ЕЛ МҰРАТЫ – ЖАҢАРУ
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов Ата заңға енгізілгелі отырған өзгерістер мен түзетулер туралы өңір депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері алдында баяндама жасады. Бұған дейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссиясы жаңа Ата Заңның жобасын жариялағаны белгілі.
Ұсынылып отырған жаңа жобада кіріспе, 11 бөлім және 95 бап бар. Ал, қолданыстағы редакцияда кіріспе, 9 бөлім және 101 бап бар болатын. Осы баптардың ішінде 84 пайызына немесе 77-сіне түзетулер енгізіледі.
Облыстық мәслихаттың төрағасы осы өзгерістерге кеңінен тоқталып, бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Парламентті реформалау бастамасын көтергеннен бастағанын атап өтті.
– Өткен жылдың қазанынан бастап e-Otinish және eGov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөлімі арқылы азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жүздеген ұсыныс келді. Бұдан басқа, саяси партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымдардан қолданыстағы Конституция ережелерін қайта қарауға байланысты 1600-ден астам ұсыныс түсті. Осы негізде Конституциялық реформа жүргізу және Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылданды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияға шамамен 130 адам кірді. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, танымал конституциялық құқық мамандары, бизнес және корпоративтік сектор өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау саласының өкілдері, сарапшылар, медиа қызметкерлері, ғылыми және мәдени қауым өкілдері, Парламент депутаттары мен мемлекеттік қызметшілер бар, – дей келе, Бейбіт Айтымұлы конституциялық өзгерістерге қатысты еліміздің әр азаматы әлі де болса жоғарыда аталған платформалар арқылы өз ұсыныстарын жеткізуге болатындығын айтты. Бұдан әрі ол жаңа Конституцияда болатын бөлімдерге жекелей тоқталып, бұл жай ғана заңды құжаттың мәтіні емес екендігін, Қазақстанның болашақ іргетасы екенін түсінуіміз керектігін алға тартты.
– Жаңа Ата Заң адамды басты құндылық ретінде бағалап, әділ әрі заманауи мемлекеттің жаңа философиясын айқындайтын құжат болмақшы. Бұл – біздің саналы таңдауымыз және ортақ жауапкершілігіміз, – деді сөзінің соңында облыстық мәслихаттың төрағасы.
Жиын барысында Қоғамдық кеңес мүшелері өз пікірлерін ортаға салып, тұщымды ойларымен бөлісті. Мәслихат төрағасы кездесуге қатысушыларға өз ұсыныстарын жоғарыда аталған платформаларға жіберіуге болатындығын жеткізді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
![]()

