тағы бір маңызды оқиғасының бірі техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ашылуы болды. Бұл орталық болашақта білім, бизнес және мемлекет арасындағы байланысты күшейтетін негізгі алаңға айналады деп күтілуде. Сонымен қатар, Франция мемлекетінде облыс орталығының іргесінде орналасқан Краснояр ауылындағы көпсалалы инновациялық колледжі халықаралық аккредитациялаудан өтті, ал, Көкшетаудағы Жоғары техникалық колледж Industry 4.0 бағытындағы аккредитациялауға қатысуда.
Жұмысшы мамандықтары жылы аяқталғанымен, бұл басталған барлық істер осымен толастамақ емес. Ақмола облысы еңбек адамына деген құрметті нақты саясат пен жүйелі қолдау арқылы жалғастыра береді. «Ақмола облысы – шеберлер мекені. Біз бірге қуатты Қазақстанды құруды жалғастырамыз!» – деген аймақ басшысының қорытынды сөзі де осы жылы ғана емес, келешекте де жұмысшы мамандықтарын жетілдіре берудің айқын бағдары іспетті.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

