Табиғатқа салған лаңы жауапсыз қалдырмады

БРАКОНЬЕРЛІКПЕН КҮРЕС

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір Жолдауында еліміздің табиғи байлығын қорғауды басты басымдықтардың бірі ретінде атап көрсетіп келеді.

Президентіміз «Табиғатқа деген жыртқыштық қатынас – бұл болашағымызға жасалған қастандық» деп қадап айтқанындай, қоршаған ортаға зиян келтірушілерге қарсы заң талаптары қазіргі таңда айтарлықтай қатаңдатылды.

Осының айқын дәлелі ретінде Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған кезекті қылмыстық істі атап өтуге болады. Сот Бурабай ауданының тұрғындары Б. және М.-ға қатысты ерекше қорғалатын табиғи аумақта балық ресурстарын заңсыз әрі жаппай қырып-жою тәсілімен аулағаны үшін (ҚР ҚК-нің 335-бабы, 4-бөлігі, 1-тармағы) үкім кесті.

Тергеу барысында анықталғанындай, аталған азаматтар ерекше қорғалатын аймаққа жататын Жөкей көлінде ешқандай рұқсатсыз (лицензиясыз), ұсақ көзді ауларды пайдаланып, 450 келі сазан мен мөңке балығын заңсыз аулаған. Браконьерлер мемлекетке 5,7 миллион теңге көлемінде ірі материалдық шығын келтірген. Мемлекеттік ұлттық табиғи парк инспекторларының қырағылығымен қылмыс үстінде ұсталған олардан тінту кезінде 14 балық аулау торы мен 19 қап балық тәркілеген.

Сот отырысында айыпталушылар Жөкей көлінде тормен балық аулауға тыйым салынғанын білгендерін мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді және мемлекет шығынын толық өтеді. Сот үкім кесу кезінде айыптылардың шын жүректен өкінуін, шығынды өтеуін, бірінің жас баласы барын, екіншісінің жас екенін ескерді. Дегенмен, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда балықты жаппай қырып-жою тәсілімен аулау – табиғатты қорғау заңнамасын өрескел бұзу және ауыр зардаптарға әкелетін әрекет болғандықтан, сот шешімімен Б. және М.-ның әрқайсысына 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

сурет inbusiness.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар