Алдап-арбаумен ірі соманы иеленген

Ақмола облысында бірқатар алаяқтық әрекеттерге қатысы бар күдікті анықталды. Өңірдің полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта 21 адам жәбірленуші деп танылған, ал, жалпы материалдық шығын шамамен 25 миллион теңгені құрайды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғанындай, бірнеше ай бұрын Қорғалжын ауылының 35 жастағы тұрғыны жалған сатумен және су сүзгілерін орнатумен байланысты алаяқтық сұлбаны әзірлеген. Күдіктінің «алдамшы» ұсынысына Целиноград және Қорғалжын аудандарының, сондай-ақ, Қосшы қаласының тұрғындары ниет білдірген. Ер адам сондай-ақ, ауыл тұрғындарының үйлерін аралап, өз қызметін ұсынған және азаматтарды жабдық сатып алу үшін тауарлық несие алуға көндірген. Мәселен, Қоянды ауылының тұрғынының өтінішіне сәйкес, ағымдағы жылдың қыркүйек айында су сүзгісін орнату сылтауымен белгісіз адам 1 020 000 теңге көлемінде ақша қаражатын иеленген және осыған ұқсас өтініштерді тағы 20 адам бергені анықталды.

Қолма-қол ақша алғаннан кейін күдікті жасырынып, өзіне алған шарттық міндеттемелерін орындамаған. Нәтижесінде залалдың жалпы сомасы 25 миллион теңгеден асқан.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде және тергеушілер қажетті тергеу әрекеттерін жалғастырып, болған оқиғаның мән-жайын анықтауда, сондай-ақ, басқа да ықтимал жәбірленушілерді анықтау үстінде.

Осыған орай, тәртіп сақшылары азаматтарды қырағы болуға және тауарларды немесе қызметтерді несиеге сатып алуға қатысты күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Келісім-шарттар жасамас бұрын сатушы туралы ақпаратты, оның рұқсат құжаттары мен компанияның нақты қызметін мұқият тексеру ұсынылады. Күдікті жағдайлар немесе алаяқтық әрекеттері болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар