Зерендідегі жаңа пәтер иелері мен спортшылар қуанышы

ƏКІМ – ЕЛ ІШІНДЕ

Зеренді ауданында жаңа пәтерлердің кілтін табыстау салтанаты өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қоныс той иелерін құттықтап, халықты қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

2026 жыл жағымды жаңалықтармен басталды. Зеренді ауылындағы жаңа бес қабатты тұрғын үйден мұқтаж азаматтарды, көпбалалы аналарды және жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 62 пәтер сатып алынды. Тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ арқылы үлестірілуде.

– Жуырда өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы еліміздің орнықты дамуына бағытталған ауқымды өзгерістер мен конституциялық реформалардың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастамалардың барлығы халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, біздің басты міндетіміз – әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жайлы әрі лайықты өмір сүру жағдайын жасау. Бүгін осында тағы бір қуанышты сәт орын алуда. Қоныс иелері өз пәтерлерінің кілтін алады. Бұл отбасылық бақыттың нышаны, – деді Марат Ахметжанов.

Жаңа тұрғын үйден Зеренді ауылының 26 тұрғыны жайлы пәтерге қол жеткізді. Көптеген қоныс иелері бұл қуанышты сәтті бірнеше жыл бойы күткен.

– Мен тұрғын үй кезегінде 2017 жылдан бері «толық емес отбасы” санаты бойынша тұрдым. Бірнеше жыл бойы кезегім жылжымады. Алайда, Жаңа жыл қарсаңында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен хабарласып, жақын арада пәтер кілтін алатынымды айтты. Бүгін сол күн келді, өте қуаныштымын. Енді өмірімізде бәрі жақсы болатынына сенімдімін, – деп ой бөлісті қоныс иесі Индира Әбжанова.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылы Ақмола облысымызда бір мыңнан астам мұқтаж азамат баспаналы болды. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 800-ден астам адам түрлі сатып алу тетіктері арқылы тұрғын үйге қол жеткізді.

Зеренді ауданында 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен ұзындығы 2,5 шақырым болатын шаңғы-роллер трассасы қайта жаңғыртылды. Жобаның іске асырылуы биатлоншылар мен шаңғышыларды даярлау мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп қана қоймай, тұрғындар үшін күндізгі және кешкі уақытта жаттығу жасап, белсенді демалуға қолайлы жағдай жасады.

Жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов осы нысанды аралап көрді. Өңір басшысы жас спортшылармен кездесіп, жергілікті тұрғындармен пікір алмасты, сондай-ақ, жас шаңғышылармен бірге жаңартылған трассада 7,5 шақырым қашықтықты еңсеріп, шаңғы теуіп көрді.

– Өткен жылы «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен 1,5 мың шаңғы жиынтығы сатып алынды, оның ішінде спорт құралдары Зеренді спорт мектебіне де берілді. Біз қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуымыз керек, бұл бағытта әлеуетіміз зор. Қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан 36 қазақстандық спортшының алтауы – ақмолалықтар. Спортпен айналысуға ешқашан кеш емес, – деп Марат Ахметжанов спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне үндеу жасады.

Кешкі уақытта жарықтандырылатын трасса бойында күркелер мен әткеншектер орнатылған 8 демалыс аймағы абаттандырылып, жаттығулар мен серуеннен кейін демалуға арналған орындықтар қойылған. Сонымен қатар, екі киім ауыстыратын бөлме, төрешілер бөлмесі және жылы санитарлық торапты қамтитын контейнерлік модульдер орнатылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кешкі мезгілде және демалыс күндері шаңғы-роллер трассасы адамдарға толы, себебі, демалуға барлық жағдай жасалған.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов ауданда 2025 жылдың қаңтар айында ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенділерімен кездесті. Орталыққа шамамен 30 адам психология, жүзу, йога, музыка және қолөнер бағыттары бойынша сабақтарға қатысады. Сыртқы іс-шараларға қатысу үшін шағын автобус сатып алынған.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар