ТАРИХИ МҰРА
Ақмола облысының тарихи-мәдени мұрасын зерделеу бойынша жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде өңірдің киелі орындар картасы бірқатар жаңа нысандармен толықтырылды.
Өңірлік маңызы бар ескерткіштер тізіміне ғасырлар бойы халық арасында ерекше құрметке ие болған әулие, би және рухани тәлімгерлердің есімдерімен байланысты Ерейментау ауданының киелі орындары енгізілді.
Бұл киелі нысандар көне тарихтан сыр шертетін ескерткіштер ғана емес, олар бүгінгі күнге дейін жергілікті тұрғындар мен өлке қонақтары үшін де тартымды орталық ретінде қызмет етеді.
Осындай орындардың бірі Ерейментау қаласынан 78 шақырым жерде, Жолбасшы ауылында орналасқан әулие Құлболды Шуманақұлының мазары. Әулие Құлболды батырдың мазары 1999 жылы тұрғызылған, алайда жерлеудің өзі XVI ғасырға жатады. Ғимарат қызыл және ақ кірпіштен жасалған, ескерткіштің аумағы абаттандырылған және металл қоршаумен қоршалған.
Сондай-ақ, киелі тізім Байсары ауылынан 2,5 шақырым жерде орналасқан Қозған Түйте әулиенің мазарымен толықтырылды. XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген Қозған Түйте Әулие қасиетті және рухани тәлімгер ретінде танымал болған. 2007 жылы Дәулет Бекмағанбетовтің бастамасымен мұнда мазар орнатылса, ал, 2016 жылы ескерткіш тақта мен күмбез қойылды, сөйтіп қасиетті нысанның мемориалдық ансамблі құрылды.
Ерейментаудың солтүстік-шығысына қарай 24 шақырым жерде Қоржынкөл ауылының маңында орналасқан Бапан бидің жерленген жері де киелі нысандар картасында ерекше орын алады. 1755-1848 жылдар аралығында өмір сүрген Бапан би тарихқа данагөй, шешен, әділ би және өз халқының шынайы патриоты ретінде кірген. Оның айтып кеткен шешендік сөздері халық ауыз әдебиетінде күні бүгінге дейін сақталған және қоғамның құқықтық мәдениеті мен өмірлік философиясын бейнелейді. Жерлеу алаңы төртбұрышты, орнатылған ескерткіш тастың биіктігі шамамен 1,2 метр. Құлпытас табиғи тастан жасалған, маңайы қоршалған. Тасты 2023 жылы Бапан бидің ұрпақтары осы киелі орынға келіп, орнатты.
Ерейментау ауданы Тұмсық ауылының Керегетас жеріндегі зиратта жерленген Тоқан Хазіреттің мазары киелі нысандар тізіміне енгізілген тағы бір қасиетті орын болып табылады. 1851-1916 жылдар аралығында өмір сүрген көрнекті тұлға Тоқмағамбет Домаұлын халық арасында Тоқан Хазірет деп атап кеткен. Мазардың қоршауы табиғи тастан жасалған. Бүгінгі таңда ұрпақтары дәстүрлі көшпелі тұрмыс салтының нышаны – киіз үй түрінде мемориалдық нысан тұрғызды. Оның қабырғалары мен күмбезі тот баспайтын болат пен жезден дайындалған.
Бұл нысандарды ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындысы бойынша киелі нысандар тізіміне енгізу тарихи жадыны сақтаудағы, рухани құндылықтарды дәріптеудегі және ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңызды қадам болып табылады. Ерейментау өлкесінің киелі орындары аймақтың бай тарихы мен рухани бастауларын еске түсіре отырып, Ақмола облысының мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып қала береді.
Гүлмира ЖАМАНОВА,
Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
орталығының бөлім меңгерушісі.
![]()

