САҚТАНСАҢ – САҚТАР!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін әрдайым басты назарда ұстап келеді.
Президенттің сала мамандарына жүктеген негізгі тапсырмаларының бірі – апат айтып келмейтінін ескере отырып, техногендік сипаттағы оқиғалардың, әсіресе, тұрғын үйлер мен қоғамдық нысандардағы газ жабдықтарының ақаулығынан болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу.
Осы стратегиялық міндетті орындау мақсатында Ақмола облысында төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы да жандана түсті. Мәселен, Көкшетау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Көкшетау қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі және қалалықполиция басқармасымен бірлесе отырып, қала аумағындағы қоғамдық тамақтану нысандарында ауқымды профилактикалық рейдтік іс-шара өткізді.
Құтқарушылардың айтуынша, аталған шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік субъектілері мен қызмет көрсетуші персоналға Қазақстан Республикасының газ баллондарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарын жете түсіндіру және ықтимал апаттардың жолын кесу болып табылады. Бұған осы жуырда ғана облысымыздың Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында 11 адамның өмірін жалмаған газ баллонының жарылу оқиғасы да түрткі болып отыр. Әрине, бұл арада облысымызда әлі күнге дейін табиғи газдың болмауына да қынжылыс білдіресің. Ол Астана қаласының маңындағы елді мекендерге енді ғана жетіп жатыр. Отыз жыл бойы әңгіме болып келе жатқан бұл мәселенің кешеуілдеуі, соның салдарынан облыс елді мекендерінде газ баллондарын пайдаланудан басқа амалдың қалмауы өкінішке орай, осындай қайғылы жағдайларға әкеліп ұрындыруда. Сондықтан, бұл мәселеде үй немесе қоғамдық тамақтандыру орындарының иелерінен бастап бақылаушы органдардың қызметкерлеріне дейін өте абай болуымыздың, көзге ұрып тұрған кемшіліктерге кеңшілік жасауымыздың маңызы өте-мөте зор.
Газ – тұрмыстағы ең қауіпті заттардың бірі екенін естен шығармаймыз. Оны пайдалану кезінде мына ережелерді қатаң сақтау қажет:
Баллонды ғимарат ішінде сақтамаңыз: Екі қабаттан биік тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдалануға және сақтауға қатаң тыйым салынады.
Тексерілген баллонды қолданыңыз. Ол үшін баллонды тек арнайы мамандандырылған бекеттерден толтырыңыз. Көліктерге арналған газ станцияларында тұрмыстық баллондарды толтыру өте қауіпті.
Орналастыру ережесіне де аса мән берген жөн. Газ баллоны плитадан кемінде 1 метр, ал, жылыту радиаторларынан 5 метр қашықтықта тұруы тиіс.
Ауаны желдету мәселесіне келсек, газ плитасы қосулы тұрғанда міндетті түрде терезені немесе желдеткішті ашып қойыңыз.
Газдың шығып тұрғанын ешқашан отпен (сіріңкемен) тексермеңіз. Ол үшін сабын көбігін пайдаланыңыз. Көбік ісінсе – газ шығып жатыр деген сөз.
Рейд барысында мамандар әрбір нысанды аралап, асүйлердегі қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейін жіті тексерді. Кәсіпкерлер мен мекеме қызметкерлеріне нормативтік-құқықтық актілердің негізгі талаптары таныстырылып, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша нақты практикалық ұсынымдар берілді. Сондай-ақ, жұмысшыларға төтенше жағдай туындаған сәттегі іс-қимылдар алгоритмі жазылған ақпараттық-профилактикалық материалдар таратылды.
Ақмолалық құтқарушылардың бұл жұмысы тек тексерумен шектелмейді, мұның өзі ең алдымен, кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Өйткені, қоғамдық тамақтану орындарындағы қарапайым техникалық қателік ондаған келуші мен қызметкердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары алдағы уақытта да осындай профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу арқылы өңірдегі қауіпсіздік мәдениетін жоғары деңгейге көтеруді көздеп отыр. Ылайым солай болсын.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

