Барлық саланы қамтыған жүйелі жұмыстар бар

Жол картасы

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен «AMANAT» партиясының халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланған кеңейтілген кеңес өтті.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев, партия белсенділері мен облыстық мәслихат депутаттары қатысқан шарада аймақ басшысы соңғы жылдары Ақмола облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты сақталып отырғанын атап өтті. Айталық, 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешен өнімінің көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар, мал шаруашылығы, қайта өңдеу және өнеркәсіп салаларында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда.

– Индустриялық аймақтарда жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын жобалар пулы қалыптасты. Тұрғын үй құрылысы одан әрі қарқын алып, 2026 жылы 1300-ге жуық отбасы баспанамен қамтылғалы отыр. Ал, жалпы, соңғы үш жылда 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 19 мыңнан астам азамат баспаналы болды. Әлеуметтік осал топтар үшін 1,5 мыңға жуық пәтер сатып алынды. Қалалық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, мәдени және спорт нысандарын салу жұмыстары жүйелі жалғасуда, – деді Марат Ахметжанов.

Кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов жан-жақты баяндама жасады. Оның мәліметінше, Жол картасы аясында соңғы үш жылда 4 ірі серпінді жоба іске асырылып, 104 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл жоспарланған көрсеткіштен екі есе артық. Орташа жалақы 373 мың теңгеге жетіп, жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға дейін төмендеген.

Жастарды қолдау бағытында да нақты нәтижелер бар. Үш жыл ішінде 46 мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан. Көкшетау қаласындағы колледждердің студенттері үшін 1200 орындық төрт жатақхана салынған. Сонымен қатар, 2023 жылы 185 жас кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

Кеңес барысында Ақмола облысы туризм саласы бойынша да әлеуеті жоғары өңірлердің бірі ретінде атап өтілді. Әсіресе, Бурабай курорттық аймағында инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары онда ондаған шақырым инженерлік желілер мен жолдар салынған, жаңа туристік бағыттар ашылып, сервистік нысандар көбейген. Соның нәтижесінде келіп жатқан туристер саны 1,6 миллион адамға дейін артқан.

Өңірдің ауыл шаруашылығы саласы да еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Облыс республика бойынша бидайдың төрттен бірін өндірсе, құс еті мен жұмыртқа өндіруде де алдыңғы қатардан көрініп келеді. Бүгінде елорда тұрғындарына жеткізілетін сүт өнімдерінің 35 пайызы, еттің 30 пайызы және жұмыртқаның 80 пайызы Ақмола облысының үлесінде.

Облыс бойынша әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады. Соңғы жылдары 19 жаңа мектеп салынып, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі толық шешілген. Денсаулық сақтау саласында 38 медициналық нысан пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Көкшетау қаласында көпсалалы облыстық аурухана мен 150 орындық оңалту орталығының құрылыстары жүргізілуде.

Спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне келсек, өңірде бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт сарайлары мен бассейндер салынғанын атап өткен жөн. Осыдан бірер күн бұрын ғана облыс орталығының Сарыарқа шағын ауданында УЕФА талаптарына жауап беретін он мың орындық жаңа жабық стадионының алғашқы капсуласы салынды. 2028 жылы пайдалануға беріледі деп күтіліп отырған бұл ірі спорт нысанында футболдан халықаралық жарыстар өткізуге болатындай жайлы жағдайлар туғызылмақшы.

Облыста жол инфрақұрылымы да жаңартылуда. Оның бір айғағы, үш жылда 2,5 мың шақырым автожол жөнделген. Мұнымен бірге, ауыз су, газдандыру және электр желілерін жаңғырту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Осы ретте, экология мәселелерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Соңғы үш жылда 882 заңсыз қоқыс орны жойылып, мыңдаған гектар аумаққа ағаш отырғызылғанын атап өткен жөн. Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша жаңа кешендердің құрылысы басталуда.

Жиын барысында сөз алған Павел Казанцев Ақмола облысы елдегі жетекші өңірлердің бірі екенін атап өтіп, аймақта «AMANAT» партиясымен бірлесіп атқарылған және атқарылатын жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

– Өңірде ауыл шаруашылығынан бастап әлеуметтік қолдауға дейінгі аралықтағы барлық бағыттар қамтылған жүйелі істер тындырылуда. Әрине, мұндайда ең бастысы, осы тұрақтылықты сақтап, орын алған олқылықтарды дер кезінде түзете білу, – деді ол.

Кеңес отырысында Жол картасын одан әрі тиімді орындау, сондай-ақ, іске асырылмай келе жатқан жобаларды аяқтау мәселелері әрі қарай да кеңінен талқылана түсті.

Жалпы, Ақмола облысында «AMANAT» партиясының Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар өңірдің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға нақты негіз қалыптастырып отырғанын айта кеткен жөн.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар