Қала тұрғындарының игілігіне – жаңа құрылыстар

Әкім – іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласында аймақтың даму қарқынына серпін беретін жаңа нысандардың құрылысын аралап көріп, ел Президентінің тапсырмасы аясында қолға алынып жатқан ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын тексерді.

Алдымен, аймақ басшысы Сарыарқа шағын ауданындағы инклюзивті спорт орталығының құрылыс алаңына барды. Жалпы аумағы 3 600 шаршы метрді құрайтын бұл заманауи кешен күніне 300 адамды қабылдауға лайықталған. Жоба жетекшілерінің мәліметінше, мұнда жүзу бассейні, көпфункционалды спорт залдары, үстел ойындарына арналған кеңістіктер қарастырылады. Ең бастысы, бұл спорт орталығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен ересектер үшін толықтай кедергісіз орта қалыптастырылады деп күтілуде. Бұл нысан тек спортпен шұғылдану орны ғана емес, сонымен қатар, қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидатын нақты іске асыратын маңызды әлеуметтік нысан болмақ.

Ақмола облыстық білім басқармасының мамандары соңғы кезде өңірдегі инклюзивті саясаттың ауқымы кеңейіп келе жатқанын айтады. Бүгінде Ақмола облысында 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 14 мыңнан астам бала бар. Олардың басым бөлігі білім беру жүйесіне тартылған. Инклюзивті оқыту үлесінің артуы жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесі екені сөзсіз.

Бұл бағытта арнайы білім беру инфрақұрылымы да қарқынды дамып келді. Облыста 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медициналық және педагогикалық ақыл-кеңес беретін орын, 21 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 128 қолдау кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, аутизмі бар балаларға арналған орталық пен арнайы балабақша қызмет көрсетуде. Соңғы жылдары ерекше білім беру қажеттіліктері бар  балаларды қолдау кабинеттерінің санының артуы Ақмола облысының республика бойынша көшбасшы өңірлердің біріне айналуына мүмкіндік берді.

Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанаргүл Баймақова да өз сөзінде кеңінен тоқталып өтті.

– Біздің басты міндетіміз әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Осы мақсатта арнайы ұйымдар желісі кеңейтіліп, жаңа қолдау кабинеттері ашылуда. Халықаралық серіктестердің қолдауымен балаларды ерте жастан сүйемелдеу мүмкіндігі артып келеді. Сонымен қатар, бүгінде қазығы қағылып жатқан бұл инклюзивті спорт орталығында аутизмі бар балалардың да жүйелі түрде айналысуына жағдай жасалмақ. Бұл, әрине, бізді қуантып отыр, – деді ол.

Басқарма басшысының сөзінше, бұл бағытта кадр даярлау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Өңірде бір мыңнан астам арнайы педагог еңбек етсе де, маман тапшылығы әлі де сезіледі. Осыған байланысты гранттар бөлініп, колледждер мен жоғары оқу орындарында арнайы мамандар даярлау жолға қойылған. Бұл алдағы жылдары кадрлық әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы сапар барысында денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобаларға да назар аударды. Соның бірі жаңадан салынып жатқан 630 төсек-орынға арналған көпсалалы облыстық аурухана. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынып жатқан бұл нысан өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.

Мұнда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгінде бетон құю жұмыстарының басым бөлігі аяқталған, қазіргі таңда ішкі инженерлік желілерді тарту, қабырғаларды әрлеу және қасбеттік жұмыстар жалғасуда.

Солтүстік облыстарды қамтитын бұл өңіраралық аурухананың  медициналық корпустарына жоғары технологиялық медициналық жабдықтарды орнату көзделген. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың мамыр айына жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, 150 адамға арналған заманауи оңалту орталығының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бұл кешенде емдік-жүзу бассейні, спорт залдары, акт залы және стационар бөлімдері қарастырылған. Үш қабатты ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, тұрғындарға сапалы оңалту қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов атап өткеніндей, барлық бастамалар тұрғындардың нақты сұранысын ескере отырып іске асырылуда. Бұл  жаңа нысандар тұрғындар денсаулығына салынған инвестиция, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі саясаттың көрінісі деп білеміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар