Онкологиялық көмек сапасы басты назарда ұсталуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында ұлт саулығы стратегиялық басымдық екенін айрықша атап өтіп, медициналық қызметтің қолжетімді, әрі сапалы болуын тапсырып келеді.

Әсіресе, онкологиялық аурулармен күрес және науқастарды заманауи дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі Президент бақылауындағы маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда, Ақмола облысында тұрғындардың мұң-мұқтажы мен өтініш-тілектеріне жедел жауап беру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек көпсалалы облыстық аурухана директорының орынбасары Болат Әбішевпен жеке кездесіп, саладағы қордаланған мәселелерді тікелей талқылады. Бұл кездесудің басты түйіні – емнің үздіксіздігін уақытылы берілуін қамтамасыз ету, яғни, науқастың тағдырына тікелей әсер ететін бағыттарды күшейту болды.

Бүгінгі таңда онкологиялық көмек Мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек көлемі (МКТМК) шеңберінде тегін көрсетілгенімен, іс жүзінде кейбір дәрі-дәрмектерді жеткізуде іркілістердің бар екені, мамандарға түсетін салмақтың жоғарылығы мен ұзын-сонар кезектердің туындайтыны жасырын емес. Басқарма бұл кемшіліктерді ашық мойындай отырып, нақты шешу жолдарын айқындады. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмекке деген шынайы қажеттілік пен оларды жеткізу кестелеріне терең талдау жүргізіліп, тиісті өтініштер жолданды. Сонымен қатар, дәрілік қамтамасыз етуді бақылау тетіктері қатаңдатылып, науқастарды тіркеу және жолдама алу үдерісін барынша жеңілдету мен жылдамдату қолға алынды. Кадр тапшылығын жою және медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

Нариман Ермектің айтуынша, науқастардан түскен әрбір арыз-шағым – бұл жүйенің кемшін тұстарын көрсететін әділ кері байланыс. Сондықтан, жұмыс құрғақ есеп үшін емес, әрбір адамның өміріндегі оң өзгерістер үшін жүргізілуде. Әрбір өтініштің артында үлкен үміт пен уайым тұрғанын түсінетін басқарма өкілдері мәселе толық шешілгенше бұл мәселені бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

– Бұл атқарылатын ауқымды істердің бастамасы ғана. Алдағы уақытта облыс көлемінде қосымша іс-сапарлар ұйымдастырылып, дәрігерлермен, медициналық қызметкерлермен және науқастармен бетпе-бет кездесулер тұрақты өткізілмек. Біздің міндетіміз – тыңдау, жедел әрекет ету және өзгерістерді нақты нәтижеге жеткізу, – деп түйіндеді басқарма басшысы.

Осылайша, өңірде онкологиялық көмек сапасын жақсарту жұмысы ашық диалог пен Президент тапсырмаларына сай жаңа деңгейге көтеріледі деген үміт бар.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар