Қатал қыс сақтық шаралары қажет етеді

ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ержан Ғаббас және облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығының орынбасары Данияр Аманжолов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізді.

Онда олар ауа райы температурасы күрт төмендеген жағдайда жол-көлік қозғалысы мен жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелері туралы баяндап берді.

Биылғы жылыту маусымы басталғалы облыс аумағында өрт қауіпсіздігі мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше өзекті болып отыр. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының болжамына сәйкес, соңғы күндері өңірімізде қыстың алғашқы кезеңінде ауа температурасының күрт төмендеуі күтілген еді. Дәл солай болып, сынап бағанасы 30–31 градус аязды көрсетіп, сезілу деңгейі 35–37 градусқа дейін жетіп қалған түндер болды. Мұндай ауа райы жылыту жүйелері мен электр жабдықтарына түсетін жүктеменің артуына алып келді.

Аязды күндері тұрғындардың пеш жағу және электр жылытқыштарын пайдалану белсенділігі артады. Бұл өз кезегінде өрттің шығу және улы газбен улану қаупін жоғарылатады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пешті тұтандыру үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдалануға, жанып жатқан пешті және қосулы тұрған электр құрылғыларын қараусыз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ, пеш жұмысын балаларға сеніп тапсыруға қатаң тыйым салынады. Әрбір үй иесі мұржалар мен желдету каналдарын күйеден уақытылы тазартып, пештің бүтіндігін тексеруі тиіс.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы басталғалы бері облыс аумағында 183 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға төмен. Өкінішке орай, өрт салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алды. Тілсіз жау келтірген материалдық шығын 31 миллион теңгеден асты. Талдау көрсеткеніндей, өрттің шығуына негізінен, пешті пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, электр жабдықтарын монтаждау мен пайдаланудағы ақаулар және отты абайсыз пайдалану себеп болған.

Төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда. Бүгінгі таңда мұнымен 159 мыңнан астам тұрғын үй қамтылып, халықпен кездесулер өткізілді. 2 мыңнан астам мұржа тазартылды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тұрғын үйлеріне ерекше көңіл бөлінуде. Ондай үйлерге улы газ бен түтінді анықтайтын 11 мыңнан астам датчик орнатылса, оның 1,8 мыңнан астамы осы жылыту маусымында қойылды.

Қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін 183 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 76 адамға жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Мамандар тұрғындарды бұл мәселелерде аса сақ болуға шақырады. Егер бөлмеде газ иісі сезілсе немесе улы газдың белгілері байқалса, дереу үйді желдетіп, 112 шұғыл қызмет нөміріне хабарласу қажет.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар