ЕЛДІК ІС
Облыс орталығы Көкшетау қаласындағы былтыр «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасымен салынған №20 мектеп-гимназиясында шахматтан ғалым, гидрогеолог, профессор Айтқажы Қазбековты еске алуға арналған дәстүрлі турнир болып өтті.
Ұрпақтары мен туған-туыстары Көкшетау қаласының құрметті азаматы, өз туған жері мен елінің дамуына зор үлес қосқан әрі шахматтың нағыз жанашыры болған айтулы тұлғаның есімін мәңгілікке ел есінде қалдыруға күш салуда. Осындай мақсатпен ұйымдастырылған спорттық дода игі бастамаға ұласып, осы мектеп-гимназиясының қабырғасында Айтқажы Қазбековтың атындағы шахмат кабинеті ашылды. Мұндағы мақсат ұрпақтар сабақтастығын сақтау және жасөспірімдердің зияткерлік қабілетін шыңдау дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шараның құрметті қонақтарының қатарында халықаралық гроссмейстер Петр Костенко, Қазақстан Республикасының Шахмат федерациясы филиалдарының аймақтық жетекшісі Саят Егембердиев, Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Қарауылов, педагогикалық еңбектің ардагері Есболат Дүйсенбай, Көкшетау қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Айым Әлібекова және тағы басқалары болды. Құрметті қонақтардан сұхбат алу мүмкіндігін қалт жібермей, спорттық іс-шараның мән-маңызын сұрадық.
– Қазақстан шахмат федерациясы мұндай дәстүрлерді әрқашан және барлық деңгейде қолдайды. Бүгін біз көптеген жас шахматшылар қатысатын турнир өткізіп қана қоймай, тағы бір білім ордасында шахмат кабинетін аштық. Енді мұнда жасөспірімдер осы даналық ойынның құпияларын меңгеріп, шахмат әлеміне қадам басады. Бәлкім, дәл осы жерден қазақстандық шахматтың жаңа жұлдыздары шығатын болар. Бұл ойын, ең алдымен, аналитикалық ойлауды дамытады. Балаларға тек шахматтық білім беріп қана қоймай, ойлауға, мақсат қоя білуге, сол мақсатқа жетуге не кедергі екенін түсінуге, дұрыс стратегиялық жоспар құрып, оған жетелейтін тактикалық шешімдерді жүзеге асыруға үйретеді. Қазіргі таңда Қазақстан шахмат федерациясының белсенді жұмысының арқасында елімізде бұл спорт түрі қарқынды дамып келеді. Біз әлемдік деңгейдегі матчтардан бастап, көптеген жас спортшылардың басын қосатын аймақтық турнирлерге дейін өткізіп жатырмыз. Бастауыш деңгейден жоғары шеберлікке дейінгі мұндай жүйелі даму әрине, өз жемісін береді. Жас шахматшыларға айтарым, оқып-ізденіңіздер, ойын барысындағы әр позицияның маңыздылығын түсінуге тырысып, дұрыс жоспар құра біліңіздер. Ең бастысы, көп жаттығып, шахматты шын жүрекпен жақсы көріңіздер, – деп ізгі тілегін білдірді Халықаралық гроссмейстер Петр Костенко.
– Айтқажы Қазбеков атамыздың құрметіне ұйымдастырылған турниріміз біз үшін игі дәстүрге айналған жыл сайынғы спорттық дода. Мұнда барлық қатысушылар өз шеберліктерін ортаға салуда. Жеті кезеңнен тұратын турнир ерекшелігі сол, Қазақстан Республикасының гроссмейстері Петр Костенкомен бір мезгілде ойын сеансы өткізілді. Мектептегі шахмат деңгейі туралы айтар болсақ, балалардың қызығушылығы өте жоғары. Бүгін мектепте жаңа шахмат кабинетін ашып жатырмыз. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Шараға арнайы келген гроссмейстер мен қонақтар өз тілектерін білдіріп, қолтаңбаларын қалдырды. Осы мектептен де болашақта көкшелік Серік Темірбаев, Петр Костенко сияқты халықаралық гроссмейстерлер шығады деп үміттенеміз, – деп келушілерге алғыс білдірді турнирдің бас төрешісі Сайлаубек Бигатов.
Ал, мектеп-гимназия директоры спорттық іс-шарада барлығы дерлік марапатқа ие болатынын айтып өтті. Бұл да дұрыс шығар. Кез келген салада, әсіресе, спортта, алғашқы қадамы басар сәтте марапат та, алғыс та, жылы сөз бен қолдау да аса маңызды.
– Бұл додаға Көкшетау қаласының мектептерімен қатар, Зеренді, Бурабай аудандарынан және көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы жас шахматшылар келді. Айтқажы Қазбеков кезінде гидрология саласында еңбек етіп, өңірімізді ауыз сумен қамту ісіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Бүгінгі әкелеріне арналған турнирдің ашылу салтанатына сүйікті қызы, екі шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова мен ұлы Мұсаның, немерелерінің қатысып, демеушілік еткендері де қуаныш, – дейді мектеп директоры Манаргүл Тохан.
Екі күн бойы өткен турнир қорытындысы бойынша, 1-4 сынып оқушылары арасында ұлдардан Данияр Ерденов жеңімпаз атанса, Арыс Өмірзақ екінші, ал, Мирас Рахмет үшінші орынды иеленді. Осы санаттағы қыздар арасында Даниярова Жәния бас жүлдеге ие болса, Диана Хамит пен Ділназ Серікова жүлделі екінші және үшінші орындарды бөлісті. Ал, 5-8 сыныптар арасындағы бәсекеде бозбалалардан Тимур Ерденов дараланды. Одан кейінгі жүлделі орындарға Айтуар Еркеш пен Нұрхан Мақсұтхан жайғасты. Бойжеткендер арасында Нұрай Әмірхан үздік деп танылып, Әлия Әділетқызы күміс, ал, Рамина Жүзбаева қола жүлдені місе тұтты. Жоғары сынып оқушылары, атап айтқанда, 9-11 сыныптар арасындағы бәсеке де өте тартысты өтті. Онда қыздар арасында Адия Шайкенова бірінші орынды жеңіп алса, Аруа Марат екінші, Сәнді Жүзбай үшінші орынға табан тіреді. Бозбалалар арасында Санат Исаханов турнир чемпионы атанса, Ескендір Сегізбаев пен Аңсар Бақыт жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сөйтіп, асыл аға атындағы турнир ойдағыдай өз мәресіне жетті.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

