2026 Тарихи тұлғалар жылы

2026 жылы Қазақстан мен әлем өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың, өнер мен ғылым қайраткерлерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің айтулы мерейтойлары аталып өтеді. Олар жай ғана даталар емес, ұлт жады мен рухани кодтың маңызды бөлшегі. Сондай мерейтой иелерінің өмір жолы мен мұрасына көз жүгіртіп көрейік.

Абылай хан

Абылай ханның туғанына 315 жыл (1711–1781). Үш жүздің басын қосқан кемеңгер хан, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында шешуші рөл атқарған ұлы қайраткер. Оның саяси көрегендігі мен ел билеудегі дипломатиялық шеберлігі қазақ халқын ең ауыр кезеңдерде сақтап қалуға мүмкіндік берді. Абылай дәуірі – бірлік пен мемлекеттілікті нығайтқан тарихи белес.

Исатай Тайманұлы

Исатай Тайманұлының туғанына 235 жыл (1791–1838). Батыр, қолбасшы, Қазақстандағы ірі ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі. Халықтың құқығын қорғап, әділдік пен бостандық үшін күрескен Исатайдың ерлігі мен оның осы жолдағы айнымас серігі Махамбет Өтемісұлының өр жырлары қазақтың азаттық тарихында айрықша орын алады. Олардың күрескерлік рухы ұлттық санада мәңгілікке қалған.

Ыбырай Алтынсарин

2 қараша – Ыбырай Алтынсаринның туғанына 185 жыл (1841–1889). Қазақ даласындағы алғашқы мектептердің негізін қалаған ағартушы, педагог, жазушы, этнограф әрі фольклортанушы. Ол білімді халықтың болашаққа апарар басты күші деп танып, жаңа оқу жүйесін енгізді, оқулықтар жазып, балалар әдебиетінің іргесін қалады. Алтынсаринның ағартушылық мұрасы – ұлтты өркениетке жетелеген жарық жол.

Жамбыл Жабаев

28 ақпан – Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл (1846–1945). Қазақ поэзиясының дәстүрлі арнасын кеңейтіп, оны жаңа тарихи кеңістікке алып шыққан ұлы тұлға. Ақын, айтыскер, абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол заманның тынысын, халықтың мұратын, қоғамның күрделі кезеңдерін поэтикалық қуатпен бедерледі. Ал, соғыс жылдарында оның жалынды жырлары майдандағы жауынгерлерге рух беріп, елді жігерлендірген үміттің, төзімнің, бірліктің үніне айналды.

Дина Нұрпейісова

Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл (1861–1955). Қазақтың дәстүрлі күй өнерін ХХ ғасырға жеткізген ұлы күйші, домбырашы, халық әртісі. Құрманғазының шәкірті Динаның орындаушылық шеберлігі мен шығармашылығы ұлттық музыканың биіктеуіне зор үлес қосты. Ұлы ұстазы сияқты оның да өршіл, тегеуірінді күйлері қазақ халқының мәдени мұрасының өшпес өзегі болып табылады.

Әлихан Бөкейхан

5 наурыз – Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл (1866–1937). Ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, Алаш Орда үкіметінің жетекшісі, энциклопедист ғалым әрі публицист. Ол қазақ қоғамын жаңғырту, ұлттық мемлекеттілік идеясын қалыптастыру жолында күресіп, саяси, ғылыми, экономикалық ой-өрістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әлиханның мұрасы – тәуелсіздік идеясының мәңгілік тұғыры.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы

7 сәуір – Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл (1871–1948). Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой балуан, әлем ареналарын бағындырған дара спорт саңлағы. Ол бірнеше елдің чемпионы атанып, ұлттық күш өнерін халықаралық деңгейде танытқан. Қажымұқанның ерлігі мен қайсар мінезі халықтың батырлық ұғымының символына айналып, мәңгі ел есінде қалды.

Ахмет Жұбанов

29 сәуір – Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл (1906–1968). Ұлттық музыка өнерінің іргесін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым, композитор және дирижер. Ол қазақ музыкасын ғылыми жүйеге түсіріп, Абай атындағы опера және балет театрының, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің дамуына үлкен үлес қосты. Бірқатар мәңгі өшпес туындыларымен өз есімін ұлтының өнер тарихына мәңгіге жазды.

Латиф Хамиди

17 шілде – Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл (1906–1983). Қазақ музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан композитор, педагог, халық әртісі. Осы табиғи талантымен ұлттық рухты асқақтатып, музыкалық мұрамыздың алтын қорын жасақтады. Хамидидің шығармашылығы мен ұстаздық еңбегі осы өнер жолындағы бірнеше буынның қалыптасуына игі ықпалын тигізді.

Қайым Мұхамедханұлы

5 қаңтар – Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл (1916–2004). Қазақ әдебиеттануындағы абайтану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым, зерттеуші, жазушы әрі драматург. Ол Абай шығармашылығын ғылыми айналымға түсіріп, ақын шәкірттерінің мұрасын түгендеп, қазақ руханиятының тұтас бір саласын жаңа деңгейге көтерді.

Кәукен Кенжетаев

25 ақпан – Кәукен Кенжетаевтың туғанына 110 жыл (1916–2008). Әнші, актер, режиссер ретінде қазақ театр және кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнер саңлағы. Оның сахнадағы табиғи болмысы, драмалық және музыкалық рөлдерді бірдей меңгерген шеберлігі ұлт мәдениетінде айрықша орын алады. Сонымен бірге, әйгілі актердің кинода сомдаған көркем бейнелері өзіндік қайталанбас реңімен ерекшеленіп, көрермендер жүрегін жаулаумен келеді.

Баубек Бұлқышев

Баубек Бұлқышевтің туғанына 110 жыл (1916–1944). Ұлы Отан соғысы жылдарында жарқ етіп көрініп, «Өмір мен өлім туралы» публицистикасымен танылған жазушы. Оның сол кездегі одақтық басылымдарға дейін жарияланған өршіл рухы, отаншылдыққа толы ойлары мен жалынды мақалалары жауынгерлік публицистиканың символына айналып, халқына мәңгілік мұра болып қалды.

Сахи Романов

1 тамыз – Сахи Романовтың туғанына 100 жыл (1926–2002). Қазақстан бейнелеу өнерінің көрнекті өкілі, Халық суретшісі. Кино суретшісімен бірге графикалық суреттердің де хас шебері. Оның қолтаңбасы ұлттық кескіндемеге жаңа леп әкеліп, көптеген фильмдердің көркемдік стилін қалыптастырды. Сахи Романовтың шығармашылық мұрасы – қазақ өнерінің биік бір белесі.

Ермек Серкебаев

4 шілде – Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл (1926–2013). Қазақ опера өнерінің әлемдік деңгейде танылған жұлдызы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі. Оның барқыт дауысы, мінсіз вокалдық техникасы мен сахналық жоғары мәдениеті қазақ музыкасын бұрынғы одақтық және әлемдік деңгейге көтерді. Ол ұлттық опера мектебінің қалыптасуына жол ашқан дара тұлға.

Абдолла Қарсақбаев

2 қазан – Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл (1926–1983). Қазақ киносының алтын қорын қалыптастырған көрнекті режиссер. Қазақтың кино өнерінде күні бүгінге дейін балалар фильмінің биік шыңы болып саналатын «Менің атым – Қожа» көркем суретті фильмінің авторы. Оның шығармалары қазақ халқының рухани әлемі мен адами қасиеттерін терең ашқан туындылар.

Жанайдар Мусин

13 ақпан – Жанайдар Мусиннің туғанына 90 жыл (1936-1991). Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Мерзімдік баспасөздегі басшылық қызметі мен жеке шығармашылығын тығыз ұштастыра жүріп, оқырман қауымға бірнеше шоқтығы биік туындылар берді. Кейін журналистік және жазушылық қызметіне қоса, Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін де атқарып, өз ұлтына, туған өңіріне жанашырлық қасиеттерімен көзге түсті.

 Әлеуметтік материалдар желісі бойынша ықшамдап дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар