ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Премьер-Лигада өнер көрсететін «Оқжетпес» футбол клубының жаңадан жасақталған құрамының тұсаукесер рәсіміне қатысып, футболшылар мен жанкүйерлерді жаңа ХХVI маусымның басталуымен құттықтады және команда ойыншыларының жүріп-тұруына жаңа, жайлы автобусты сыйға тартты.
Тұсаукесер рәсімі жуырда пайдалануға берілген «Kokshe Mаll» сауда-ойын-сауық орталығында өткізілді. Жанкүйерлерге таныстырылған команда мүшелері мен көпшілік алдында сөз сөйлеген облыс әкімі:
– Өздеріңіз білетіндей, бүгін-ертең жаңа футбол маусымы да бастауын алғалы отыр. Бұл жаңа маусым сіздер мен біздерді өзіндік ерекшелігімен қуантуда. Жуырда ғана облысымызға жұмыс сапарымен келіп кеткен Үкімет басшысы он мың орындық, еуропалық стандартқа сай салынатын жаңа стадионның құрылысын бастауымызға рұқсатын берді. Осы наурыз айының соңына таман бұл спорт құрылысының іргесін көтере бастаймыз деп отырмыз. Биылғы футбол маусымында «Оқжетпес» командасынан күтер үмітіміз мол. Әртүрлі себептерге орай, команда құрамы толық жаңарғанымен, оның қатарындағы тәжірибелі ойыншылар мен жергілікті өз футбол мектебіміздің түлектері намысты қолдан бермейді деген ойдамыз. Командаға облыс, қала басшылығы тарапынан әрқашанда қолдау көрсетілетін болады. «Атың барда – ел арала» демекші, футбол матчтарымен анда-мында жүріп-тұратын футболшыларымызды әуелі әкімшілік тарапынан су жаңа жайлы автобуспен қуантқалы отырмыз. Дана халқымыз: «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп бекер айтпаған. Бүгінгі таңда бізге осы айтылғанның екеуі де керек. Егер команда құрамын жақсылап жасақтап, әр ойында намысты қолдан бермесек, ел біріншілігінде жоғары нәтижеге жетіп, Еуропа Лигасының төрінде ойнауға да толық мүмкіндігіміз бар. Жаңа құраммен және өзіміз сенген бапкерлермен біз міндетті түрде осындай жетістіктерге жетуге ұмтыламыз деген сенімдемін. Бұдан бөлек, мен «Оқжетпестің» жанкүйерлеріне де аса зор алғысымды жеткізгім келеді. Неге десеңіздер, клуб тарихында небір жақсы кезеңдер де, қысылтаяң шақтар да өтті. Соның бәрінде ештеңеге қарамастан, команданы тек қана қолдаумен келесіздер. Сол үшін сіздерге алғысым шексіз, ал, жаңа маусымда сүйікті командамызға тілейтініміз тек қана жеңіс, – дей келіп, «Оқжетпес» футбол клубының президенті Мұрат Тілешевке жаңа автобустың кілтін тапсырды.
«Оқжетпес» клубы – еліміздегі кез келген өзге де футбол клубтары сияқты негізі ХХ ғасырда қаланған, тамыры тереңде жатқан команда. Еліміз тәуелсіздік алғалы клуб негізінен, жоғары топта өнер көрсетіп, жанкүйерлер сенімін ақтаумен келеді. Былтырғы маусымда 34 ұпаймен турнир кестесінде сегізінші орыннан көрініп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жалпы, 1957 жылы құрылған клуб содан бері талай жергілікті жастардың бағын ашып, мыңдаған жанкүйердің ыстық ықыласына бөленді. Жеті онжылдыққа жуық уақыт ішінде клуб бірнеше буын ойыншыларды тәрбиелеп шығарып, олармен жоғары және бірінші топтағы ел біріншіліктерінде тәуір өнер көрсетіп, қайсар мінез бен табандылық таныта білді. Бұйырса, бүгінгі ұжым сапында да ақмолалық 8 футболшы доп теппекші. Команданың бас бапкерлігіне жас та болса осы салада біраз тәжірибесі мен жетістігі бар Ринат Әлуетов тағайындалып отыр.
Президентіміздің еліміздегі футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі Жарлығына сәйкес, қазір республикамызда бірқатар командалар жеке қолға өтуде. Ақмола облысында да осы бағытта алғашқы талпыныс жасалып, «Оқжетпес» клубына биылғы маусымда жүйелі түрде қаржылай көмек көрсетуді қоғамдық қорға біріккен ірі аграрлық құрылым иелері қолға алды. Аталған қордың негізін қалаушы – Қазақстанның Еңбек Ері, «Агрофирма «Родина» ЖШС басшысы Иван Сауэр. Бұл жаңашылдық команданың қаржыландыру мәселесіне оң ықпалын тигізіп, клуб өзінің бар күш-жігерін жоғары топта сәтті өнер көрсетуге ғана бағыттап, қалған жағдайларда қиындық көрмеуіне дәнекер болады деген сенімдеміз.
Соңғы жылдары жерлес футболшылармен мұндай шаралар өткізіле қоймағандықтан болар, осы жолғы бұл игі іске жанкүйерлер тарапынан ықылас-пейілдің ерекше болғандығын да айта кетуіміз керек. Оның үстіне жиналған қауым мен спортшылар үшін әдейі осы тұсаукесерге арнап португалиялық әнші Лара Алейшоның өнер көрсетуі де спорт кешінің айшықты бір сәті еді. Бұл әнші, әсіресе, қазақша әндерімен танымал екендігі де оған деген ықыласты арттыра түскендігі анық.
***
Өздеріне деген осындай ерекше құрметпен жігерленген «Оқжетпес» футболшылары іле-шала 7 наурызда өз алаңында Премьер-Лигадағы жаңадан басталып жатқан Қазақстан чемпионатының алғашқы ойынын да өткізіп, ел футболының Отаны – Семейдің «Елім-ай» командасымен бақ сынасты. Жылда ауа райының бұл мезгілдегі қолайсыздығына байланысты «Оқжетпестің» алғашқы ойындары үнемі сырт алаңдарда өтіп, жанкүйерлер көңілін жабырқатумен болатын. Бұл жолы бәрі басқаша болып, бір жарым ай бойы «Оқжетпес» стадионының қызметкерлері мен клуб мүшелерінің стадионды сақадай сай әзірлікке келтіруіне байланысты біріншіліктің басы өзімізде басталып, халық бұл жағынан да үлкен бір қуанышты бастарынан кешті. Сөйтіп, осы көтеріңкі көңіл-күймен стадионға көптеп жиналып, біріншілік шымылдығын ашқан «Оқжетпесті» қолдап, қайрап бақты.
Бұл ойынды тамашалауға облыс, қала басшыларының келгенін көзіміз шалды. Есепті 17-інші минутта қонақтардың шабуылшысы, Қазақстан құрама командасының мүшесі Иван Свиридов ашты. Алайда, оқжетпестіктер өз жанкүйерлері алдында намысты қолдан бермеуге тырысып, ақыры, мұның аяғы екінші таймның орта тұсында белді ойыншымыз Оралхан Өміртаевтың қарымта голына барып ұласты. Сөйтіп, құрамында 20 ойыншысы, соның ішінде 5 легионері бар «Оқжептес» өз тілеулестерін жерге қаратпай, біріншіліктегі алғашқы ұпайына ие болды. Команданың толық жасақталуына әлі де бірнеше ойыншы жетіспей отырған клуб алдағы уақытта одан әрі сапалы түрде толығып, ел чемпионатында Ақмола өңірін тек жақсы жағынан ғана танытуға барын салады деген ойдамыз. Оған облыс басшылығының да командаға деген оң көзқарасы мен көмек-қолдауы игі ықпалын тигізе түсері анық.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

