Өндірісте жазатайым оқиғаларға жол берілмеуі тиіс

ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ

2026 жылдың 24 ақпанында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда өткен жылдың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған стратегиялық міндеттер айқындалды.

Бұл маңызды жиында еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек дауларын реттеу және өндірістік жарақаттануды азайту мәселелері басты назарға алынды. Осы орайда, Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті өңірдегі жұмысшылардың құқықтарын қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарып келеді. Департамент мамандары прокуратура және өзге де құзырлы органдармен бірлесе отырып, еңбек саласындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуде.

Өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша еңбек инспекторлары облыс аумағындағы 287 кәсіпорын мен ұйымды тексеріп, нәтижесінде 358 заң бұзушылықты анықтады. Оның ішінде еңбек қатынастарына қатысты 313 дерек, еңбек қауіпсіздігі бойынша 44 жағдай және халықты жұмыспен қамту саласында 1 бұзушылық тіркелді. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында жұмыс берушілерге 209 нұсқама беріліп, өрескел заң бұзушылықтар үшін 112 лауазымды және заңды тұлғаға жалпы сомасы 18 385,7 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, департаментке келіп түскен 1957 өтініштің дені, атап айтқанда, 1877-сі еңбек қатынастарына қатысты болғаны қоғамдағы құқықтық кеңеске деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Өкінішке қарай, алдын алу шараларына қарамастан, 2025 жылы өндіріспен байланысты 50 жазатайым оқиға орын алып, 57 адам зардап шекті, оның 8-і өліммен аяқталды. Бұл оқиғалардың негізгі себептері ретінде жұмыс өндірісінің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы және жеке қорғану құралдарының қолданылмауы атап өтілді. Барлық жағдай бойынша арнайы тергеулер жүргізіліп, материалдар ішкі істер органдарына жолданды.

Дегенмен, облыста еңбек қауіпсіздігін нығайту бағытында оң үрдістер де бар. Мәселен, 63 кәсіпорында еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау өтіп, 912 ұйымда өндірістік кеңестер құрылды. «Атбасар электровоз жөндеу зауыты» секілді ұжымдар «Сенім сертификатын» иеленсе, 3474 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану-Vision Zero» тұжырымдамасын қолдап, меморандумдарға қол қойды.

Ерекше атап өтерлік жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облыстың 5 ірі кәсіпорнында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Бұл жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандар бейнебақылау арқылы қауіпсіздік техникасының сақталуын қадағалап, әрі қоғамға бейімделуде, әрі өндірістегі тәртіпті күшейтуде. 2026 жылдың басына қарай облыста 6069 ұжымдық шарт қолданыста болса, еңбек дауларының тіркелмеуі де жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Алдағы 2026 жылға арналған міндеттер де ауқымды, айталық, еңбек шарттарын цифрлық жүйеде 100 пайыз тіркеуді қамтамасыз ету, ұжымдық шарттарды цифрландыру және жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды толық жүзеге асыру қажет. Бұл мақсаттарға қол жеткізу әрбір ақмолалық жұмысшының қауіпсіз әрі лайықты еңбек етуіне кепіл болмақшы.

 Ерлан АБЖАТОВ,
ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы
комитетінің Ақмола облысы бойынша
                            департаменті РММ-нің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар