Ескерткіштер – елдіктің белгісі

ТАРИХИ МҰРА

Ақмола облысы қазақ даласының рухани қазынасы мен ұлттық мұраларының алтын бесігі. Облыс аумағындағы сақталған тарихи және мәдени ескерткіштер өткеніміз бен бүгінімізді жалғап тұрған көпір іспетті.

Бұл мұраны көздің қарашығындай сақтау – тек тарихи парыз ғана емес, ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың кепілі.

Бүгінгі таңда Ақмола өңірінде 1811 тарихи және мәдени ескерткіш, соның ішінде республикалық маңызы бар 6, жергілікті маңызы бар 1034 ескерткіш, сондай-ақ, алдын ала есепке алынған 771 нысан бар. Олардың әрқайсысы өңіріміздің көпғасырлық даму жолын айқын көрсетеді. Ерекше назар аударуды қажет ететін 54 киелі нысан халықтың рухани дәстүрлері мен тарихи жадын сақтауда маңызды рөл атқарады.

Осы бірегей мұраны сақтау, зерделеу және кеңінен насихаттау мәдениет басқармасы жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Біздің ортақ міндетіміз – бұл баға жетпес құндылықты келер ұрпаққа аман жеткізу, оның тиісті деңгейде қорғалуын және өңірдің заманауи мәдени өміріне ықпалдастырылуын қамтамасыз ету.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері тек мәдени маңызға ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік мәнге де ие. Тарихи-мәдени ескерткіштер ұлттық сананы қалыптастырады, азаматтық бірегейлікті нығайтады, халықтың рухани-адамгершілік тәрбиесіне және өңірлердің дамуына ықпал етеді. Осыған байланысты Ақмола облысының мәдениет басқармасы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану және насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Қазақстан Республикасында тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау  Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен реттеледі. Аталған заң тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану және сақтау тәртібін, қорғау аймақтарын белгілеу қағидаларын, сондай-ақ, меншік иелері мен мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

Біздің жұмысымыздағы негізгі бағыттың бірі – облыстағы барлық аудандар мен қалалар аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерге жыл сайын мониторинг жүргізу. Мониторинг кезінде біз объектілердің техникалық жай-күйін бағалап, олардың сақталуына төнетін қауіптерді анықтаймыз, қорғау талаптарының сақталуын бақылаймыз. Зерттеу нәтижелері бойынша талдамалық материалдар әзірленіп, жөндеу-реставрациялық жұмыстарды жүргізу жөніндегі ұсыныстар жасаймыз.

Археологиялық мұраны сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Құрылыс жұмыстары мен аумақтарды игеру белсенді жүргізіліп жатқан жағдайда археологиялық нысандарды қорғау аса өзекті болып отыр. Осыған байланысты ескерткіштердің жойылып кетуіне жол бермеу, оларды ғылыми тұрғыда тіркеу және зерделеу мақсатында археологиялық қорғау-құтқару жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыру барысында тарихи-мәдени факторды ескеруге және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тарихи-мәдени мұраны насихаттау – халық арасында тарихи-мәдени ескерткіштерге ұқыпты әрі жауапты көзқарас қалыптастыруға бағытталған маңызды қызмет бағыты болып табылады. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, ғылыми-практикалық, зерттеу, мәдени-ағартушылық акциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар шеңберінде жүзеге асырылады. Аталған бағыт аясында халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар мен материалдар жарияланып, жұртшылықтың хабардарлығын арттыруға және мұраны сақтау ісіне қоғамдық қатысуды күшейтуге ықпал етеді.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласын одан әрі дамыту бойынша алдағы жоспарларға тоқталатын болсақ, ескерткіштердің жай-күйін бақылау үшін цифрлық есепке алу құралдарын, фотограмметрияны, GIS-технологияларды және дрондарды енгізу арқылы мониторинг жүйесін жетілдіруді көздеп отырмыз. Сонымен бірге, аумақтарды белсенді игеру жағдайында археологиялық зерттеулер мен қорғау-құтқару жұмыстарын кеңейту, ескерткіштерді қорғау және реставрациялау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығын арттыру, жергілікті атқарушы органдармен, ғылым салаларымен және қоғамдық бірлестіктермен ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, мәдени және тарихи туризмді дамыту, білім беру маршруттарын қалыптастыра отырып, жастарды тарихи мұраны зерделеу мен сақтау жобаларына тарту секілді мәселелер де жоспарымызда бар. Бұл аталған шаралардың барлығы тарихи-мәдени мұраны басқарудың жүйелі, орнықты және заманауи моделін қалыптастыруға, бірегей нысандарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға және оларды өңірдің әлеуметтік-мәдени өміріне тиімді кіріктіруге бағытталуы тиіс.

Қорытындылай келе, біздің басқарма алдағы уақытта да тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, пайдалану және кеңінен насихаттау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, олардың қорғалуын қамтамасыз етуге және өңірдің рухани әрі әлеуметтік өміріндегі рөлін нығайтуға күш салатын болады.

Айгүл СӘБИТОВА,
Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы.

сурет el.kz сайтынан

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар