Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ерлан ЖАРКЕШОВ: «Өңірге инвестиция тартудан да көш басындамыз»

ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУ

Өткен 2025 жылдың қорытынды нәтижесінде біздің облыс инвестицияның өсу қарқыны бойынша өңірлер рейтингісінде бірінші орынға шыққаны белгілі. Осы ретте, облысқа инвестиция тартудың басым бағыттары мен маңызы туралы облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовпен кездесіп,  әңгімеге тартқан едік.

– Ернар Серікбайұлы, былтырғы қорытынды нәтижелер бойынша облысымыз жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізгені белгілі. Қазір жағдай қалай?

– Ақмола облысы өсім қарқыны бойынша елде 52,3 пайыздық көрсеткішпен көш бастап тұр. Бұл егіннің өнімділігімен ғана емес, сонымен қатар, Үкімет отырысында ерекше атап өтілгеніндей инвестициялық белсенділіктің артуымен де байланысты. Былтырғы жылдың қорытындысына сүйенсек, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 926,9 миллиард теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе жоғары нәтиже. Ал, жеке инвестициялардың үлесі 71 пайызды құрап, бұл өңір экономикасын дамытуға жеке сектордың белсенді қатысып жатқанын көрсетеді.

Әр салаға жекелей тоқталсам, инвестицияның негізгі үлесі немесе 33,7 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлік арқылы жасалатын операциялар, көлік және ауыл шаруашылығы,  құрылыс салалары да алдыңғы қатарда. Осылайша, Ақмола облысы инвестицияның өсу қарқыны бойынша 153,1 пайызды нақты көлем индексімен Қазақстан өңірлері арасында көшбасшы атанды.

Әрине, бұл кездейсоқ орын алған нәтиже емес, стратегиялық тұрғыдан дұрыс құрылған, жүйелі жұмыстың жемісі. Бұл ретте, облыс әкімінің әрбір ірі инвестициялық жобаны жеке бақылауына алып, инвесторлармен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуының да маңызды рөл атқарып отырғандығын атап өткен жөн.

Инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейі экономиканың басты бағыттарындағы серпінді дамуды, өндіріс әлеуетінің кеңеюін және отандық, шетелдік инвесторларға арналған қолайлы бизнес-ортаның қалыптасқанын көрсетеді.

– Қазіргі уақытта облыста қандай ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда?

– Бүгінгі таңда облыста іске асырылып жатқан негізгі жобалардың қатарында «Dalian Hesheng» және «Hopefull Grain & Oil Group» компанияларының астықты терең өңдеу зауыттары, «Zijin Mining» компаниясының Райгородок кен орнын игеру жобасы, сондай-ақ, Есіл ауданындағы «East Hope» компаниясының бидай өңдеу жобасы бар. Бұл жобалардың жалпы инвестициялық көлемі 500 миллион долларға жетеді және мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

– Өңірге инвестиция тартуда индустриялық аймақтардың орны қаншылықты маңызды?

– Индустриаялдық аймақтар өте маңызды әрі қажет. Олар инвестициялық жобаларды жеделдетудің басты құралы болып отыр, әрі ол Президенттің қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы еді. Бұл аймақтар арқылы тартылатын инвестициялық жобаларда бірінші кезекте елорда маңындағы аймақтарға басымдық беріледі. Облыс әкімінің тапсырмасы аясында Целиноград, Шортанды аудандары мен Қосшы қаласының индустриялық аймақтары «Aqmola» республикалық индустриялық аймағымен біріктірілуде. Басқарушы компания ретінде «Aqmola Industry» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленді.

Мұндай тәсіл Астана агломерациясын дамытуға, маятниктік миграцияны азайтуға, елорданың азық-түлік белдеуін қалыптастыруға және оны құрылыс материалдарымен, соның ішінде кірпішпен және басқа да өнімдермен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

– Осы индустриялық аймақтардың ішінде қазіргі уақытта сәтті дамып жатқан аумақтарды айта аласыз ба?

– Аршалы ауданындағы республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы қазірдің өзінде ірі инвесторлардың орталығына айналып, ұлттық деңгейдегі толыққанды өнеркәсіптік кластер ретінде қалыптасуда. Бүгінгі таңда құны 1 триллион теңгеден асатын, 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 6 жобадан тұратын инвестициялық қоржын жасақталды.

Ал, Көкшетаудағы «Kokshe Industry» индустриялық аймағында «Кирзавод» кірпіш зауыты мен «КАИК» кәсіпорнының жобалары іске асырылуда, онда 300-ге жуық жұмыс орны ашылады. Степногорск қаласында шикізатты қайта өңдеуге, металлургияға, машина жасауға және тамақ өнеркәсібіне бағытталған индустриялық аймақ құрылды.

Инвесторларды қолдау үшін облыста Өңірлік үйлестіру кеңесі, Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Сондай-ақ, Астанада «Aqmola Invest» инвестиция тарту орталығы және оның Нанкин қаласындағы (ҚХР) өкілдігі ашылды.

Осы күнге дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесі қандай?

– Өткен жылы Өңірлік үйлестіру кеңесінің 10 отырысы өтіп, онда жалпы инвестиция көлемі 1,1 триллион теңгеден асатын 21 жоба қаралды. Сонымен қатар, Инвестициялық штабтың 4 отырысында мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, инвесторлардың инфрақұрылымнан бастап жер мәселелеріне дейінгі түйткілдері жедел шешілді.

Дәл осы жұмыс моделі өңірдің тұрақты экономикалық өсуінің берік іргетасын қалайды, жаңа жұмыс орындарын ашуды, заманауи өнеркәсіпті дамытуды және облысымыздың инвестициялық тартымдылығын ұзақ мерзімді перспективада нығайтуды қамтамасыз етеді.

Сұхбатыңызға көп рахмет!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар