Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық академия қабырғасында «Жаңа Конституция: Заң. Мамандық. Жауапкершілік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Еліміздегі конституциялық реформаларға байланысты ұйымдастырылатын референдумның мән-маңызын түсіндіруге арналған алқалы басқосуға академия ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбілмәжін Аюлов, «Байтақ» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Асылбек Баяжұма, ардагер ұстаз Қайрат Бешімов, оқу орнының ұстаздары мен студент жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан аталған оқу орнының ректоры Әбілмәжін Аюлов жаңа Конституция жобасының ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
–Негізгі заң мемлекеттіліктің іргетасы.Ұсынылып отырған жоба уақыт талабына жауап беретін, адам құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде айқындайтын құжат. Бұл құқықтық мемлекет құру жолындағы нақты қадам, – деді ол.
Сонымен қатар, қатысушылар тарапы бұл жаңа Ата Заң жобасы «Күшті Президент – ықпалды Парламент, Есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырып, саяси жүйенің тұрақтылығын нығайтуға бағытталғандығына тоқталды. Сондай-ақ, құжатта қоғамдағы әлеуметтік, саяси және экономикалық өзгерістер ескеріліп, ел дамуының жаңа бағдарлары белгіленгені айтылды.
Жиында Асылбек Баяжұма конституциялық реформа қоғам сұранысынан туған үдеріс екенін жеткізе келе:
– Жоба кең ауқымды талқылаудан өтті. Азаматтардан, партиялар мен қоғамдық ұйымдардан мыңдаған ұсыныстар түсті. Бұл еліміздегі демократиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанының айқын көрінісі, – деді. Ал, ардагер ұстаз Қайрат Бешімов Конституцияның тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Заңға құрмет – елге құрмет. Әсіресе, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – уақыт талабы. Бүгінгі талқылау соның бір дәлелі, – деді ол өз сөзінде.
Бұл кездесуде студенттер де белсенділік танытты. Олар заң үстемдігі, кәсіби жауапкершілік және азаматтық ұстаным туралы ой бөлісті.
Студент Карина Жұмашова:
– Біз үшін Конституция – тек құқықтар жиынтығы емес, болашаққа берілген кепілдік. Референдумға қатысу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, – десе, студент Александра Гомонова:
– Ашық талқылау форматы жастардың пікірін еркін жеткізуіне мүмкіндік берді. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам, – деп атап өтті.
Ашық пікір алмасу форматында өткен басқосу барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының мазмұнын талқылап, құқықтық мемлекет құрудағы әр азаматтың рөлі туралы ой қозғады. Жиын соңында ұйымдастырушылар барша қатысушыларды 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға белсенді қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

