АРҚА ҒАЛЫМДАРЫ
Белгілі ғалым, абылайтанушы және шоқантанушы жерлес ағамыз әрі ұстазымыз, профессор Қадыржан Қабиденұлы Әбуевтің өмірден өткеніне де бес жыл болып қалыпты. Асылдарымыз туралы қалам тартып, сөз еткенде сол қасиеті киелі топырақтан деп жатады. Сал-серілерімізді, батыр-билерімізді, хандарымызды дәріптейміз. Шынында бізге сұлу табиғатымен тәнті еткен киелі Көкше қандай қымбат болса, оның бауырында өсіп-өнген белгілі тұлғалары да соншалықты қадірлі де қымбат.
Кейбір жағдайлар, естеліктер, бастан кешкен оқиғалар қаперден кетпейді. Ойландырады. Сағындырады. Сол бір сағым күндердің естелігі ретінде көкейде қалған мына бір жайттар Қадыржан Әбуевтің (1938-2021 жж.) ғалымдық қасиетін, адами келбетін, бір адамға бергісіз батырлығын да көрсетсе керек.
Батырлық тек қана қолыңа айбалта немесе найза алып жауға шабу немесе суық қарумен қан сорғалату емес, батырлық пен қайсарлық, өжеттілік адамның мінезінен де, аттаған қадамынан немесе сөзінен, атқарған істерінен де көрініп тұрады. Біздің де асыл ағамыздың бойынан өмірден көрген теперіші мен тағдырдың тауқыметі шыңдаған айбыны мен жүректің бір жылулығы, сонымен қатар, көлденең көзге көріне қоймайтын терең де ізгі тектілік сезілетін.
Қылыштың жүзі өтпейтін, ауыр салса батпайтын, күрмеуі көп шырғалаңға түсіп, өзгелермен санаса қоймай, өз басын қатерге де, тәуекелге де тігіп, ақиқат үшін жанын шүберекке байлап шырылдап, сол үшін бетің бар, жүзің бар демей жүз шайысып жүретін, тіпті жүз көріспеу кейпіне де келіп қалуы ықтимал және ол әрекетін ешқашан бұлдамайтын пенденің бірі еді дейсің. Өмірінің бәрі күрес, іздену, беттері ашылмаған тарихтың бет-пердесін ашу, ащы да шынайы парақтарын көрсету, дәлелдеу, соның жолында мойымау, түскен соны ізден жаңылмау, адаспау… Елдің бәрі сол үшін де «біздің Қадекең» дер. Қалың Шұңғырша ақылгөйіміз деп қадір тұтып, әулеті пір санар данышпанымыз десе, шәкірттері мен әріптестері, тарихшылар қауымы қара қылды қақ жаратын әділеттің іздеушісі деп түсінер. Десе де, мың қараның ішінен «дат» сұрайтын да, айқайынан қайтпайтын да, көпшіліктің мүддесіне орай отқа, суға түсуге дайын болып, керегінде қалтаның түбін қағар Атымтай жомарттылығы да, ұжымның иінін қандыратын істері де ағамыздың бойына біткен мол қасиеттерінің бірі ғана ма дерсің. Осы жолда жаратқан иемнің бұл кісіні сынағаны ма, әлде сол сынақтарына төзе алатынын білгені ме, Қадыржан ағамыздың басына үйіп-төгіп берген бейнеттері де аз емес-тұғын.
Адам деген қызық қой. Сонау жылдары өз алдымызға отау тігіп, егемендігімізге қолымыз жете бастаған кезде Көкшетауда да осы жердің тарихын жаза бастаған «тарихшысымақтар» пайда бола бастады. Өзінікінен басқаны ақиқат санатына жатқызбайтын пендесымақтарға тарихтың күре жолына көзін ашып бермесең, басын оңайлықпен ие қоймайтыны бесенеден белгілі. Осынау жалған тарих пен өтірік пәлсафаға Қадекең сияқты өр мінез ағамыз қалай күйінбесін, қалай шыдасын, қайтып ішкен асы өңешінен өтсін? Шевченко, тағы да басқа жалған тарихшысымақ сияқтылардың кітабы дүкен сөрелеріне түсіп, оқырман қолына тие бастап, ұлыдержавалық, ұлышовинистік көзқарастар ұлтымыздың намысына тигені, еріксіз қолына ежелгі сын бермес қаруы – қалам алғызғаны бар емес пе… Адамды білем десең де, болмыс-бітімін толық тану мүмкін болмас. Қадекеңнің сыналған жері осы кезең еді. Әлі де қайран қаламын, осы әрекеттерін біреу түсінсе, біреу түсінбес. Әлі де кешегі кеңестік көзқарас пен дүниетанымнан арылмаған, құлдық ой-өріс белең алған сана бар емес пе? Билік басындағылар, ғалымдар жағы бұғып қалды. Таразының басына ұлттың неше жыл қор болып, еңсесі түскен езгіден ертеңгі еркін де рухани еркіндігі түсіп еді. Осы тұста ағамыздың үндемей қалуы мүмкін емес еді. Сол 90-жылдары Мағжанымызға, Ахмет пен Міржақыпқа асқан қиындықпен көше аттарын алып бергенде, әлгіндей «білгіштердің» жазғаны ғой, «Көкшетау қаласының атқару комитеті қаланың бірнеше көшелерінің аттарын өзгерту туралы шешім қабылдады, оларға белгісіз адамдардың аттары берілді» деп байбалам салып.
Қадыржан Қабиденұлы жанын шүберекке түйіп алып, мұндай қиянатқа қалай төзсін. Арғы атасы кезінде ақ патшадан шен — шекпен алған Шөбек болыс, бергі атасы Сарт би, нағашысы Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов болса, кімнен қорықсын. Өз аталарының өзі тектінің тектісі, Қарауыл Шұңғырша ішіндегі әйгілі Науан хазірет, кезінде Петерборда оқыған Мәмбетәлі Сердалиндер. Жаратканның берген жүрегі де, қанмен берілген бірбеткейлік те бар дегендей, талай есікті тоздырды, халықты жұмылдырды, көпшілік пікірін туғызды. Төпелей жазды, көсілді, дәлелдеді. Кадекеңнің азаматтығына, айбынына, мінезіне таң қалмаған адам жоқ шығар. Саралай білетіндер таңдай қағысты. Мойындатты. Санастырды. Көздерін ашты. Ақыры, дәлелдеп бәрінің аузына құм құйды. Жалпы, әулетінде тарихшы да жоқ. Дәрігер бар, қаржыгер, өзге қызметкер бар дегендей, бауырлары, балалары да әке жолын қуамыз деп айта қойған жоқ. Жас кезінде білімін жалғастыру ойымен Алматыға аспирантураға түскенде, тарих институтында атағы жер жарған Әлекеңмен, иә, иә кәдімгі Әлкей Марғұланмен кездесіп қалмай ма, сондағы ол кісінің айтқаны ғой: «Сен Қадыржан зерттесең, Шоқанды зертте, оның мұрасы саған да, сенің ұрпақтарыңа да жетеді», деп. Кейін қандай тақырыпқа қалам тартпасын, мейлі ол тың игеру ме, мейлі Көкше тарихы мен тұлғалары ма, бәрібір ат айналып қазығын тапқандай Шоқанға ноқта басын бұра берген-ді. Әр істің басын қайыратын да, ыстық-суығына күйетін де, жаны ашитын да өз ісіне берілген мамандар ғой. Сол кезеңнің осы өңір үшін бір олқылығы, кәсіби тарихшылардың жоқтығы көзге бірден мен мұндалап тұратын. Сөйлесе қалғанда айтқаны әлі күнге дейін көз алдымда. «Біздің елде тарихшы тапшы. Алматы, Петропавл, Қарағанды дайындайды, көбі тұрақтамайды, кетіп қалады. Жергілікті мамандар дайындау жұмысын қолға алмасақ, мәселенің шешілмейтінін сезіп, бірде ректорға барып осы мәселені тікесінен қойдым, обалы нешік, Абай Ахметқалиұлы бірден қолдады. Содан облыс әкімі Қызыр Жұмабаевқа барып келісімін алып, сол кездегі Оқу министрі Шайсұлтан Шаяхметовке бармаймын ба. Бірде ол кісінің біздің қалаға жолы түсіп, кездесудің сәті түскен. Барлық жайдың анық-қанығына жеткен соң, уәдесін берді. Кадрлар мен басқа материалдық жағдай, оқу-кітап жағын өздерің шешерсіңдер деді. Ой, қуанғаным-ай… Көктен іздегенім жерден табылды әншейін. Шу дегеннен мектеп, техникум, білетін жерлерімнен мұғалімдер іздедім. Бәрі баяғы КПСС, соның қазанында қайнап, сорпасын ішкендер, ал, оқуға түскісі келетіндер жетерлік. Не керек, әупірімдеп жүріп оншақты мұғалімнің басын қосып, алғашқы жылы, 1993 жылы сыртқы бөлімді аштық-ау. Алғашқы бетте құрамымызда политолог та, философ та болды. Қазақша лекция оқитын адам табылсайшы… Ол уақыт облысымыздың жабылып, өмір сүрудің өзі қиындап кеткен уақыт қой, тіпті Солтүстік Қазақстанның құрамына кіргенде бір өңірге екі бірдей университеттің қандай қажеттілігі бар деген көлденең әңгімелер де өрбіп жатты, тіпті мамандық ашудың өзін айтпағанда. Алғашқы тарихшылардың аудиторияларын көргенде қуанғанымды айтсаңшы», — деген сөздері көп нәрсені аңғартқандай.
«Басы қатты болса да аяғы тәтті болады» деген емес пе, кейін бәрі де орнына келді ғой, әйтеуір. Дегенмен де осының бәрін ұйымдастыру Қадекеңе оңай түспегені анық. Өзі кафедра меңгерушісі әрі сабағын береді, үй, бала-шаға бар дегендей, толып жатқан қоғамдық жұмыстар бастан асып жатады, «Білім» қоғамының мүшесі, ономастикалық комиссия, ассамблея, тағысын-тағылар. Мәуелі ағаштың жемісін көру қандай бақыт, кейін алғашқы түлектеріміз ұясынан ұша бастағанда ағамыздың қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Қаншама адамдар ақ алғыстарын арқалап, шалғай ауылдардан келіп жатты, баталарын берді, ризашылықтарын білдірді.
Жеке басының мүддесінен өзінің беріліп істеп жатқан сүйікті ісінің мүддесін жоғары қоя білу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Мақала жазу ма, конференция ұйымдастыру ма, әлде Шоқан, Абылай, Ақмола өңірі туралы энциклопедияны қолға алу ма, ондай науқандық істердің кезінде ұйқы көрмейсің, маза да жоқ, қашан басталған істің басы қайырылғанша тыным тапқызбайды. Сол қарбаласпен жүріп дариядай дүниелердің рухани азыққа айналып жатқанын бір-ақ сезесің.
Осыдан оншақты жыл бұрын оқу орындарында басшыларды жиі ауыстыру үрдісі белең алып, халықтың берекесін кетіріп, қиюы қашып жатқан күндерді де басымыздан кешірдік. Біріне бейімделіп үлгере алмай жатқанда, оның орнына жоғары жақтан басқасын қойып, ел ішінде әртүрлі әңгімелер туған, елең-алаң уақыт еді. Бірде осындай кезекті науқанда мекемеміздің барлық басшылары мен ақсақалдарын салтанат залына жинамасы бар ма. Жаңа басшымыз не айтады, қалай, қандай бағытта жұмыс істейміз, алдымызда қандай жоспарлар бар деп елеңдеп күтіп отырған жағдай. Әр алуан әңгіме, әр сан күдік-ой, жорамал. Содан не керек, біраз көсіле келе жаңа ректорымыз университет ғимараттарына көшпесі бар ма… осылай да осылай, бұларды ұстап тұру өте қиын, өзін-өзі ақтамайды-мыс, демек тез арада сатып, одан түскен қаржыны жаңа құрал-жабдықтарға жұмсаймыз, өйтпесек, шығынға батамыз, басқа амал жоқтың қасы деп қарап отыр. Залда мүлгіген тыныштық, ешкімде үн жоқ, бәрі абдырап отыр. Не қарсылық, не құптау жоқ, бәріміз амалсыздан үлкендер жағына қараймыз не айтар екен деп. Шынын айтқанда абдырап қалдық не айтарымызды білмей. Бір уақытта көзім жанымда отырған Қадекеңе түсіп кетті, өңі сұп-сұр, оттай жанып, жанарының қарасынан барлық ойы айқын көрініп, бейнебір томағасын сыпырған қыран құстай, жемтігіне шүйіліп түрғандай еді… Ол кісі қызыл сөздің шебері емес-ті, әрі сөйлегенде тұтығыңқырап, кейбір сөздерін жұтып қойып, бір демін ала отыра біртіндеп барып қанатын жаятын. Әрбір сөзі шегедей, бақан қаққандай нығырлап шығатын, адамға уәж қалдырмайтынын қайтерсің. Бір кезде тілдің тиегін ағытты-ай кеп, тымық күндегі оқыстан соққан дауылдың екпініндей, шаңырақты шайқалтқандай төбемізден бір-ақ ұрды. «Зеренді демалыс аумағындағы «Тұлпар» спорттық-сауықтыру кешені болсын, университеттің басқа да объектілері болсын, біреуін де бір тиынға саттырмаймыз, бұлардың бәрі әуел бастан еншімізде, тарихымыз, өткеніміз, кезінде приватизацияның аласапыранында да алып қалғанбыз, студенттеріміз бен ұстаздарымыздың сүйікті демалыс орны, әртүрлі шаралар, жиындар, практикалар өтетін жер, бұндайға басқалардың қолдары жетпей жүргенде сіздің мұныңыз не, біз бұған жол бермейміз» деп қарап отыр сабазың. Басшы да ешкім де күтпесе керек, бәрі жым-жырт. Бірінші басшыға қалай жағамын, қалай жақындасамын деп жүргендердің бәрінің аузына құм құйылды. Өзіміз сияқты ойымыз алай-дүлей болып, іштегіңді сыртқа ақтаруға күшіміз де, дәрменіміз де жетпей, аузымызға құм құйылып отырған жанашырлардың сезімін жеткізу қиын шығар мұндайда. Марқайған көңіл, тасыған ой, ризалыққа толы жүрек лүпілі, ішкі қуанышым сыртқа шыққысы келіп дес бермей тұр, бөлісер жан іздеп жан-жағыма қараймын, бәрінің жүздерінен ғалым ағамызға деген шексіз алғысты сезгендей болдым. Тар қапасқа, түпсіз тығырыққа тірелгендей болғанда, үміт сәулесінің саңылауын, бір үзік жібін тауып берген Қадекеңнен айналмасқа болмай ма… Ақыры не керек, ешқандай ғимаратымыз сатылымға түскен жоқ, бәрі аман қалды, тәубә, күні бүгінге дейін біздің ұжымға қызмет істеп жатыр. Осыны қазіргілер біле ме, білмей ме деп ойлайсың кейбір кезде…
Ендігі бір айтарымыз, ол кісінің ғалым ретіндегі тұлғасы, болмыс-бітімі. Біздің ұғымымыздағы классикалык, университет жүйесіндeri нағыз ғылым иесіне тән қасиеттердің бәрі осы Қадекеңнің тұла бойында «мен мұндалап» тұратын. Кәдімгі пендеге тән мінез-құлық ол кісінің дара бойынан көрініс таба бермейтін. Күнделікті күйбең тіршілікке бейімінің жоқтығы, ұсақ-түйекті көзге елемеу, ұмытшақтық, қарапайымдылық, көлденең сөзден ада болу, ғылымнан басқа тіршілікті мойындамау сияқты мінезі көзге бірден түсетін. Сонымен қатар, кәдімгі галстук байлаудың нешеме әдісін білу, бүгінде көпшілік біле қоймайтын проферанс ойынын шебер меңгеру, шахмат ойынының хас шебері болумен қоса, саяси анекдоттарды дәмін келтіре тұздығымен айтқанда амалсыздан ауызымызды ашып қалатынбыз. Әсіресе, кітапқа деген ықыласы, көзқарасы мүлдем бөлек еді. Шет елге, Мәскеу, Омбы, Уфа шаһарларына шықсын, барған жерінде алдымен, іздейтіні архив пен кітап дүкендері болатын. Жұмыс кабинеті, үйдегі жұмыс бөлмесі, гараж дейсіз бе, бәрі толған кітап, кітап, кітап… Энциклопедия, эпоха деген теңеуге толық саяды бітім-болмысы. Әңгімелесе қалсаң кіммен кездеспеген, кіммен дәмдес болмаған, толық бір хикая дерсің. Ел басшысы Дінмұхамед Қонаев, академик Әлкей Марғұлан, мемлекет қайраткері Еркін Әуелбеков, тарихшы Манаш Қозыбаев… тағысын тағылар. Көкшетау облысы жабылғанда талай оқу орындарына, ұлттық университеттерге проректорлыққа, профессорлыққа арнайы шақырылғанына карамастан, қара шаңырағымыз Шоқан атындағы білім ордасының ыстық-суығына бірге төзіп, осында қала берген. Қынжылып отыратын, саналы өмірінің көбі партия, совет уақытының идеологиясын зерттеумен өтті деп.
Ағамыздың нағыз ғалымдық сара жолы тәуелсіздік алғаннан кейін басталды десек артық айтпаспыз. Абылай хан тойы мен конференциясын өткізу, «Шоқан тағылымы — Валихановские чтения» халықаралық конференциясы, Шоқан, Уәли хан, Ғұбайдолла, Мәмбетәлі Сердалин, Науан Хазірет, Көкшетау тарихы, тың игеру науқаны, Сібір хандығы дейсіз бе, Қадекеңді небір қырынан көрер едік. Қадекеңнің тәуелсіздік жылдары шыққан ең алғашқы құнды еңбегі 1994 жылы Алматы қаласында «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Қазақстан тарихының ақтандақ беттерінен» атты кітабы болатын. «Халқымыздың өткен тарихы Ресей империясының тарихнамасының ықпалымен, кейін коммунистік идеологияның қағидаларына сәйкес өңі өзгеріп, мүлдем теріс бағаланып келгені баршаға аян» дей келіп тарихтың ащы беттері туралы өз ойларын ашық жазады. Бұдан кейін де қаншама еңбектері жарық көрді.
Өмірде халықтың мұң-мұқтажын, өкпе-назын, өтініштерін басшылыққа, жоғары жаққа жеткізе алмай жататын жағдайлар болады. Адам деген басшы алдына көп бара алмайды. Қаймығады. Сескенеді. Ұялады. Ыңғайсыз көреді. Жұмысынан айырылып қаламын ба деген күдіктің немесе әлдеқандай заман боладының кебін киіп жатады көбі. Әлеуметтік жүгі де көтере бермейді. Міне, осындайда хан мен қараның арасындағы делдалдықта жүруге жарайтын, сөзін төбедегілерге жеткізе алатын адамды іздеу түсінікті ғой. Ол кім десеңіз, Қадекең. Ақиқатын айтқанда, қара басының беделін додаға сала отырып, тақтағы адамға халықтың назын айту да оңай шаруа емес екені белгілі. Кімнің жаман атты болғысы келеді дейсің, тырнақтап жинаған аз-маз абыройын кім бәз-біреудің бас әуресіне қия салсын? Жалақы жағдайы ма, сыйақы немесе баспана, жатақхана ма, материалдық көмек әлде қызмет бабындағы түсініспеушілік пе, бәрінің жанайқайының айналасынан біздің қайран ағамызды табатынбыз. Кейін бірге істеген үлкенді-кішілі әріптестерімнен сұрасам, бәрінің отбасына, өзіне шапағаты тиіпті, біреуіне магистратура мен докторантура, енді бірімізге кандидаттық диссертацияны қорғату, жұмысқа алу, тағысын-тағы, небір жақсылықтары жұғысты болыпты.
Көңілі жақсы адамның жарық деген,
Өмірі, шығар тауы анық деген.
Қадекеңдей абызды көрген кезде,
Қорғайтын қалқаным бар, анық сенем, –
деген өлең жолдарын сол кезде түртсем керек. Менің жазған жолдарымнан мына бір үзінді де қайран ұстазымыздың қызығы мен қиындығы мол кездесетін сара жолын аша түскендей ме, қалай. «Өз ісіне шынайы берілген майталман, кәнігі тарихшы ғана емес, ақиқаттың ақ жолында еңсесін түсірмей өткен батыр тұлға дерсің, Мейлі ол хан Абылайдың саралы саясаты ма, Шоқанның беймәлім де көмескі іздері ме, Кенесары мен Ғұбайдолланың қилы замандағы тағдыры ма, Науан хазіреттің аһ ұрған қасіреті ме, ақиқаттың алдаспанымен жалған тарихтың жалауына басын имей, кеудесін тоса білетін. Тегі ме, әлде тәлімді төңірегінің әсері ме, түйсік-тынысы ма, әлде ұранға айналған ұстанымы ма, не ойға, не пайымға сыймас көзсіз ерлік пен намыстың биік шыңына, көз жетпес құзына өрмелей шығып, ар алдындағы таңдауынан бір айныған емес. Кешегі кеңестік жүйеде қиянат көрсе де рухы сынбай, жамбасы жерге тимей кеткен Жұмабек Тәшенов, әділетсіздіктің шымылдығына бүркенбей, кіршіксіз таза өткен Еркін Әуелбековтерге пара-пар еді тарих майданында. Өмірі де ақ пен қараны, ер мен езді, қазағым мен азабын айырумен өткен бейне бір сағым тәріздес еді. Қай еңбегін алсақ та салиқалы да сыни көзқарас, сара да дара сүрлеу, сүбелі сарын көретінбіз!». Мағжан айтқандай «Күңіренген Көкшенің маңдайында туып өскен…» Қадыржан ағамыз. Сірә, осыдан артық ештеңе айта алмассың.
Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
ғалым-тарихшы, Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.
![]()

