Сәт сапар, ақмолалық Олимпиадашылар!

Бүгін Италияда ХХV Қысқы Олимпиада ойындары басталады

Ақпан айының 6-22 күндері аралығында араға төрт жыл салып, Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV Қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Ақмола облысынан 6 спортшы бақ сынайды. Солардың ішінде жерлесіміз, шорт-трекші Денис Никишаның ақ Олимпиаданың ашылу салтанатында еліміздің Мемлекеттік туын көтеріп шығатыны  ақмолалықтар үшін үлкен мәртебе.

Төрт жылдықтың басты додасына 93 елден барлығы 3500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Жалпы, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде Қысқы Олимпиада ойындарына 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль еншілеп, қысқы спорт түрлеріндегі әлеуетін айтарлықтай дәлелдей түсті. Бұл жетістіктердің қалыптасуына Ақмола облысының спортшылары да елеулі үлес қосып келеді.

Бүгінгі таңда Ақмола облысының алты спортшысы XXV қысқы Олимпиада ойындарына қатысу жолдамасын иеленді. Оның үшеуі шорт-трек, үшеуі шаңғы жарысы бойынша сынға түседі.

Әсіресе, шорт-трек бойынша облысымыздың үлесі ерекше. Ұлттық құраманың Олимпиадаға жолдама алған төрт спортшысының үшеуі біздің өңірдің намысын қорғап жүрген тәжірибелі спортшылар. Денис Никиша, Яна Хан және Ольга Тихонова – Азия ойындарының жүлдегерлері, әлемдік деңгейдегі жарыстарда өздерін дәлелдеген үкілі үміттеріміз.

Сонымен қатар, шаңғы жарысы бойынша да Ақмола облысының спортшыларына артылар үміт зор. Надежда Степашкина, Анна Мельник және Ксения Шалыгина халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған, жоғары дайындықтағы спортшылар екендігі сөзсіз. Енді оқырмандарымызды әр спортшының басты арманы болып табылатын осы Олимпиадалық ойындарға аттанып кеткен жерлестерімізбен жақын таныстыра кетсек.

Денис Андреевич НИКИША – шорт-тректен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР ұлттық құрамасының капитаны, осы XXV Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында мемлекеттік туды ұстап шығушы. Денис Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, IX қысқы Азия ойындарының жеңімпазы және күміс жүлдегері.

Денис Андреевич 1995 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Зеренді ауданында тұрады. Дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алған. Жеке жаттықтырушысы шорт-тректен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы және осы спорт түрі бойынша Ақмола облысының бас бапкері Петр Гамидов.

Денис шорт-трекке 11 жасында келген. Ол қазіргі таңда әлемдегі ең үздік спринтерлердің бірі болып саналады. Шорт-трекке дейін каратэ, жүзу, шахмат және тоғызқұмалақпен айналысқан.

2014 жылы Эрзурумда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 500 метр қашықтықта әлем рекордын орнатқан.

Спортқа келгелі ол үш Олимпиадаға – Сочи-2014, Пхенчхан-2018, Бейжің-2022 Олимпиадаларына қатысқан. Ең үздік нәтижесі – эстафетадағы 5-орын. Ол қатысқан Әлем чемпионаттарына тоқталсақ, Қазақстан құрамасы шорт-трек тарихындағы тұңғыш әлем чемпионатының жүлдегері. 2024 жылы Нидерландыда және 2025 жылы Қытайда өткен жарыстарда 500 метрлік қашықтық бойынша күміс медальдарды еншілеп, екі дүркін вице-чемпион атанды. Ал, бұған дейін ол 2022–2023 жылдардағы маусымда 500 метрлік қашықтық бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңімпаз атанып, әлемдік рейтингте көш бастаған болатын.

Азия ойындарына келсек, 2025 жылы Харбинде (Қытай) өткен IX қысқы Азия ойындарында алтын және күміс жүлделерді иеленді. Бұдан туатын қорытынды, Денис бұл Олимпиадада да өзінің спорттық бабында деп ойлаймыз және кейінгі жылдары небір додалы бәсекелерде көрсеткіштері көңіл қуантып жүрген жерлесімізден жеңіс күтеміз.

Яна Витальевна  ХАН – шорт-тректен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі және эстафеталық жарыстардың шебері.

Ол 2000 жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта Зеренді ауданының Садовое ауылында тұрады. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Жеке жаттықтырушысы – шорт-тректен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Гамидов. Шорт-трекпен 12 жасында Астанадағы «Алау» мұз айдынында айналыса бастаған. Бұл қадамға баруына 2011 жылғы Астанада өткен Азия ойындары қатты әсер етсе керек.

Оның мансабындағы негізгі белестерге тоқталсақ, IX қысқы Азия ойындарының эстафетадағы және аралас (микс) эстафетадағы екі дүркін күміс жүлдегері атанған. 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен XXIV қысқы Олимпиада ойындарында эстафеталық жарыста 5-орынға тұрақтаған.  2023 жылы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиадада аралас эстафетада 2-орыннан, 2024 жылы Бейжіңде (Қытай) өткен Әлем кубогы кезеңінде осы эстафетада 3-орыннан, 2025 жылы Туринде (Италия) өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиадада аралас эстафетада 3-орыннан көрінді. Былтыр Харбинде (Қытай) өткен IX қысқы Азия ойындарында эстафета және микс эстафета бойынша екі дүркін күміс жүлдегер атанды.

Ольга Александровна ТИХОНОВА – қазақстандық шорт-тректің жарық жұлдыздарының бірі, ұлттық құраманың тәжірибелі мүшесі, шорт-тректен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 1997 жылы туған, қазіргі уақытта Зеренді ауданының Садовое ауылында тұрады. «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алған. Жеке жаттықтырушысы – шорт-тректен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Петр Гамидов.

IX қысқы Азия ойындарының эстафетасы мен аралас (микс) эстафетасының күміс жүлдегері. Спорттағы негізгі нәтижелеріне келсек, 2017 жылы Дүниежүзілік Универсиадада және сол жылы өткен Азия ойындарында 3 орындардан көрінді. Ал, 2019 жылы Болгарияда өткен Әлем чемпионатында 6-орынға тұрақтады. 2022 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында 1000 метр, 1500 метр қашықтықтарда және аралас эстафетада өнер көрсетіп, аралас эстафета бағдарламасында жарыс кестесінің 5-жолына орнықты. 2024 жылы Бейжіңде өткен шорт-тректен Әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанса, 2025 жылы ІХ Азия ойындарында эстафетада және аралас эстафетада 2-орындарға тұрақтап, күміс медальді қанжығасына байлады, сөйтіп, ел абыройын асқақтатты.

Screenshot

Надежда Александровна СТЕПАШКИНА – шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР ұлттық құрамасының мүшесі, ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері, Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың қола жүлдегері, 2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы. IX қысқы Азия ойындарының эстафетадағы күміс жүлдегері.

Надежда Александровна 1998 жылы Бұланды ауданының Никольское ауылында туған.  «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Жеке жаттықтырушысы – шаңғыдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Борцов.

Надежда Норвегияда өткен Әлем чемпионатында 50 шақырымдық марафонда 24-ші орын алып, Азия спортшылары арасында тарихта болмаған ең үздік нәтижені көрсетті. Ол бұл қашықтықты бағындырған Азиядан шыққан алғашқы әйел спортшы. Бұл марафонды өзі «өте ауыр, бірақ, маңызды тәжірибе» деп бағалаған.

Бұған дейін ол 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, Қазақстан намысын қорғап, спринт, эстафета және 30 шақырымдық марафон жарыстарында бақ сынаған. 2023 жылғы Дүниежүзілік Универсиадада эстафетадан қола жүлдегер атанды. Ал, былтыр қысқы Азия ойындарында  Қазақстан құрамасының сапында күміс жүлде иеленді.

Ксения Владимировна ШАЛЫГИНА – шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР ұлттық құрамасының мүшесі, ҚР чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері, Дүниежүзілік қысқы универсиаданың екі дүркін қола жүлдегері, IX қысқы Азия ойындарының эстафетадағы күміс жүлдегері.

Ол 1998 жылы  Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында дүниеге келген. Жеке жаттықтырушысы – шаңғыдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Борцов. Шаңғы спортымен бала кезінен, мектеп қабырғасынан бастап айналысқан. Оның кәсіби деңгейге көтерілуіне өңірдегі Олимпиада резервін даярлау орталықтары мен Щучинск қаласындағы спорттық базалар үлкен әсер етті. Халықаралық шаңғы федерациясының (FIS) ресми тізіліміне сәйкес, Ксенияның халықаралық деңгейдегі алғашқы ресми жарыстары 2014-2015 жылдардан басталады. Ол жасөспірімдер арасындағы республикалық және халықаралық турнирлерде ерте көзге түсті. 2010 жылдардың ортасынан бастап Қазақстанның жастар құрамасына қабылданып, кейіннен ересектер ұлттық құрамасының сапына нық орнықты.

2025 жылғы Қысқы Азия ойындарында Ксения еліміз үшін бұл доданың басты жұлдыздарының біріне айналды. Ол эстафеталық жарыста командалық күміс жүлдеге ие болып қана қоймай, жекелей сында да үздік бестікке енді. 2023 жылғы Дүниежүзілік Универсиада оның жеңіс жолындағы ең жарқын сәттерінің бірі. Ол эстафетада қола медаль иеленді. Олимпиадалық жетістіктеріне келсек, 2022 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, Қазақстан намысын қорғады. Бұл оның спорттық аренадағы алғашқы үлкен қадамы болды. Классикалық жүріспен сырғанауда ерекше техникасымен көзге түскен шаңғышыны мамандар «қашықтықты сезіне білетін» спортшы ретінде бағалайды.

Screenshot

Анна Игоревна МЕЛЬНИК – шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР ұлттық құрамасының мүшесі, Қазақстан Республикасы чемпионаттарының сан дүркін жеңімпазы мен жүлдегері.

Ол 1998 жылы Щучинск қаласында туып, спорттық жолын сол жердегі шаңғы базасында бастаған. Қазіргі таңда Ақмола облысының намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүр. Жеке жаттықтырушысы –  шаңғыдан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Олег Коломеец.

Анна 2026 жылдың қаңтар айында Қытайда өткен беделді «Vasaloppet China» халықаралық шаңғы марафонында 25 шақырымдық қашықтықта жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. Бұл оның халықаралық деңгейдегі ең ірі жеңістерінің бірі. 2025-2026 жылғы маусым Анна үшін өте сәтті басталды. Халықаралық шаңғы және сноуборд федерациясының қорытындылары бойынша ұпайларының жақсаруы оны әлемдік рейтингте алдыңғы қатарға шығарды. Бұған дейін Таиландта өткен халықаралық старттарда масс-старт, спринт және классикалық стильдегі жекелей жарыстарда бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінген. Сондай-ақ, Щучинск қаласында өткен Азия кубогы кезеңдерінде де жеңімпаз атанған. Бұған қоса, Қазақстан құрамасының сапында Финляндия (Рука), Норвегия (Тронхейм) және Швейцария (Давос) кезеңдерінде ел намысын қорғап, әлемдік деңгейдегі үздік шаңғышылармен бәсекеге түскен. Бұған қоса, 2023 жылғы лыжероллерден Әлем кубогының жалпы есебінде қола жүлдегер атанғаны тағы бар.

Сонымен, Ақмола облысының спортшылары XXV қысқы Олимпиада ойындарына жоғары дайындықпен және зор үмітпен аттанып кетті. Еліміздің спорт жанкүйерлері, барша отандастары олардың Италия төрінде лайықты өнер көрсетіп, Қазақстан абыройын асқақтатады деп сенеді!

 Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар