Көкшетау қаласындағы Теннис орталығында қаланың 27 мектебінің шамамен 1500 оқушысы бір мезгілде бес асық ұлттық ойынына қатысты.
Бастаманың мақсаты жастар арасында ұлттық құндылықтарды нығайтып, дәстүрлі спорт түрлерін насихаттау, сондай-ақ елдің рухани байлығын сақтауда ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету.
Ақмола, Көкше өңірінде бертін қазіргідей жалпыұлттық сипатқа ие бола қоймаған, тек оқта-текте ауыл балалары ғана ойнап жүрген асық ойынының алғаш жандануын екі мыңыншы жылдардың басында ел ағасы, қоғам қайраткері Мейрамбек Қиықов қолға алған болатын. Ол кісінің басшылығымен алдымен облыс орталығы Көкшетау қаласындағы мектептерде асық үйірмелері қолға алынып, осы ұлттық спорт түрінен балалар арасында жарыстар өте бастады. Кейін бұл игі іс Ақмола өңірінде өріс алған асық ойынының республика көлемінде таралып, қанат жаюына мұрындық болды.
Алдымен бес асық ойынының ережесіне келсек, ойынға үш ойыншы қатысып, әр ойыншыда бес асықтан болады. Ойын кезегі сақаларды иіру арқылы анықталады. Сақасы алшысынан түскен ойыншы ойнау кезегіне ие болады. Бірінші ойыншы ойынның ережесін бұзғанша ойнайды. Кейін ойынға екінші, үшінші ойыншы кіріседі. Ойын бір қолмен ойналады. Ойыншы жерден асықтарды алғанда, қолы басқа асықтарға тимеуі керек. Егер ереже бұзылса, кезек келесі ойыншыға беріледі.
Міне, өзара осы ойын қызығына кіріскен қаншама бала ақыры, өздері көздеген межеден де көрініп, еліміздің Гиннестер рекордтар кітабына қол созды.
Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Қошанованың айтуынша, аталмыш шара Қазақстанның Рекордтар кітабына ресми түрде енгізілуге ұсынылды.
22 наурыз – жыл басына дейін комиссия өкілдері барлық қажетті тексерістерді жүргізеді, ал, мереке күні рекорд туралы сертификатты салтанатты түрде тапсыру жоспарлануда.
Осы орайда, бес асық ұлттық ойынының оқушылар арасында жетіп отырған жетістіктің бір сыры облыс мектептерінде ұлттық спорт түрлерінен 419 секция жұмыс істеуінде жатқандығын айта кету керек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

