«Көкшетау Энерго» серіктестігі өз міндетіне де, елдік істерге де мұқият  көңіл бөлуде

ЖОЛДАУ – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫМЕН

Көкшетаудағы «Достық үйінде» Энергетик күніне арналған салтанатты шара өтіп, айтулы  мерекелік жиынға сала ардагерлері, еңбек ұжымдары, басшылық өкілдері мен қонақтар жиналып, Президент Жолдауларында да сан атап көрсетілгеніндей, ел экономикасының күретамыры саналатын осы салада табанды еңбек етіп жүрген жандарға құрмет көрсетілді. Бұл күні  энергетика саласының 89 қызметкері түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.

Салтанатты шара «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бүгінгі күндегі жұмысы мен қызметін және энергетик мамандығының маңызын, олардың ел өміріндегі айрықша орны мен жетістіктерін айшықтайтын бейнероликпен басталды. Одан әрі осы серіктестіктің өз Әнұраны орындалып, мерекелік шарадағы алғашқы құттықтау сөз компанияның бас инженері Виталий Архиповқа берілді. Ол өз сөзінде энергетика дегеніміз елдің күнделікті тыныс тіршілігінің мәні, еліміздегі әрбір өндірістің жүрегі, әр шаңырақтағы жылу мен жарықтың кепілі екенін атап өтіп:

 – Күннің ыстығы мен түннің қараңғысында, дауыл мен боранда өз міндетіне адал энергетиктердің еңбегі қашанда құрметке лайық, – деді.

Шара барысында сала дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Мұрат Қожин мен Мұрат Үлеков «Құрмет» орденімен, Анатолий Клещинский «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Марапаттау рәсімі Қазақстан электр энергетика қауымдастығының марапаттарымен жалғасты. «Еңбек сіңірген энергетик» медалі Әжібек  Абраев пен Уваровқа табыс етілді. «Құрметті энергетик» төсбелгісі сала шеберлері Александр Согрин, Андрей Есков, Сергей Игнатьев, Динар Мұхамбетовке берілді. Сонымен қатар, бірқатар қызметкерлер қауымдастықтың Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Жиын барысында «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директорының кеңесшісі Бауыржан Әбділбаев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Редванецкий, бас директордың орынбасары Елена Ермишкина, басқарушы директор Вадим Пыстин, бас директордың көмекшісі Мұрат Үлеков құттықтау сөз сөйлеп, әріптестерінің жұмысына сәттілік тілеп, ізгі тілектерін жеткізді.

Сонымен қатар, шарада Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің және Көкшетау қаласы әкімінің Алғыс хаттары үздік мамандарға салтанатты түрде табысталды. Электромонтерлер, диспетчерлер, инженерлер, техникалық және әкімшілік қызметкерлердің әрқайсысының еңбегі назардан тыс қалмады.

Сондай-ақ, «Көкшетау Энерго» кәсіподағының төрағасы Бауыржан Исмағамбетов салалық кәсіподақ атынан бірқатар энергетиктерді марапаттап, ұжым бірлігі мен әлеуметтік қолдаудың маңызын атап өтті. Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағының медальдары мен Құрмет грамоталары үздік қызметкерлерге табысталды.

Мереке аясында спорттық жетістіктер де ұмыт қалған жоқ. Энергетиктер күніне орай ұйымдастырылған спартакиада қорытындысы бойынша Тайынша электр желілері, «Көкшетау Энерго» және Көкшетау қалалық электр желілері командалары жүлделі орындарға ие болып, дипломдармен марапатталды.

Салтанатты жиын энергетик мамандығының тек кәсіп қана емес, ел алдындағы үлкен жауапкершілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қарапайым көрінетін, бірақ қоғам өмірі үшін аса маңызды еңбек иелері  энергетиктерге көрсетілген бұл құрмет олардың адал еңбегіне берілген әділ баға болды деп санаймыз.

Жарық пен жылудың үзілмеуіне тынымсыз еңбек етіп жатқан энергетиктердің құрметіне күні кеше Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жарықтар қуаты – жаңа ел мұраты» атты «Көкшетау Энерго серіктестігінің 61 жылдық тарихына арналған көрме ашылды. Көрме өңір энергетикасының қалыптасуы мен дамуын, тарихы мен жетістіктерін, сондай-ақ, энергия саласындағы қажырлы еңбекті кеңінен таныстырады.

Бұл шараның да  салтанатты ашылуы болып, еңбек адамдарының мерейін үстем еткен мереке ретінде есте қалды. «Шабыт» білім және шығармашылық орталығының «Серпін» домбырашылар үйірмесінің күй шашуымен басталған
көрменің ашылу салтанатында жергілікті айтыс ақындары Мұхаммет Қоңқай, Екпін Сәбетхан, Абзал Жұмабек, Берденбек Мырзат өз арнауларын арнады.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы, «Көкшетау Энерго» ЖШС-нің бас директоры Досымхан  Аралбаев, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, сондай-ақ, «Көкшетау Энерго» ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Редвонецкий сөз сөйледі. Шарада Зеренді ауданы мәдениет үйінің өнерпаздары мен Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенттері өз өнерлерін көрсетті.

Көрменің басты мақсаты – энергияның адам өміріндегі маңызын айқындап, оны өндіру мен тұтынудағы негізгі кезеңдерді, технологиялардың даму тарихын көрсету. Бұл – өткен мен бүгінді сабақтастырған тағылымды көрме.

Экспозиция Көкшетау өңіріндегі электр энергетикасының алғашқы қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі даму жолын қамтиды. Петропавл – Көкшетау бағытындағы 220 кВ әуе желісінің салынуы, алғашқы 110/34/10 кВ қосалқы станцияның іске қосылуы, 1965-1973 жылдар аралығында облысты толық электрлендіру үдерісі, ондаған қосалқы станциялар мен жүздеген шақырым электр беру желілерінің құрылысы туралы құнды деректер ұсынылған.

Сонымен қатар, кәсіпорынның әр жылдардағы атаулары мен құрылымдық өзгерістері, қызмет көрсету аймағының кеңеюі, 2001 жылы «Көкшетау Энерго» ЖШС ретінде қайта құрылуы және өңір мен ел энергетикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі кеңінен қамтылған.
Көрмеде әр кезеңде қолданылған электр құрылғылары, өлшеу аспаптары, техникалық жабдықтар, мұрағаттық құжаттар мен өзге де қызықты жәдігерлер қойылған.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар