Биыл құрылғанына 60 жыл толып отырған «Оқжетпес» футбол клубының өкілдері Наурыз мерекесі күні өз жанкүйерлерімен кездесті.
«Рио» сауда ойын-сауық орталығында өткен бұл жүздесу осы айтулы оқиғаға және жаңа футбол маусымының ашылуына арналды. Кездесуде клубтағы қақпашылар жаттықтырушысы Алексей Прудников, қақпашы Руслан Әбжанов, қорғаушы Антон Куксин, жартылай қорғаушы
Тимур Досмағамбетов жанкүйерлердің сан алуан сауалдарына тұшымды жауап берді. Футболдан екі дүркін КСРО чемпио-ны, Еуропадағы жастар чемпионатының жеңімпазы Алексей Прудников жиналған жұртты алдымен Наурыз мерекесімен құттықтап, Көкшетау футболының тарихы жөнінде әңгімелеп берді.
– Жергілікті «Торпедо» футбол клубы 1957 жылы құрылды. Содан бері футбол жарыстарына қатысып келеді. 2004 жылы «Оқжетпес» футбол клубы деп атауын өзгертті. Клуб осыдан үш жыл бұрын жоғары лига клубтарының арасында алтын медальды жеңіп алды. Өткен жылы Премьер Лигада бесінші орыннан көрініп, мықты командалардың легінен табылды. Осы жетістікке ойыншыларды таңдай білудің және облыс әкімдігінің қолдауының арқасында қол жеткіздік. Әлі де жақсы нәтижеден үміттіміз. Қазір жергілікті футбол командасы сыртқы ойындарда болғандықтан, кездесуге қатыса алмады. Алдағы уақытта футбол жанкүйерлерімен кездесу өткізіледі. Сондай-ақ, жергілікті футбол мектебінде 400-ге жуық балалар жаттығады. Олар Қазақстан футболының болашағы, – деді ол.
Футбол жанкүйерлерінің сауалына жауап берген жартылай қорғаушы, жерлесіміз Тимур Досмағамбетов өзінің футболға 18 жаста келгенін, одан бері «Ақсу», «Восток», «Тараз» және «Ақтөбе» футбол клубтарында ойнап, тәжірибе жинақтағанын айтып берді. Биыл жерлесіміз «Оқжетпес» футбол командасының құрамында ойнайды. Кездесу барысында Көкшетау футболын дамыту үшін Солтүстік өңірдің нормасына сәйкес келетін стадионның қажеттігі жөнінде мәселе көтерілді. Мұндай стадионда Қазақстан чемпионатын көктем мен күз айларында өткізуге болады. Егер жасанды жасыл алаң төселсе, команда жақсы нәтиже көрсетіп, жанкүйерлер саны көбейер еді. Кездесу соңында футбол тақырыбына арналған викторина өткізіліп, жеңімпаздар «Технодом» компаниясы мен «Рио» сау-да ойын-сауық орталығының ақшалай сыйлығына ие болды. Ойыншылардың қолы қойылған плакат берілді. Кейін доп тебуден жарыс өткізіліп, жеңімпаз Абылай Бердібековке демеушілердің ақшалай сыйлығы мен «Оқжетпес» футбол клубының добы, спорттық киімі табыс етілді. Сөйтіп, аталмыш клуб футбол жанкүйерлерінің санын көбейте түсті.
Рамазан Тілеуов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.