Жаңарып жатқан  Көкшетау!

Ақмола облысында соңғы жылдары спорт пен инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Көкшетауда бір күннің ішінде бірнеше маңызды жобаның іргесі қаланып, өңірдің дамуына тың серпін беретін игі бастамалар қолға алынды.

Алдымен Көкшетаудағы Сарыарқа шағына уданында жаңа футбол стадионының құрылысына арналған уақыт капсуласы салынды. Салтанатты рәсімге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, құрылыс және спорт саласының өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы бұл жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына жасаған сапары барысында берілген нақты тапсырмалардың нәтижесі екенін атап өтті.

Жаңа арена 10 мың көрерменге лайықталып, UEFA халықаралық стандарттарына сай салынады. Бұл Көкшетауға тек, республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі матчтарды өткізуге жол ашады. Сонымен қатар, стадион тек спорт нысаны ғана емес, түрлі мәдени іс-шаралар мен фестивальдер өтетін көпфункционалды орталыққа айналмақ.

Бүгінде облыста 30 мыңнан астам адам футболмен тұрақты түрде айналысады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде мыңдаған жастар тәрбиеленіп жатыр. Осындай көрсеткіштер жаңа стадионның бос тұрмайтынын көрсетеді.

«Оқжетпес» клубының бас бапкері Ринат Әлеуетов те команданың әр матчқа үлкен жауапкершілікпен қарап, жоғары нәтижеге ұмтылатынын жеткізді.

Осы күні өңір спорты үшін тағы бір қуанышты сәт орын алды. Аймақ басшысы ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген белгілі боксшы Оразбек Асылқұловқа пәтер кілтін табыстады. Салтанатты кездесу Kokshe Arena спорт кешенінде өтіп, оған Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп қатысты.

Оразбек Асылқұлов соңғы жылдары жарқын жетістіктерімен көзге түскен спортшы. Ол 2025 жылы әлем чемпионы атанып, 2026 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Әсіресе, Моңғолияда өткен құрлықтық додадағы жеңісі жанкүйерлерге ерекше әсер қалдырған болатын. Финалда үндістандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген ол, өзінің табандылығы мен шеберлігін тағы бір дәлелдеді.

– Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Осындай қолдау көрсетіп жатқан ел ағаларына, жанкүйерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Әр жекпе-жекке бар күш-жігерімді салып, ел үмітін ақтауға тырысамын. Азия чемпионатында төрт жекпе-жекке шығып, нәтижесінде бокстан ел қоржынына алтын салдым. Бұл жарыстардағы жеңістер ұзақ дайындықтың, бапкерлерімнің еңбегі мен команданың бірлігінің нәтижесі. Алда бұдан да үлкен мақсаттар тұр. Халықаралық ареналарда Қазақстанның көк туын көтеріп, Әнұранымызды шырқату  менің басты арманым әрі міндетім. Ақмола өңірінің намысын абыроймен қорғау үшін аянбай еңбек етемін, – деді Оразбек Асылқұлов шара барысында.

Жиында облыс әкімі спортшының жетістіктері жастарға үлгі екенін айтып, мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Сондай-ақ, боксшының бапкері Ерлан Ғазизовқа 1 миллион теңге қаржылай сертификат берілді. Ал, Kokshe Arena спорт кешеніне Шахмұрат Мүтәліп шағын автобус сатып алуға сертификат табыстады.

Көкшетауда туризм мен бизнес саласын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды жоба – жаңа қонақүй құрылысы басталды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов мердігерлермен кездесіп, құрылыстың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Құрылысты жүргізетін мердігер компания  Raise Capital жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Амангелді Әкімовтың мәліметінше, Wyndham брендімен салынатын 9 қабатты қонақүйде 54 нөмір, мейрамхана, конференц-зал, SPA және фитнес орталық қарастырылады. Заманауи талаптарға сай бұл нысан қаланың инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етпек. Мұндағы құрылыс жұмыстарын аяқтау 2027 жылға жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, қалада «Жаңа жағалау-2» жобасы да қолға алынуда. Бұл аумақта да заманауи қоғамдық жағажай салынып, тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасалады. Жоба аясында санитарлық аймақтар, құтқару бекеттері, медициналық пункттер мен демалыс инфрақұрылымы толық қамтылмақ.

Жалпы, Көкшетауда басталған бұл бастамалар өңірдің тек спорттық емес, туристік және әлеуметтік дамуына да тың серпін берері сөзсіз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар