Гала-концерт
«Көкшетау» мәдениет сарайында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты гала-концерт пен үздік мамандарды марапаттау рәсімі өтті. Руханият пен өнер мерейі асқақтаған кешке облыс әкімі Марат Ахметжанов, зиялы қауым өкілдері, мәдениет жанашырлары және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Мерекелік шара мәдениет сарайының алдындағы қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесінен басталды. Қатысушылар жергілікті өнерпаздардың туындыларын тамашалап, халқымыздың бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарының өміршеңдігіне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Көкшетау мәдениет сарайының сахнасындағы кеш шымылдығы ұлттық өнер мен заманауи мәдениетті үйлестірген концерттік бағдарламамен ашылды. Облысымыздың үздік шығармашылық ұжымдары сахна төрінде өнер көрсетіп, би ансамбльдерінің қойылымдары, халық аспаптар ансамбльдерінің күмбірлеген күйлері мен оркестрдің салтанатты композициялары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында облыс әкімі жас өнерпаз, әлеуметтік желіде танымал болып жүрген қара өлең оқу шебері, Целиноград ауданы Қараөткел ауылдық мектебінің 6-сынып оқушысы Асылай Төлендінің өнерін ерекше атап өтіп, Алғыс хатпен марапаттады.
Асылайдың өлеңге деген ықыласы, бала жүрегінің шынайылығы мен ұлттық рухты дәріптеудегі ынтасы жиналған көпшілікті сүйсіндірді. Жас өнерпаздың болашақта биік белестерді бағындырып, қазақ руханиятының жарқын жұлдызына айналатынына сенім мол.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов мәдениет пен өнердің ұлт болмысындағы орнына ерекше тоқталды.
– Бүгін қасиетті Көкше жерінде тағы бір мәдени-рухани кеш өтіп жатыр. Бұл жай ғана мереке емес, халыққа рух пен шабыт сыйлайтын тағылымды шара. «Ел іші – өнер кеніші» дейді дана халқымыз. Ақмоланың әр өңірінен келген өнерпаздар туған жеріміздің өнердің алтын бесігі екенін дәлелдеді. Мәдениет ұлттың жаны болса, өнер халықтың жүрегінің лүпілі іспетті. Ұлттық болмысты сақтап, ел рухын көтеріп жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі Арқа төсінде дүниеге келген әйгілі сал-серілердің мұрасына кеңінен тоқталды. Біржан салдың асқақ әні, Үкілі Ыбырайдың сырлы сазы, Ақан сері мен Сәкен серінің серілік дәстүрі, Иманжүсіп Құтпанұлы мен Балуан Шолақтың өр рухы қазақ руханиятының мәңгілік шамшырағы екенін айрықша атап өтті.
– Бұл тұлғалардың мұрасы ұлттың рухани темірқазығы. Сол өнерді бүгінге жеткізіп жүрген мәдениет қызметкерлері мен шығармашылық ұжымдар руханияттың шынайы жанашырлары, – деді Марат Ахметжанов.
Шарада облыс әкімі мәдениет саласының дамуына зор үлес қосқан ардагер өнер майталмандарына да ерекше құрмет білдірді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова, «Құрмет» орденінің иегерлері Тұрлығожа Базаров, Шолпан Дүкүмбаева, Людмила Багапова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова, Мара Есмұханова, мен Әбсалық Салықтың ел мәдениетіне қосқан үлесі айрықша атап өтілді.
Сондай-ақ, Ақмола өңірінен шыққан көптеген таланттардың бүгінде халықаралық сахналарда ел намысын абыроймен қорғағаны және қорғап жүргені де ерекше аталды. Олардың қатарында Иран сал Тасқара, Қапаш Құлышева, Баянғали және Нұрлан Әлімжановтар, Салтанат Ахметова, Наталья Спицина, Дмитрий Федоров, Алдияр Ерғали мен Қайыржан Жолдыбаев сынды дарынды жерлестеріміз бар.
Шара барысында мәдениет пен өнердің үздік өкілдерін марапаттау рәсімі орын алды. Өнер мен руханият жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға мемлекеттік наградалар, төсбелгілер, құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Атап айтқанда, «Құрмет» орденімен «Көкшетау» мәдениет сарайының директоры Әлия Құрманова марапатталса, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері Төлеубек Көнбайұлына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Сондай-ақ, дәстүрлі әнші, зейнеткер Салық Әбсалыққа «Еңбек ардагері» медалі табыс етілді. Сонымен қатар, қоғам қайраткері Марал Жақыпова, Атбасар тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Салтанат Тәжбенова, Жарқайың аудандық мәдениет үйінің әдіскері Светлана Горбань, «Сазды әуен» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Амангелді Райханұлы, үйірме жетекшісі Бауыржан Нұрымбетов, «Достар» мәдениет сарайы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Әсем Ибраева, Көкшетау қаласы тарихы музейінің директоры, ақын Алмас Темірбай, ғылыми қызметкері Гүлмира Зарапова, «Көкшетау» мәдениет сарайының қызметкері Бейбіт Кешу, «Родничок» халықтық би ансамблінің жетекшісі Виктория Манукян және Бурабай аудандық мәдениет үйінің директоры Айсұлу Жамандықова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты кеште «Өнер – халық қазынасы» атты облыстық халық шығармашылығы байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, орталығы кенттер мен ауылдар болып саналатын аудандар арасында ІІІ дәрежелі диплом мен 1 миллион теңгенің сертификаты Шортанды ауданына, ІІ дәрежелі диплом мен 2 миллион теңгенің сертификаты Аршалы ауданына табысталды. І дәрежелі диплом мен 3 миллион теңгенің сертификатын Зеренді ауданы иеленді. Ал, Бас жүлде мен «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің кілті Целиноград ауданына бұйырды.
Сондай ақ, орталығы қала болып саналатын аудандар арасында ІІІ дәрежелі диплом мен 1 миллион теңге сертификат Бұланды және Ерейментау аудандарына, ІІ дәрежелі диплом мен 2 миллион теңгенің сертификаты Жарқайың ауданына берілді. Атбасар ауданы І дәрежелі диплом мен 3 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Бас жүлдені Бурабай ауданы жеңіп алып, жаңа автокөлікке қол жеткізді.
Ал, облыстық маңызы бар қалалар арасында Көкшетау қаласы І дәрежелі диплом және 1 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды. Қосшы мен Степногорск қалалары Бас жүлдені иеленіп, «Chevrolet Cobalt» автокөліктерінің кілтін алды.
Бұл жолғы байқаудың ерекшелігі марапаттау кезінде сахна төріне аудан және қала әкімдерімен қатар, мәдениет бөлімдерінің басшыларының да шақырылуы болды.
Өз сөзінде облыс әкімі Ақмола өңірінде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Соңғы жылдары жаңа мәдениет нысандары ашылып, театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері жаңартылып келеді.
– Бүгінде Ақмоланың мәдениет саласы халықаралық деңгейде де биік белестерді бағындыруда. Өткен жылы Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармония әртістері Еуропа сахнасында ұлттық өнерімізді лайықты танытты. Ал, биыл «16 қыз» хореографиялық ансамблі Түркияда халқымыздың би өнерінің салтанатын паш етпек, – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Мемлекет басшысының «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы» деген сөзін келтіре отырып, мәдениет саласы қызметкерлерінің жауапкершілігі зор екенін атап өтті.
Кеш барысында облыс әкімі мәдениет және өнер саласының барлық қызметкерлеріне алғыс айтып, шығармашылық табыс, шалқар шабыт және отбасыларына амандық тіледі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

