Ұлттық құндылықтар тоғысқан Ұлыстың ұлы күні

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың айшықты мерекесі. Соңғы жылдары қолға алынған «Наурызнама» онкүндігі тұжырымдамасына сәйкес, халқымыз ұлттық құндылықтарымыз бен рухани байлығымыз насихатталатын бұл ерекше мейрамды асыға күтетін болды. Жыл сайын әр облыста жаңа бағдарламалар ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы таным-түсінік, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың көріністерінен рекордтар орнатылуда. Биылғы Ұлыстың ұлы мейрамында Ақмола өңірінде көне жәдігерлер цифрлық музейге айналып, ұлттық ойындар технологиясымен астаспақшы.

Ақмола облыстық мәдениет басқармасы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, облыста биылғы Әз-Наурыз мейрамы ерекше форматта аталып өтілмек. 14-23 наурыз аралығында өтетін «Наурызнама» онкүндігі аясында облыс орталығы мен аудандарда жүздеген мәдени-рухани іс-шаралар жоспарланған. Биылғы тойдың басты ерекшелігі – ұлттық құндылықтардың жасанды интеллект пен цифрлық жобалармен ұштасуында.

Мерекелік марафон 14 наурыз – Көрісу күнімен басталғаны белгілі. Осыған байланысты облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры «Береке бастауы – көрісу» қойылымымен наурызнама шымылдығын ашса, Әдебиет және өнер музейі «Наурыз нұры – цифрлық музей» жобасын көпшілік назарына ұсынды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары тіпті жасанды интеллект көмегімен Наурыз туралы мультфильмдер әзірлеп, балалар үшін QR-квесттер ұйымдастырды.

Онкүндіктің әр күні белгілі бір тақырыпқа арналған. 15 наурыз – Қайырымдылық күні аясында облыс бойынша мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, «Жақсылық жаса» акциялары өтті. Ал, 18 наурыз – Ұлттық киім күнінде Көкшетау көшелері мен мәдениет ошақтарында этно-дефилелер мен сән шерулері ұйымдастырылып, XIX ғасырдағы Ақмола өңірінің киім үлгілері таныстырылды.

Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін «Шаңырақ күнінде» жыр алыбы Жамбыл Жабаевың 180 жылдығына арналған оқушылар айтысы мен «Әдепті келін» байқаулары өтті. Ал, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 155 жылдығымен сабақтасып, өңірде «Батырлар додасы» мен «Ұрымқай барысы» турнирлеріне ұласады.

Мерекенің ең шарықтау шегі 22 наурыз – Жыл басы күні болмақ. Абылай хан алаңында бір мезетте 1 мыңнан астам ер адамның қатысуымен «Қара жорға» биі орындалып, республикалық Рекордтар кітабына ұсынылатын рекорд орнатылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, цифрлық жыл аясында Наурыз мерекесін жаңа форматта атап өту мақсатында «Наурыз нұры – цифрлық киіз үй» жобасы бойынша қонақтарды робот-гид қарсы алып, фольклорлық және хореографиялық ансамбльдер өнер көрсетеді, цифрлық садақ ату, ұлттық ойындар және интерактивті көрмелер ұсынылады. Сол сияқты, тұсаукесер рәсімі көрсетіледі.

Дәл осы күні Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театрында «Алтын қақпа» комедиясы сахналанады. Онкүндік 23 наурыз – Тазару күнімен қорытындыланады. Бұл күні ақмолалықтар киелі жерлер мен ескерткіштер маңында экологиялық сенбіліктер өткізіп, табиғатты аялаудың үлгісін көрсетеді.

«Наурызнама» онкүндігі – тек мереке ғана емес, бұл ұлттық рухты жаңғыртып, бірлік пен ынтымақты нығайтатын ауқымды жоба. Сұлу Көкше аспанында ән шырқалып, күй күмбірлейтін бұл күндер әр шаңыраққа құт-береке әкелмек.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар