Еліне қызмет етіп, көптің алғысына бөленген кәсіпкер

ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУ

Симферополь ауылы соңғы жылдары  әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан едәуір дамып, көркейіп келеді. Бұл іске елеулі үлес қосып, инвестиция салып, елдің игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген бір азамат бар. Ол «Kokshe Building Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Асқар Байқанов.

Оның басшылығымен атқарылып жатқан ауқымды жобалар бүгінде өңір халқының игілігіне айналуда. Мәселен, Симферополь ауылында бой көтерген, ауданы 800 шаршы метрді құрайтын жаңа спорт кешені ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары үшін жасалған үлкен мүмкіндік. Бұл кешенде футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, күрес залы, заманауи тренажер залы жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын облыстық және аудандық деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Осындай кәсіби дайындық базасының арқасында ауыл спортшылары облыстық, республикалық додаларда жүлделі орындарға ие болып, аудан намысын абыроймен қорғап келеді.

Кәсіпкердің игі істері мұнымен шектелмейді. Зеренді ауылының орталығында барлық жағдайы жасалған, жайлы көппәтерлі тұрғын үй салып, одан қос пәтерді екі көпбалалы отбасына сыйға тартып, олардың қоныс тойын тойлауына себепкер болды. Айта кетерлігі, ол 2019 жылы Симферополь ауылдық округінде тұратын бір көпбалалы отбасына жеке үй сыйлаған болатын.

Қазіргі таңда кәсіпкер өз қаражаты есебінен Симферополь ауылында жаңа мешіттің құрылысын да жүргізуде. Бұл нысан ауыл тұрғындарының діни және рухани ордасына айналады деп сенеміз. Жаны жомарт кәсіпкер мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерге тұрақты түрде демеушілік жасайды, дарынды балалардың республикалық жарыстарға баруына қаржылық қолдау көрсетеді, спорттық турнирлердің өтуіне мұрындық болып, ардагерлерге, зейнеткерлерге және басқа да мұқтаж жандарға тұрақты түрде көмек қолын созады. Бұл көмек тек Симферополь ауылдық округімен шектелмей, Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласын да қамтып келеді.

Осы арада, сәл-пәл кейіпкеріміздің өмір және еңбек жолына үңілсек, ол біз сөз етіп отырған осы Симферополь ауылының тумасы. Мамандығы инженер-құрылысшы. 1996 жылы Ақмола құрылыс техникумын, ал, 2007 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «құрылыс бакалавры» мамандығы бойынша бітірген. 1997 жылы заманның қиын кезеңінде еңбек жолын бастап, араға он алты жыл салып, 2013 жылы «Kokshe Building Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған. Өзі жетекшілік ететін бұл серіктестік 11 жылдан астам уақыт бойы Ақмола облысында тұрғын үйлер мен өндірістік, әлеуметтік-мәдени ғимараттар құрылысына темір-бетон бұйымдарын шығарумен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде Асқар Байқанов өзін нағыз кәсіби маман әрі басшы ретінде көрсетіп, құрылыс сияқты күрделі өндіріс саласында талай мәрте жаңашылдық пен іскерліктің, туған ауданы мен ауылы, ел-жұрты дегенде жан сүйсінтер қайырымдылық пен жомарттықтың үлгісін танытып келеді.

Осынау адал еңбегі, кең жүрегінің айғағындай, бұл күнде ол «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» мерекелік медальдарына, Қазақстан Құрылыс одағының «Құрметті өндіруші» медаліне ие болып, республикалық «Жомарт жүрек» байқауының жеңімпазы атанған. Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің Алғыс хаты, облыс, қала әкімдері мен бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясы Ақмола облыстық филиалының Алғыс хаттарын да сан мәрте иеленуі азамат шоқтығын одан әрі биіктете түскендей.

Асқар Өмірбекұлы инвестор ғана емес, өз елінің патриоты, әлеуметтік маңызы бар нысандарды тұрғызып, елдің алғысына бөленіп отырған абыройлы азамат. Оның осындай игі істері өзге кәсіпкерлерге үлгі-өнеге және ауданның дамуына қосылған қомақты үлес болып табылады.

Симферополь ауылдық округінің тұрғындары кәсіпкерге ауылдарының өркендеуіне қосқан баға жетпес үлесі мен көрсеткен қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, игі тілектерін арнауда.

– Асқар Өмірбекұлының белсенді азаматтық ұстанымы мен  меценаттық көмегінің арқасында ауылымызда маңызды әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылып, халықтың өмір сүру сапасы жақсарды. Оның игі істері – шынайы патриотизм мен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. «Kokshe Building Service» және «Baitik Zher» серіктестіктерінің ұжымына ауылымызды көркейтуге деген ұмтылыстары мен қамқорлықтары үшін ризашылығымыз зор, –дейді ауылдық округ тұрғындары.

Сонымен бірге, Симферополь ауылдық округі әкімінің аппараты да аталмыш кәсіпкерге округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін алғыстарын айтуда.

– Асқар Өмірбекұлының қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдауға бағытталған меценаттық қызметі өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға септігін тигізуде. Біз оның кәсібилігі мен жауапкершілігін және ынтымақтастыққа әрқашан дайын болуын жоғары бағалаймыз. Алдағы уақытта да бірлескен жұмысымыз жемісті болады деген сенімдеміз. Оның атқарып жатқан игі істері әлеуметтік-кәсіпкерлік серіктестіктің нағыз үлгісі болып табылады, –деп ағынан жарылды Симферополь ауылдық округінің әкімі Азамат Сабитов.

Түйіндей айтқанда, Асқар Өмірбекұлының игі істері –«Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөздің іс жүзіндегі көрінісі. Кәсіпкердің Зеренді өңірінде бой көтерген әлеуметтік нысандары, көпбалалы отбасыларға сыйлаған баспаналары және рухани орда – мешіт құрылысы тек материалдық көмек қана емес, елдің болашағына деген үлкен сенім мен инвестиция.

Осындай елжанды азаматтар мен жауапты компаниялардың арқасында бүгінде Симферополь ауылдық округі заманауи кейіпке еніп, өркендеп келеді. Өз мүддесінен ел мүддесін биік қойған Асқар Байқановтай жомарт жүректі жанның атқарған әрбір ісі өзгеге өнеге, өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Елдің алғысы мен ризашылығына бөленген кәсіпкердің алдағы жоспарлары сәтті жүзеге асып, Зеренді өңірінің, ауылдың ажары одан сайын ашыла түседі деп сенеміз.

Ы.ШАМШИЕВА.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар