15 мамыр – Халықаралық отбасы күні
Халықаралық отбасы күні қарсаңында Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «Отбасы – алтын ұя» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Елімізде жыл сайын 15 мамырда Халықаралық отбасы күні атап өтіледі. Бұл атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтілген.
–«Отан отбасынан басталады» деп жатамыз. Себебі, отбасы да бір шағын мемлекет, қоғамның тірегі. Осы шағын ғана мемлекетте ата-ананың орны қалай ерекше болса, баланың да алар орны маңызды. Күнделікті күйбең тіршіліктің бір күнін отбасына арнап, атап өтудің өзі жанұя мүшелерінің бір-біріне деген құрметін, сыйластығын, сүйіспеншілігін арттырады. Бүгінгі ұйымдастырып отырған іс-шарамыз отбасы құндылықтарын дәріптеп, аналардың қоғамдағы рөлін насихаттау, өнегелі отбасылардың тәжірибесін жастарға үлгі ету, –деді кітапхана меңгерушісі Жанар Айтқожина.
Жастар қауымына отбасы құндылықтары кеңінен дәріптелген мазмұнды шараның басты қонағы – көпбалалы, әрі ерекше бала тәрбиелеп отырған ана Даурия Төлешова болды. Оның жұбайы Сағынтай Айғожаұлымен қол ұстасып, шаңырақ көтергендеріне биыл 19 жыл. Осы аралықта олар төрт баланы дүниеге әкеліп, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Отағасы әскери салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер болса, отбасының ұйытқысы Даурия ханым бала тәрбиесімен айналысады және қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүріп, ерекше балалары бар аналардың мәселелерін шешуге атсалысады. Үш ұл, бір қыз өсіріп отырған отбасының тұңғыш балалары ерекше болып дүниеге келген. Талай жылдар бойы сәби сүюді армандаған жас отбасының тұңғыш балаларының тағдырдың жазуымен ерекше болып туылуы түсіне білген адамға өте ауыр. Десе де, бұл сынақ олардың сағын сындыра алмады.
– Біз сондай бір асып-тасып жатқан, керемет отбасы емес, кәдімгі ел қатарлы өмір сүріп жүрген қатардағы жанұямыз. Өзіміздің кішігірім жылы ұямызда қолымыздан келгенше өсіп-өніп, дамып жатырмыз. Бақытты отбасы болудың кілті не деген сауалдарыңызға айтарым, отбасында ер мен әйел бірін-бірін түсінісіп, сыйласып, бірін-бірі тыңдап, ақылдасып, сүйіспеншілік пен мейірімде өмір сүрулері керек. Әйел ерін сыйлап, оны өзінен бір саты жоғары қойса, ер де әйелін балаларының анасы, өмірлік жары ретінде құрметтеуі тиіс. Әрине, кез-келген шаңырақта ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, сондай сәттерде сабыр сақтай білу керек. Әйел өзінің нәзік екенін ұмытпай, еркелесе жеңеді. Біз жолдасым екеуіміз бағалай білгенге бақ қонады деген қағиданы ұстанамыз. Осылайша, өмірлік серігім екеуіміз төрт баланы дүниеге әкелдік. Ендігі мақсатымыз оларды саналы ұрпақ етіп тәрбиелеу, өмірден өз мұраттарын табуға бағыт-бағдар беру, – дей келе Даурия Қайратқызы іс-шараға жиналған жас қыздарға отбасын құру, оны сақтап қалу жайлы өзінің ақыл-кеңестерін айтып берді.
Ерекше бала тәрбиелеу үлкен төзімділік пен мейірімді талап ететіні баршаға аян. Өкінішке орай, кейбір отбасылар мұндай сынаққа шыдамай, сынып кетіп жатады. Ал, Төлешовтердің отбасындағы жылылықты, бақ-берекені, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластықты сақтап келе жатқаны көпке үлгі.
– Біз жолдасым екеуіміз бала сүюді көптен армандадық. Жылдар бойы күткен тұңғышымыздың денсаулығында кінәрат барын оның төрт айлығында ғана білдік. Содан кейін ем-дом шаралары басталды. Басында қиналдым, әрине. Өзімді кінәлаған тұстарым да болды, Аллаға жалбарынып, неге менің балам осындай ерекше туылды деп жылаған сәттерім де аз емес. Бірақ, мен ойлана келе, «егер бұл баланың ерекшелігін қазір мен қабылдамасам, ол менен басқа кімге керек?» деп өзімді жігерлендіріп, қайрадым. Мен адамдардың маған аяушылық білдіргенін қаламадым. Қазір кейін туған екі ұлым менің қолқанатым, ағаларының күтіміне көмектеседі. Ең бастысы, мұндайда қажымай, талмай алға ұмтылу керек. Бұл бала мені өмір сүруге, дүниедегі қарапайым жағдайларға қуануды үйретті, –деп толғанды Даурия ханым. Бұдан әрі ол ерекше бала тәрбиелей жүріп, өзінің қоғамдық жұмыстардан қалмайтынын, соның ішінде ерекше балалар тәрбиелеп отырған аналарға көмек қолын созып жүретінін, ақыл-кеңес беретінін де әңгімелеп берді. Айта кетер болсақ, ол “Бархатный круг” атты әйелдер қауымдастығының төрайымы.
Тағылымға толы шарада Төлешовтер отбасының балалары Сұлтан мен Мақсат та сөз алып, отбасындағы дәстүрлерімен бөлісті. Отбасы мүшелері бос уақыттарында табиғат аясына серуендеуге шығып, бірге кино тамашалап, оқыған кітаптарын талқылайды.
Отбасы құндылықтары мен отбасындағы аналардың рөлі мен маңызы кеңінен әңгімеленген мазмұнды шарада әсем ән шырқалып, ана туралы өлеңдер оқылды. Кеш соңында ұйымдастырушылар Төлешовтер отбасына шағын сыйлықтар табыстап, шараға қатысқандарына алғыстарын білдірді.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

