АНА БАҚЫТЫ
Бүгінде шырайлы шаңырағының берекесі мен сәнін келтіріп, тамырын тереңге жайып, мәуелі бәйтерекке айналған аяулы жан, алтын құрсақты ана Мақыш Малғаждарованың өнегемен өрілген өмірі жастарға үлгі деп білеміз. Ол өзі дүниеге әкелген он екі баласын ғана мейірім-шапағатына бөлеген ана ғана емес, өзі тұрған ауылдың балаларына да бойындағы жылылық пен сүйіспеншілігін сыйлаған, бала атаулысын бауырына басқан кең жүректі, ақ пейіл, дархан ана.
Көрікті көктем шұғыласын төгіп келгенде, алдымен нәзік жанды әйелдер мерекесі ойға оралады. Осы бір сұлулық пен әсемдік мерекесі қарсаңында қалам ұстаған біздер ана деген атауға лайықты көпбалалы, өнегелі, көреген жандарды іздей бастайтынымыз рас. Жан-жақтан сұрастыра келе, Жарқайыңның баурайында саналы ғұмыр кешіп, өмірін өз бауырынан шыққан балаларына ғана емес, өзгенің де еркелерін еркелете білген, аналық мейіріміне бөлеген жанды іздеп таптық. Ол жоғарыда атап өткеніміздей, Мақыш Мұқашқызы. Оның өнегелі өмір жолы кез келген адамды тебірентпей қоймайды.
Ақ жаулығы желбіреген ардақты ана бүгінде Жарқайың ауданына қарасты Далабай ауылының ұйытқысы, мақтанышы, әулетінің асыл қазынасы. Тағдырдың басқа салған талай сынынан сүрінбей өтіп, шыңдалған кейуана 1939 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданының Берлиновка ауылында дүние келген. Оның балалық шағы соғыстың қатал жылдарымен тұспа-тұс келіп, өз қатарластарымен бірге қара жұмысқа ерте араласқан, сөйтіп, буырқанған өмір өзеннің ағынымен амалсыз ерте есейген.
Асқар тауы – әкесі Мұқаш Бейсенбайұлы Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан шебінде, Берлин түбінде ерлікпен қаза тапқан. Ардақ тұтар анасы да дүниеден ерте озған. Сөйтіп, жалғыз қалып, тағдырдың тауқыметін ерте тартса да, басқа түскен қиындыққа мойымай, сынбаған. Керісінше, ауыртпалықтың бәріне қасқая қарсы тұрып, алға ұмтылған. Тоғыз сыныптық қана білімі бар болса, еңбекке етене араласып, өмір мектебінде шыңдалған.
Нәзік жандылардың бұл жарық дүниеге келуіндегі ең ұлы мұраты – шаңырақтың шырағын жағып, өмірдің өшпес керуенін жалғау емес пе?!. Әйел – жай ғана жар емес, ол – таусылмайтын төзімнің, сарқылмайтын мейірімнің және ұлтты ұйыстыратын ұлағаттың бастауы. Осы ретте, қарт ана:
– Әйел деген ошақтың отын маздатып, бесікті тербете отырып, әлемді де тербетеді. Оның әрбір атқан таңы – отбасының бақыты үшін құрбандық, әрбір басқан қадамы – ұрпағының болашағына салынған сара жол. Ана атану – бұл тек атақ қана емес, бұл – жанқиярлық пен жасампаздықты талап ететін үлкен еңбек, – дейді әңгіме барысында.
Мақыш ананың өмір жолы – дәл осы мақсат-мұраттың орындалған мінсіз үлгісі. Ол тағдырдың дауылына дес бермей, әйел затына тән төзім мен махаббаттың алтын діңгегіне айналды.
Сәл кейінге жылжысақ, әкенің қамқорлығы мен сүйіспеншілігінен кенде болса да, өмірден өз орнын таба білген жас 1957 жылы өмірлік серігі Жалмұқаш Ержанұлымен жолығып, оған тұрмысқа шығады. Жаңа құрылған жас шаңырақтың отын маздатып, енесінің ақ батасын алған Мақыш Мұқашқызы нағыз қазақ келініне тән ибасы мен иманының арқасында көпке үлгі бола біледі. Бүгінде өзінің келіндері мен немере келіндеріне де аналық ақ пейілімен ақыл-кеңесін айтып, тәрбиесін беруде. Бала-шағасының айтуына қарағанда, қыздары қиясына ұшып жатқанда, оларға барған жерін құрметтеп, сыйлауды өсиет етіп отырған. Ұлдары үйленгенде келіндерін қыздарындай құшақ жая қарсы алып, әрқайсысы жеке дара үй болып кеткенше бар ақылын аямаған, олардан сүйген немерелерін аялы алақанында ұстап, мәпелеп, аялаған.
– Қыздарым тұрмысқа шыққанда енеңді өз анаңдай көр, атаңды әкеңдей сыйла. Қариясы бар үйдің қазынасы бар. Олардың ақ батасын алсаң, жолың әрқашан ашық болады. Біз де кезінде иіліп сәлем беріп, үлкеннің алдын кеспей өстік. Солардың ақ батасының арқасында бүгін осылай жайқалып жүрміз деп ақылымды айтып отырдым, – дейді кейуана сөз арасында. Бұл да біле білгенге үлкен тәрбие.
Өмірлік жолдасымен 12 баланы дүниеге әкеліп, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген Мақыш ананың ұл-қыздары бүгінде еліміздің дамуы мен гүлденуі жолында абыроймен еңбек етіп жүрген азаматтар. Перзенттерінің алды елге сіңірген еңбектерінің жемісін көріп, бүгінде зейнет жасына да жеткен. Амангелді есімді ұлы ішкі істер органдарында адал қызмет атқарған беделді тұлға болса, қыздары Зура мен Маржан жас ұрпақты білім нәріне сусындатқан ұлағатты ұстаздар.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Мақыш апа аналық мейірімін тек өз балаларына ғана арнаған жоқ. Ол 1985 жылдан бастап Далабай ауылының балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі болып, еңбек етіп, талай бүлдіршінге аналық жылуын сыйлаған ардақты жан. Ол тәрбиелеген балалар бүгінде ер жетіп, өздері ата-ана болып отыр. Зейнетке шыққанша адал еңбек еткен кейуананы ауылдастары үнемі құрметтеп, қадірлеумен келеді.
Бүгінде сексеннің жетеуін еңсерген Мақыш Мұқашқызы 21 немере, 19 жиен немере, 21 шөбере сүйген ақ әже, тамыры тереңге жайылған саялы бәйтерек. Ұрпағының қызық-қуанышына балаша шаттанып, солардың қол жеткізген жетістігіне ақ көңілімен марқайып отыр. Бұл игіліктің барлығын кейуана өзінің ең үлкен байлығы, ең асыл мұраты санайды. Жасы ұлғайса да, көкірегі қазына, санасы сергек қарт ана өмірлік тәжірибесін ұрпағына өнеге етіп айтып отырады.
Ақ жаулықты қарт әжені әңгімеге тарта отырып, салмақты өмір сүрудің құпиясын сұрадық. Құпия ештеңесі жоқ екен. Тек қандай жағдай болмасын жанымызға адалдық пен сабырлықты ту ету керек екен. Көпті көрген ана: Сабыр – таусылмайтын алтын қазына. Балам, өмір тек майдай жаққан шуақтан тұрмайды. Кейде боран соғады, кейде өткелі жоқ өзен кездеседі. Бірақ, соның бәрінде «сабыр» деген кемені тастама. Сабырлы болу – әлсіздік емес, ол – ішкі қуат. Ашу келгенде тіліңді тісте, қиындық келгенде тізеңді бүкпе. Сәл шыдасаң, қараңғы түннен кейін міндетті түрде жап-жарық таң атады, – дейді. Құтты бір өз қызына, жақынына айтқанындай, шынайы жанашырлықпен жеткізген парасатты ананың осы бір өсиетінен көп нәрсе түсінесің.
Бүгінде біздің замандастарымыз көп балалы отбасы атануды қиын көреді. Материалдық қиындықтарды алға тартып жатады. Ал, кейуана «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейді.
– Көп балалы болу деген таусылмайтын несібеге кенелу ғой. «Баланы қалай асыраймын?» деп қорықпау керек, әр бала өз ырыздығымен келеді. Біз соғыстан кейінгі жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде баламызды жатқа бермедік, таршылықта да тарықпадық. Бала тәрбиесі – ең үлкен құлшылық. Оларға дүние жинап бергенше, бойына ар мен ұятты, адамгершілікті құйып беру керек. Көп балалы ана – жұмақтың кілтін ұстаған бақытты жан ғой, – деп түйіндеді сөзін қарт ана.
«Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» демекші, Мақыш Мұқашқызы сияқты асыл жандар аман болса, еліміздің іргесі бүтін болып, жас шаңырақтарымыз шайқалмайды. Өнегемен өрілген өмірі ұрпағына өшпес мұра. Елдің ертеңі мен ұлттың тәрбиесі дәл осындай алтын құрсақты аналарымыздың ақ тілеуі мен еңбегінде жатыр ғой, шіркін!..
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

