ИГІ ШАРА
Көкше төрінде тағы бір рухани кештің шырағы жағылды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы сахнасында қазақ баспасөзінің белді бір өкілі Байқал Байәділовтің шығармашылығына арналған «Жақсылығын Көкшенің жайдым елге» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеш барысында саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.
Кейінгі жылдарда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі болып еңбек етіп келе жатқан, одан бұрын Көкшетау, Солтүстік Қазақстан және Ақмола өңірлерінің бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті қызмет атқарған Байқал Байәділов сан алуан тақырыптарға қалам тартып, өзінің ойлы да мазмұнды мақалаларымен оқырман жүрегінен орын алған шебер журналист. Оның қаламынан туған публицистикалық дүниелер мен көркем шығармалар бұл күнде тәуелсіз еліміздің рухани қазынасына өзіндік үлес болып қосылып отыр. Бүгінде 50-ден асқан кітабы жарық көрген қаламгердің қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісі артынан ерген қаламдас іні-қарындастарына үлгі екені даусыз. Еліне осындай еңбегімен танылып жүрген Байқал Байәділов Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі және Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі.
Кеш шымылдығы журналист-жазушының өмірі мен еңбегінен сыр шертетін деректі фильммен ашылып, ондағы әрбір кадр көрерменді өткен күндерге жетелеп, қаламгердің азаматтық болмысын тереңірек таныта түсті. Бұл кешті облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі, белгілі өнер зерттеушісі Сәрсенбай Хасенов жүргізгенін де айта кеткен ләзім.
Әдеби-сазды кештің концерттік бөлімі Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеуімен өрбіді. Оркестрдің орындауындағы жергілікті композитор Манарбек Бексейітовтің «Көкшетау маршы» кештің көркін ашып, көпшілік қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Сахна төрінде елге танымал өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Жанат Есовтың орындауындағы «Айыртау вальсі», Аякөз Қалмағанбетованың «Аққуым айдыныңа оралдың ба?» әні, Саида Сағдидің «Көгілдір Көкше» туындысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, Бекұлан Ерболатұлы «Кербез Көкше» әнін шырқаса, Зәмзәгүл Смағұлова Біржан салдың «Ғашығым» әнін әсерлі жеткізді.
«Гәкку» би ансамблі ұсынған «Көкшетау сұлулары» биі ұлттық нақышымен ерекшеленіп, сахнаға сән берді. Әнші Элмира Тілеубаева орындаған «Ақ тырналар» әні де көрерменді терең толғанысқа бөледі.
Кеш барысында құдіретті поэзияға да орын берілді. Ақын Мұхаммед Қоңқаев арнау жырын айтып, қаламгерге деген құрметін білдірсе, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртістері сахналық қойылым арқылы Байқал Байәділовтің шығармашылық қырын айшықтай түсті. Сондай-ақ, кеш барысында Қорғанбек Аманжол, Тортай Сәдуақас, Кәрібай Мұсырман сынды ақын-журналистердің жырлары көрермен жүрегіне жол тапты.
Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев пен «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет кеш иесінің баспадан жаңа ғана шыққан қос кітабының тұсауын кесіп, автор шығармашылығына жоғары бағаларын берді. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінен келген бір топ әріптестері атынан қазақтың салт-дәстүрімен қаламгер иығына шапан жабылды.
Кеш иесіне осындай құрмет пен жоралғы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атынан да жасалды. Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова сахна төріне көтеріліп, журналист-жазушыға өңір басшысының құттықтау хаты мен осы сый-сияпатын тапсырды.
Иә, қаламгер еңбегі атауға тұрарлық. Байқал Қайырлыұлы өзінің журналистік жолын бұрынғы Көкшетау облыстық «Көкшетау» газетінде тілшіліктен бастап, мәдениет бөліміне жетекшілік етті. Одан Көкшетау облыстық телерадио компаниясына қызметке ауысып, араға жылдар салып, оның басшылығына дейін көтерілді. Ал, республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке қабылданғанға дейін Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторының орынбасары болып сенім биігінен көрінді. Енді міне, сол сабатты еңбегінің жемісін көріп, зейнет жасы 63-ке келсе де, шабыт отын маздатып, әлі де сергек қалпында қалам құдіретін танытуда.
Абзал азамат өмірінің осындай айшықты сәттермен өрнектелген тағылымы мол кеш қазақ баспасөзінде көптен бері жемісті еңбек етіп келе жатқан Байқал Байәділовтің ақпарат саласы мен сөз өнеріне қосқан елеулі үлесін жалпақ елге паш етіп, көкшеліктер мен кеш қонақтарына үлкен бір рухани азық сыйлаған тартымды шара ретінде есте қалды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

