Ақмолалық спортшылардың тарих қойнауына енген өткен 2025 жылы спорт саласында қол жеткізген тамаша жетістіктерінің бірі сөз жоқ, Біріккен Араб Әмірліктерінің аты әлемге мәшһүр Дубай қаласында жарқ етіп көрінді.
Желтоқсанның алғашқы жартысында осында өткен бокстан әлем чемпионатында көкшетаулық қос былғары қолғап шебері Теміртас Жүсіпов пен Оразбек Асылқұлов жоғары деңгейде өнер көрсетіп, осы ер намысы сыналған байрақты бәсекеде талай үлкенді-кішілі додаларда тіс қаққан, әйгілі боксшымыз Теміртас қола медальға ие болса, ұлттық құрамаға соңғы жылдар бедерінде қосылған Оразбек алтыннан алқа тағып, мерейімізді ту-ту биікке асырып жіберді. Бұған дейін Белградта өткен Әлем біріншілігінде оған қоса, әскерилер арасындағы осындай біріншілікте топ жарып, ел мақтанышына айналған Теміртас Жүсіповтың ізін енді Оразбек Асылқұловтай саңлағымыз басып жатса, қалай тұла бойымызды мақтаныш сезімі кернемеске?!
Әрине, мұндайда елінің, туып-өскен топырағының атын шығарған дарабоздарымызды өз туған жерінде құрметпен күтіп алып, елдің елдігін жасау – ол да бір үлкен білгендік. Солай демекші, осы таяуда, нақ Жаңа жылқы жылының алдында бүкіл қазақ елі, одан қалды, астаналық Ақмола облысының абыройын асқақтатып келген қос жерлес боксшымызды облыс әкімі Марат Ахметжанов зор қошеметпен қабылдап, жүрекжарды лебізін арнады.
Кездесу барысында аймақ басшысы спортшыларымыздың бұл үлкен жетістігі тек ақмолалықтардың ғана емес, бүкіл еліміздің мерейі екендігін атап өтіп, бұл жарқын өнегенің ағаға қарап өсіп келе жатқан бүгінгі өскелең ұрпақ үшін де үлкен тартылыс күшіндей ерекше мәні бар екенін, облыс спорт жылнамасына алтын әріптермен жазылатынын ерекше тебірене жеткізді.
Салтанатты жиын соңы жерлес қос боксшыға ақшалай сертификаттар мен Алғыс хаттарын табыс етумен жалғасты. Спортшыларымыз да өз кезегінде, алда өздерін әлі де жауапты жарыстар күтіп тұрғанын, соның бірі 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындары екендігін айтып, онда да сәтін салып, жол түссе, намысты қолдан бермейтіндерін паш етті.
Иә, осыған қарап, күнпарақтары енді ашылып жатқан Жаңа жылда да осындай даңқты спортшыларымыздың, әлі өзін көрсетер жас таланттарымыздың жеңісті жолдары жалғаса бергей дейсің.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

