Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Бірлігіміз әралуандылықта» атты кездесу болып өтті. Басты мақсаты – биыл жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасында талқылап, жиналған қауымның ой-пікірін білу.
Маңызды жиынға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, Ақмола ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Жиынды «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов ашып, конституциялық реформаның тарихи маңызына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде бұл құжаттың азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен көптеген ұсыныстарды мұқият талдаудың нәтижесінде пайда болғанын атап өтті. Жаңа Ата Заң жобасы – ашық қоғамдық талқылаулардың және жаңа нормаларды жан-жақты пысықтаудың жемісі.
Конституциялық реформаның негізі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасынан бастау алды. Президент бұл стратегиялық идеяны екі мың жиырма бесінші жылғы сегізінші қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында жариялаған болатын. Бұл қадам елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беруді көздейді.
Кездесуде алғашқы болып сөз алған қоғам белсендісі және саясаттанушы Асылбек Баяжұма жаңа реформалардың халықтың мүддесіне сай келетінін айтты. Ол өз сөзінде Конституцияның жаңа мәтіні мемлекеттің бірінші кезекте адамға қызмет етуіне, оның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын баса айтты. Сонымен қатар, Ғылыми-сараптамалық топтың үйлестірушісі Тілектес Нұрсейітов жаңа түзетулерге ғылыми тұрғыдан баға беріп, саяси институттардың жұмыс тиімділігін арттырудағы маңызын түсіндірді.
– Шынында да, бұл – еліміз үшін маңызды кезең. Өзгерістер өте ауқымды. Әсіресе, отбасы мен неке институтын қорғау, ғылым мен білім саласын дамыту мәселелері нақты айқындалған. Геосаяси тұрақсыздық уақытында мемлекетіміздің унитарлылығы мен зайырлылығын сақтау – басты міндет. Сондай-ақ, қоғамда үлкен резонанс тудыратын онлайн-кредиттер мен банктік дереккөздерге қатысты нормалардың Конституция деңгейінде қарастырылуы заң қабылдау процесін жеңілдетеді Соның бәрі қоғамда көп шу туғызады. Сондықтан да, осының бәрі Конституцияда айтылса, заң қабылдау да жеңіл болады. Кейін өзгеріс енгізуге де болады. Елімізде тұрып жатқан халықтың жетпіс бес пайызы қазақтар болғандықтан, тіл де дамып келе жатыр. Бірақ, арандатушылыққа жол бермеу керекпіз. Ббізге қазір өркендеу, тұрақтылық маңызды, – дейді Асылбек Баяжұма сөз барысында.
Этникалық топтар арасындағы бірлік мәселесі де назардан тыс қалмады. «Вайнах» Ақмола облыстық шешен-ингуш қоғамының төрағасы Герихан Яндиев жаңа Конституцияның қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы рөлі туралы өз ойымен бөлісті. Ол мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл өзгерістер әрбір этностың құқығын тең сақтап, елдегі азаматтық келісімнің іргетасын бекіте түсетініне сенім білдірді.
– Еліміз жаңа тарихи кезеңге қадам басып отыр. Жаңа Конституциямызда адам құқықтары мен бостандығы басты құндылық екенін ескеруге тиіспіз. Біз көпэтносты мемлекет болғандықтан, басты құндылығымыз бірлік. Ассамблеяға қарсы болғандар да болды. Енді жаңа институт – Халық Кеңесі құрылады, – дейді Герихан Яндиев .
Диалогтық алаң «еркін микрофон» форматында жалғасып, қатысушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Талқылау барысында айтылған әрбір идея мен ескерту алдағы уақытта негізгі Заңның ережелерін халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарына негіз болады. Жиынды қорытындылай келе, Қуаныш Шақшақов ашық диалогқа қатысқан барлық азаматтарға алғыс айтып, мұндай кездесулер конституциялық реформаларға деген саналы көзқарасты қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі.
![]()

