Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен білім басқармасының бөлім басшылары Болат Мейрамов пен Айгүл Магавинаның қатысуларымен балалар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының іске асырылу барысы туралы брифинг өтті.
Брифинг барысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан бастама туралы айта келіп, ол қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруды көздейтіні еске салынды.
Бұл ретте, экологиялық мәдениетті дамытуға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында Ақмола облысының мәслихаты 2029 жылға дейінгі облыстық іс-қимыл жоспарын бекіткені белгілі. Жоспар экологиялық ойлау, экологиялық білім беру және экологиялық ағарту бағыттарын қамтитын үш негізгі бағыт бойынша 40-тан астам іс-шарадан тұрады. Олардың барлығы тиісті мемлекеттік мекемелерге жүктеліп, бекітілген.
Болат Мейрамов брифинг барысында осы мерзімге дейін облыс бойынша 31 мың іс-шара іске асырылғанын айтып өтті. Оның сөзінше, бағдарламаға 700 мыңнан астам ақмолалық қатысып, нәтижесінде саябақтар, скверлер мен аулалар қоқыстан тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылған. Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштер ретке келтіріліп, барлығы 86 988 тонна қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, елді мекендерді көгалдандыру аясында 182 мың ағаш отырғызылып, Көкшетау және Степногорск қалаларында жасыл желектерді күтіп баптау жүргізілген. Әрине, бұл көрсеткіштер өз кезегінде облыс тұрғындарының экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысып отырғанын аңғартады.
Ал, 2026 жылы 37 мың іс-шараны іске асыру көзделген. Қоғамдық орындарды күнделікті тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен қатар, экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камераларының санын арттыру, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жобаларын іске асыру, экологиялық сана мен тәрбиеге бағытталған ақпараттық, мәдени және ағартушылық іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр.
Жоба аясында «Таза қала», «Таза жағалау» сынды санитарлық акциялары, «Жасыл аула», «Жасыл соқпақ», «Өз ағашыңды отырғыз» шараларымен қатар, «Экология балалардың көзімен: Таза Қазақстан» байқауларын, мектептер мен оқу орындарында «Табиғат – біздің қолымызда» тақырыбында эко-сағаттар, интернет кеңістігінде экологиялық флешмобтар өткізу көзделген. Сонымен қатар, үздік тәжірибесі бар азаматтар мен ұжымдарды ынталандыру мақсатында аудандық және қалалық «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» байқауларын өткізу жоспарлануда. Жеңімпаздар үшін қомақты қаржылай көтермелеу қарастырылып, бұл елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартуға тиімді ынталандырушы фактор болады деп күтілуде.
Мәселен, өткен жылы бұл бағытта «Таза аула» және «Үлгілі ауыл» байқауларында Көкшетау мен Ақкөл ауданы жоғары нәтиже көрсетті. Аталған байқау аясында жеңімпаз атанған Новорыбинка ауылына 25 миллион теңге көлемінде балалар-спорт алаңын салуға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, «Ғимараттың іргелес аумағы мен қасбетін үздік абаттандыру» байқауы аясында бірқатар аудандарға 10 миллион теңге көлемінде қаражат бағытталды.
Ағымдағы жылы елімізде «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылу барысын мониторингтеу орталығы құрылды. Құрамына Ақмола облысының әкімі кірген орталықтың негізгі міндеті іс-шаралардың орындалуын бақылау, ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмалардың жүзеге асырылуын мониторингтеу және мемлекеттік органдардың есептерін тыңдау болып табылады.
–Бұл ретте, сонымен қатар, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қазақстан Республикасы «әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 505-бабы және басқа да бірқатар баптары бойынша жергілікті атқарушы органдарға құқық қолдану тетіктері берілген. Айыппұлдар жергілікті бюджетке түсіп, өңірдің дамуына қайта бағытталады, – деді Болат Мейрамов брифинг барысында.
Сонымен қатар, брифинг барысында Ақмола облысында білім беру ұйымдарындағы балаларға арналған экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарының жүргізілу барысы Ақмола облысы білім басқармасының қамқоршылық және тәрбиелік жұмыс бөлімінің басшысы Айгүл Магавина айтып өтті.
–Мектепке дейінгі ұйымдарда балалар қоршаған ортамен танысу сабақтары арқылы, ал мектептерде география, биология және табиғаттану пәндері арқылы экологиялық тәрбие алады. Біз балаларды табиғатты қадірлеуге, қоршаған ортаны қорғауға үйрету арқылы олардың әлеуметтік және азаматтық мәдениетін қалыптастырамыз. Бұл шаралар «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, оқушыларды қоршаған ортаны сақтауға үйретуге бағытталған, – дейді Айгүл Магавина.
Брифинг барысында «Таза Қазақстан» тұжырымжамасы бойынша барлық деңгейдегі әкімдіктер мен мемлекеттік мекемелердің алдына жоспарланған шараларды сапалы өткізу міндеті қойылғаны айтылды. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды құралы ретінде атқарылып жатқан жұмыстарды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау қажеттігі атап өтілді.
Экологияға жауапкершілікпен қарау тек тазалық мәселесі ғана емес, аймақ экономикасы мен әлеуметтік жағдайына да әсер ететін мәселелердің бірі. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» бастамасы Ақмола облысында нақты істермен жалғасып, қоғамның экологиялық санасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталатынына сенім мол.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

