Ақтаңдақтар ақиқаты: Көкшетау өңіріндегі байлардың тағдыры

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтың куәгерлері мен олардың ұрпақтары естеліктерінің топтамасын дайындау және басып шығару» жобасы аясында жүргізілген ғылыми-іздестіру жұмыстары барысында еліміздің әр өңірінде орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың ащы шындығы, халық басына түскен ауыр тағдырлар айқындала түсті.

XX ғасырдың 20-30-жылдары – қазақ халқының тарихындағы ең қаралы кезеңдердің бірі. Кеңестік биліктің орнауымен басталған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәстүрлі өмір салтын түбірімен өзгертіп, қазақ қоғамының негізін құраған рулық-қауымдық құрылымды, бай-шонжарлар институтын күйретті. «Алыптың күйреуі – халықтың күйреуі» демекші, байлар мен ауқатты азаматтар жаңа билік тарапынан «тап жауы» ретінде танылып, қуғын-сүргінге ұшырады.

Солақай саясаттың салдарынан Көкшетау өңірінде де талай отбасы ауыр тағдырды бастан кешірді. Олардың арасында елге сыйлы, халыққа беделді, мал шаруашылығын өркендетіп, ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген ірі байлар да бар еді.

Солардың бірі ұлт қайраткері Шаймерден Қосшығұл. ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін қасіретті де күрделі кезең болды. Осы жылдар ішінде ұлт зиялылары ұлтты ояту жолында күресіп, кейін сталиндік репрессияның құрбанына айналды. Солардың бірі – менің арғы атам Шаймерден Қосшығұл (1874-1932) Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, діндар-ағартушы. Ол Көкшетау уезінің Қотыркөл болысында дүниеге келіп, алғашқы білімін мұсылманша алды. Кейін Көкшетаудағы Науан хазіреттің медресесінде, одан соң Бұқарада діни және зайырлы білім алды. Жасынан ел қамын ойлаған тұлға ретінде Науан хазіретпен бірге патша өкіметінің отаршылдық және шоқындыру саясатына қарсы күрес жүргізді.

1890 жылдары олар патша әкімшілігінің мұсылмандарға жасаған қысымына наразылық білдіріп, екі рет Абай Құнанбайұлына хат жазды. Бұл хаттардың салдары ауыр болды. Абайдың үйі тінтіліп, Науан хазірет пен Шаймерден Қосшығұл Сібірге жер аударылды. 1905 жылы Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов сынды қайраткерлердің араласуымен ол бостандыққа шықты.

Шаймерден Қосшығұлдың саяси белсенділігі ерекше болды. 1906 жылы ол Ресей Мемлекеттік Думасының І шақырылымына, кейін ІІ Думаға депутат болып сайланды. Осы кезеңде ол Ақмола облысына орыс шаруаларын жаппай көшіру саясатына қарсы шығып, тиісті орындарға жеделхаттар жолдады.

Сонымен бірге, Қосшығұл баспасөз саласында да із қалдырды. Петерборда жарық көрген татардың «Улфәт» газетіне қосымша ретінде шыққан «Серке» газетін шығаруға атсалысты. 1907 жылы Әлихан Бөкейханның кеңесімен Түркияға барып, осман үкіметінің өкілдерімен кездесіп, ІІ Николай патшаға түрік басылымдары арқылы үндеу жасады.

1918 жылы Қызылжар өңірінде Алаш комитетінің төрағасы ретінде қызмет атқарып, Алаш қозғалысының идеясын таратып, ұлттық автономия құру жолында күресті.

Алайда, большевиктік билік орнаған соң, Шаймерден Қосшығұл да қуғын-сүргінге ұшырады. 1930 жылдардың басында «халық жауы» деген жалған айып тағылып, ақыры 1932 жылы Омбы өңірі, Есілкөл ауданы, Ақсары ауылында өмірден өтті.

Бүгін біз өткенге көз жүгіртіп, Шаймерден Қосшығұл сынды ұлт арыстарының еңбегін еске алуымыз тарихи әділеттілік. Олар бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаған ардақтылар. Жазықсыз жапа шеккен Алаш қайраткерлерін ұмытпау ұлт алдындағы борышымыз.

Хасенов Жолдасқожа ерекше ірі мал иесі. Көкшетау ауданының №1 ауылында тұрған Хасенов Жолдасқожа тәркілеу науқанындағы мал саны жағынан ең ірі байлардың бірі. Архив құжаттарында көрсетілгеніндей, оның иелігінде 820 жылқы, 26 ірі қара, 117 қой мен 23 ешкі болған.

Мал басы барлығы 869 ірі малға теңестірілген. Мұндай көрсеткіш тек қана байлықтың емес, үлкен шаруашылықты жүргізе білудің, жүйелі мал өсірудің, ұйымдастырушылық қабілеттің айғағы еді. Дегенмен, бұл Жолдасқожаны тәркілеуден құтқара алмады. 1928 жылғы 22 қыркүйектегі Петропавл округтік атқару комитетінің №10 қаулысына сәйкес, ол 1-санатты бай ретінде бүкіл отбасымен округ шегінен тыс жерге жер аударылып, мүлкі толық тәркіленді.

Абылсанов Сейфолла – қарсы пікір мен саяси көзқарастың құрбаны. Абылсанов Сейфолла туралы архивтік құжаттарда туған жылы мен отбасы жайлы мәліметтер сақталмағанымен, оның кең көлемдегі шаруашылық жүргізгені белгілі. Революцияға дейін оның иелігінде 130 жылқы, 19 бұқа, 14 сиыр, 252 қой болған. Сондай-ақ, егін еккен, 2 жалдамалы жұмысшы ұстаған.

Сейфолла бай ретінде ғана емес, кеңестік реформаларға қарсы белсенді пікір білдіруші ретінде де көзге түскен. Ол колхоздастыру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау жоспарларына қарсы шыққан, бұл оның кеңестік билікке «әлеуметтік қауіпті элемент» ретінде жақпауына себеп болды. Абылсанов Сейфолла хан-сұлтан ұрпағы, бұрынғы болыс, байлар қатарында болғандықтан, 1928 жылы дауыс беру құқығынан, біржолата мал-мүлкінен айырылып, қуғынға ұшырады. Құжатта оның нақты қайда жер аударылғаны көрсетілмесе де, «раскулаченный» деген белгі толық жойылу саясатын айғақтайды.

Омарқұлов Шәріп – шаруашылық иесі және қуғын-сүргін құрбаны. Еңбекшілдер ауданының №3 ауылында өмір сүрген Омарқұлов Шәріп 1928 жылғы тәркілеу кезінде келесі мүлкінен айырылды 130 жылқы, 30 ірі қара, 165 қой, 1 шөп шабатын техника, 1 тырма, 1 сепаратор, қыстау, ағаш үй және 2 киіз үй, 20 десятина жер егісі.

Шәріп бай ретінде екі тұрақты жалдамалы жұмысшыны ұстаған. Бұл оның шаруашылығы бір үйдің шеңберінен шығып, аймақтық деңгейде маңызы бар ірі құрылым болғанын көрсетеді.

1928 жылы 22 қыркүйек күні шыққан Петропавл округтік атқару комитетінің №10 қаулысы бойынша Омарқұлов отбасы мүшелерімен бірге Петропавл округінен тыс жерге жер аударылып, бар мүлкі тәркіленді.

Тек 1989 жылы 19 қыркүйекте ғана Көкшетау облыстық прокуратурасының шешімімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығына сәйкес толық ақталды.

Тәшенов Мұқылай – атамекенінен аластатылған тұлға. Көкшетау ауданының №3 ауылынан шыққан Тәшенов Мұқылай да кең көлемде шаруашылық жүргізген. Тәркіленген мүлік көлемі оның ауқатты бай болғанын дәлелдейді. 118 жылқы, 61 ірі қара, 5 түйе, 260 қой, 43 ешкісі болған.

Мал құрамы ірі қараға шаққанда – 227 бас. Бұл көрсеткіш Тәшеновті бірінші санатты бай ретінде сипаттауға толық негіз береді. Ол да 1928 жылғы атышулы қаулы негізінде отбасымен бірге округтен тыс жерге жер аударылды.

Тек 2000 жылы 4 қыркүйекте ғана Ақмола облыстық прокуратурасы Тәшенов Мұқылайды Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы негізінде ақтады.

Азнабаев Әбжан – мал иесі және қуғын-сүргін нысанасы. Көкшетау ауданының №1 ауылында тұрған Азнабаев Әбжан кеңестік билік тарапынан бірінші санатты бай ретінде танылды. 1928 жылғы тәркілеу науқанында оның мынадай мүлкі тәркіленді. 390 жылқы, 37 ірі қара, 240 қой, 48 ешкі. Жалпы ірі малға шаққанда – 475 бас. Бұл дерек Азнабаевтың шаруашылығы өз дәуіріндегі ірі ауыл шаруашылық субъектісі болғанын аңғартады. Кеңестік саясат үшін мұндай ауқымдағы шаруашылық тап жауы, яғни, ауылдағы кеңестік құрылымға қауіп төндіретін әлеуетті ықпал иесі ретінде бағаланды.

Петропавл округтік атқару комитетінің 1928 жылғы 22 қыркүйектегі №10 қаулысы негізінде Әбжан Азнабаев отбасымен бірге туған өлкесінен қуылып, барлық мүлкі тәркіленді. Оның тағдыры – дәстүрлі көшпелі бай шаруашылығы мен оның иесінің толық жойылу көрінісі.

Байтіков Аббас – дәстүрлі байлық пен тәркілеу тізімінде жүр. Байтіков Аббас та Көкшетау ауданында ірі байлардың бірі болды. Тәркілеу құжаты бойынша оның мал-мүлкі мынадай көлемде болған. 127 жылқы, 59 жас жылқы, 8 бұқа, 19 сиыр, 60 қой, 13 ешкі, 3 түйе.

Барлығы – 231 бас мал. Бұл – көшпелі қазақ байының классикалық бейнесі. Байтіков те жоғарыда аталған қаулы негізінде отбасымен бірге жер аударылып, мүлкі толық тәркіленді. Кеңестік жүйе оны да «бай-атқамінер» ретінде тануға еш кідірместен шешім қабылдады.

Балғожин Абылай, 1878 жылы туған ірі шаруа, техникалық жабдықталған бай. Балғожин Абылай – дәстүрлі мал шаруашылығымен ғана емес, сонымен қатар, техникалық құралдарды пайдалануымен ерекшеленген ірі бай. Оның мүлкі төмендегідей көлемде тәркіленген. 100 бас жылқы, 25 бас ірі қара, 73 десятина егістік жер, 40 десятина шабындық жер, Паровозды молотилка, «Фордзон» тракторы, ауыл шаруашылық машиналары.

Бұл мәліметтер оның шаруашылығы нарықтық-тауарлық сипатқа көшіп, техникалық жағынан дамығанын көрсетеді. Абылай 5 жалдамалы жұмысшы ұстаған. Ол тек бай ғана емес, заманына сай техникалық сауатты, ұйымдастыру қабілеті бар шаруа иесі болған.

Балғожин Сәдуақас, 1893 жылы туған, байлықты бөліскен ағайын. Абылайдың жақын туысы, мүмкін, ұлы не інісі Сәдуақас та дәл сондай көлемдегі мүлікке иелік еткен. Бұл олардың шаруашылығын бірлесіп жүргізгенін немесе әулеттік деңгейде біртұтас ірі бай шаруашылық құрғанын аңғартады. Сәдуақастың да иелігіндегі мүлік: 100 жылқы, 25 ірі қара, 73 десятина егістік, 40 десятина шабындық, Паровозды молотилка, трактор және басқа ауыл шаруашылық машиналары, 5 тұрақты жалдамалы жұмысшысы болған.

Батырбаев Табылды (Сүлеймен Табильдинов) – бай һәм алашшыл атқамінер. Батырбаев Табылды кейбір құжаттарда Сүлеймен Табильдинов деп көрсетіледі, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Көкшетау өңіріндегі ықпалды, саяси белсенді атқамінерлердің бірі болған. Оның ата-бабасы, әсіресе, әкесі Табылды Батырбаев – өңірге танымал тұлға, Алаш партиясы мен Алаш Орда қозғалысының Көкшетау уездік комитетінің белсенді мүшесі болған. Кеңестік билік үшін мұндай әлеуметтік шығу тегі тәркілеу мен саяси қуғынға жеткілікті себеп болды.,

Архивтік мәліметтер бойынша, Табылдының шаруашылығы өте ауқымды әрі ұйымдасқан түрде болған. Октябрь ауданының №1 ауылында орналасқан бұл шаруашылықта 15 адамнан тұратын отбасы мен 3 жалдамалы жұмысшы, соның ішінде 1 маусымдық жұмысшы еңбек еткен. Оның иелігінде 293 бас мал (115 жылқы, 62 ірі қара, 3 түйе, 131 қой мен ешкі), 800 пұт бидай, 200 пұт сұлы, 555 пұт шөп және жалпы құны 386 сомға бағаланған ауыл шаруашылық құралдары болған. Әкесінің өз мүлкін ұлының атына жазып беру әрекеті тәркілеуден құтқаруға тырысқан шара болғанымен, нәтиже бермеген. ОГПУ деректерінде Табылды «атқамінер» ретінде сипатталып, осы себеппен оның мүлкі тәркіленіп, өзі отбасымен бірге Петропавл округінен жер аударылды.

Бекмұхамедов Нығметжан – ірі бай, байлығымен көзге түскен тұлға. Кеңестік тәркілеу саясатының тағы бір нысанына айналған – Көкшетау ауданының ірі байы Бекмұхамедов Нығметжан. Оның шаруашылығының көлемі мен құрылымы тәркілеу науқанының тек экономикалық емес, сонымен қатар, саяси мақсат көздегенін дәлелдейді. Оның меншігіндегі мал саны 405 басқа жеткен, оның ішінде: 180 жылқы, 40 өгіз, 53 сиыр, 167 қой, 50 ешкі және 6 түйе болған. Кеңестік үкімет мұндай байлықты «әлеуметтік қауіптілік» деп танып, бай-феодал ретінде бағалап, Петропавл округтік атқару комитетінің 1928 жылғы 22 қыркүйектегі №10 қаулысы негізінде Нығметжанды отбасымен бірге Петропавл округінен жер аударып, барлық мүлкін тәркілеген.

Жұманов Әлжан – орташа дәулетті, ұйымдасқан шаруашылық иесі. Жұманов Әлжан Еңбекшілдер ауданының №3 ауылында тұрған, 1928 жылғы тәркілеу науқаны кезінде «бай» ретінде танылып, 1-санаттағы кулак ретінде отбасымен бірге жер аударылған. Архивтік құжаттар бойынша Әлжанның шаруашылығы орта деңгейде ұйымдасқан деп көрсетілген, бірақ, тұрақты еңбек күшін ұстауы оны кеңестік билік үшін әлеуметтік қауіпті элемент ретінде бағалауға жеткілікті болған.

Шаруашылық құрамы мынадай: 155 жылқы (оның ішінде 109-ы ерекше санатқа жатқызылған), 20 ірі қара, 2 түйе, 85 қой мен ешкі, 1 шөп маясы, 1 тырма, 1 сепаратор, 25 десятина шөптік жер, 4 десятина егіндік алқап, сондай-ақ, ағаш үй мен 2 киіз үй. Ол тұрақты түрде 2 жалдамалы жұмысшыны пайдаланған. Бұл мәліметтер шаруашылықтың ауқымын ғана емес, оның кәсіби ұйымдастырылу деңгейін де көрсетеді. Жұманов отбасымен бірге Петропавл округінен тыс жерге жер аударылып, 1989 жылы 19 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 16.01.1989 жылғы Жарлығы негізінде Көкшетау облыстық прокуратурасының шешімімен ақталған.

Закрияев Құрманқожа – ірі бай-феодал, мал және техника иесі. Көкшетау ауданының №8 ауылында тұрған Закрияев Құрманқожа кеңестік тәркілеу науқанының шеңберінде бай-феодал ретінде ерекше көзге түскен тұлғалардың бірі. Оның шаруашылығы көлемі жағынан аса ауқымды болған және мұндай байлық кеңестік жүйе үшін саяси-әлеуметтік тұрғыда қауіпті деп танылды.

Архив деректері бойынша, Құрманқожа 451 жылқы, 62 ірі қара мал, 229 қой мен ешкі, сондай-ақ, күрделі ауыл шаруашылық техникаларын иеленген. Сонымен қатар, ол тұрақты түрде 12 батракты жалдап ұстаған, бұл оның шаруашылығының өндірістік сипатын және әлеуметтік мәртебесін айқындай түседі. Кеңестік билік оны 1-санаттағы бай ретінде барлық мүлкін тәркілеп, Петропавл округтік атқару комитетінің 22 қыркүйек 1928 жылғы №10 қаулысы бойынша отбасымен бірге Петропавл округінен тыс жерге жер аударған.

Кенжеғарин Шүкім – ірі бай, дәстүрлі мал шаруашылығының иесі. Кенжеғарин Шүкім 1928 жылғы тәркілеу науқаны кезінде Көкшетау ауданында ірі бай ретінде танылып, кең көлемдегі мал шаруашылығымен айналысқан тұлға. Архивтік құжаттарға сәйкес, оның иелігінде жалпы саны 370 басқа жететін мал болған, бұл оның дәулетінің ауқымдылығын және дәстүрлі көшпелі шаруашылық үлгісін жалғастырып отырғанын көрсетеді.

Тәркіленген мал құрамы төмендегідей. 160 жылқы, 13 өгіз, 39 сиыр, 175 қой, 22 ешкі және 10 түйе. Мұндай көлемдегі мал бай-феодал ретінде танылуға жеткілікті болған. Кеңестік билік оны «1-санаттағы бай» деп танып, Петропавл округтік атқару комитетінің 1928 жылғы 22 қыркүйектегі №10 қаулысы бойынша бүкіл мүлкін тәркілеуге және отбасымен бірге Петропавл округінен тысқары жерге жер аударуға шешім шығарған. Бұл іс Шүкім Кенжеғариннің кеңестік мал-мүлік саясатынан зардап шеккен тұлғалардың бірі екенін дәлелдейді.

Баянов Ыбрай – күрделі тағдырлы кулак. Ыбрай Баянов 1865 жылы туған. Ол Көкшетау ауданының №17 ауылының тұрғыны болған және алты мүмкіндігі шектеулі адамнан, оның ішінде үш әйелден тұратын үлкен отбасының басшысы болған. Баянов партия мүшесі болмағанымен, оның шаруашылығы кулак деп танылған, өзіне сайлау құқығы берілмеген және бұрын 61-бап бойынша сотталған.

Мәліметтерге қарағанда, Баянов 2-3 жалдамалы батракқа жұмыс істеткен. 1931 жылы Көкшетау аудандық атқару комитетінің президиумы оны кулак деп танып, отбасымен бірге ауданнан шығару туралы шешім қабылдаған. Өзін-өзі қорғау мақсатында Баянов қашып кеткен, ал, отбасы ауылда қалған. Оның тағдыры дәстүрлі өмір салтының күрделі кезеңіндегі көптеген адамдардың қайғы-қасіреті.

Бүркітбаев Қасен – ірі бай және отбасының басшысы. Қасен Бүркітбаев 1887 жылы туған деп есептеледі. Оның 1930 жылдар басында кең көлемде мал-мүлкі, ал, 1917 жылға дейін 200-300 жылқысы, 50-60 ірі қарасы, 100 қой мен ешкісі болған. Бүркітбаевтың отбасы мүшелері – әйелі Бадеп пен баласы Қызат.

Қамауға алынғанға дейін ол Желтау ауылдық кеңесінде, «Игілік» колхозында №13 ауылда тұрған. Ол 5-6 батракқа жұмыс істеткен, бұл оның шаруашылығы жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Бүркітбаевтың оқиғасы кеңестік Қазақстандағы көптеген бай-шонжарлардың тағдырының айғағы, олардың шаруашылығы тәркіленіп, отбасылары жер аударылған.

Жақыпов Кәрім. Мал-мүлкінен, құқығынан айрылған Көкшетау ауданы №6 ауылдың тумасы Жақыпов Кәрім 1932 жылы 65 жаста болған. Малға бай, үш-төрт жалдамалы жұмысшысы бар ол 1917 жылға дейін 50 жылқы, 35 сиыр, 100 қой-ешкі ұстаған. Кеңестік билік орнағаннан кейін оның мүлкі күрт қысқарып, 1931 жылы астық дайындау науқаны кезінде «30 пұт бидай жоспарын орындамады» деген желеумен тұтқындалып, бір ай абақтыда отырып шығады.

Ал, 1931 жылы «бай-кулак» деп танылып, мүлкі мен малы тәркіленіп, саяси құқығынан айырылған. Жазасын өтегеннен кейін де сайлау құқығынан айырылып, қоғамдық өмірден шеттетілді. Әйелі Дәмен, келіні Бәдигүлмен бірге өмір сүрген.

Досымов Қали ата-бабасы бай, өзі ел басқарған. №3 ауылының тумасы Досымов Қали бай әулеттен шыққан адам. 1932 жылы 64 жаста болған Қалидің атасы 1000 жылқы ұстаған ауқатты кісі болған. Қалидің өзінде 40 жылқы, 27 сиыр, 82 қой-ешкі және 16 пар өгіз болған. Сонымен қатар, ол ауылдық басқарушы болып қызмет атқарған және 4-5 жалдамалы жұмысшысы болған.

1932 жылы 31 тамызда тұтқындалған ол 1932 жылғы 25 ақпандағы Көкшетау аудандық атқару комитетінің қаулысымен «кулак» деп танылып, дауыс беру құқығынан айырылып, жаппай ұжымдастыру мен кулактарды жою аясында аудан мен облыс аумағынан тыс жерге жер аударылған. Отбасында Трофимовка ауылында тұратын әйелі және екі кәмелетке толмаған баласы болған.

Сыздық Калиев – ұрпақтан ұрпаққа байлық сақтаған, бірақ, соңы зұлматқа ұрынған. 1932 жылы 59 жаста болған Калиев Сыздық Көкшетау ауданындағы №3 ауылда, «Уялы» колхозы маңында тұрған. Ол бай әулеттен шыққан, ауқатты, еңбекпен мал өсірген, бірақ, кеңестік жүйе оны «эксплуататор» және «лишенец» деп атады.

1931 жылы оның иелігінде 8 жылқы мен 17 бас ірі және ұсақ мал болған. Кеңестік жоспарлы міндеттемелерді толық орындамағаны үшін ол сотталған. Отбасында әйелі Сапан (аты анық емес) 45 жаста және ұлы Ғалымжан 23 жаста болған.

Сыздықтың тағдыры – тек жеке адамның ғана емес, тұтас бір әлеуметтік топтың жойылу тарихы.

Зиятден Кенжеболатов – ірі бай, еңбекпен өскен, еріксіз жер аударылған. Кенжеболатов Зиятден – кеңестік жүйе құрбандарының бірі. Ол да бай-батырлардың ұрпағы болған. 1917 жылға дейінгі мал-мүлкі – 350 жылқы, 100 сиыр және 300 қой-ешкі оның ауқаттылығын, ел ішіндегі ықпалын көрсетеді. Сонымен бірге, 4-5 тұрақты жалдамалы жұмысшы ұстаған.

1932 жылы 14 сәуірде ол «ірі бай-эксплуататор» деп танылып, 5 жылға сотталған. Бұл үкім отбасын да зардапқа ұшыратты. Ұлы Қазыпан (аты анық емес) 22 жаста, келіні Лемке 20 жаста. Жалпы, оның асырауында бес жан болған, оның екеуі 16 жасқа дейінгі балалар.

Құдайбергенов Әбіл қарт бай, бірақ, «қауіпті элемент» деп танылған. 1932 жылы 83 жасқа келген Құдайбергенов Әбіл Көкшетау ауданының №9 ауылында тұрған, өмірін мал шаруашылығына арнаған еңбекқор жан. 1929 жылғы дерек бойынша, оның иелігінде 26 жылқы, 8 сиыр, 23 қой болған, сондай-ақ, Байканов есімді батрак пен тағы басқа жалдамалыларды ұстаған.

Ол ешқандай партияға мүше болмаған. Алайда 1932 жылдың 14 ақпанында «жалдамалы еңбек күшін пайдаланған», «кедейлерге әсерін тигізіп, кеңестік билікке қарсы көңіл-күй таратқан» деген желеумен тұтқындалып, Қылмыстық кодекстің 61-бабы бойынша жауапқа тартылып, дауыс беру құқығынан айырылды. Оның асырауында 3 адам болған, соның екеуі 16 жасқа толмаған балалар.

Күшеков Жүсіпкен – кедей ортадан шыққан, бірақ, ауқатты болғаны үшін жер аударылған. Күшеков Жүсіпкен, 1890 жылы туған, Көкшетау ауданының №13 ауылында өмірге келген. Әкесі ерте қайтыс болған, анасы төрт баласын жалғыз өсіріп, олар мал бағу арқылы күн көрген. Жүсіпкен де ағаларымен бірге адал еңбек етіп, мал санын көбейтіп, өз шаруашылығын дөңгелеткен.

1929 жылға дейін оның қолында 30-40 жылқы, 20-30 сиыр, 100 қой, бірнеше түйе болған. Қол астында тұрақты жалдамалы жұмысшылар істеген. Әйелі 1900 жылы туған Күлсім. Ол да ешқандай саяси ұйымға кірмеген.

1931 жылы 16 сәуірде аудандық билік оны «нағыз кулак» деп танып, дауыс беру құқығынан айырып, отбасымен бірге аудан аумағынан тыс жерге жер аударуға және мал-мүлкін тәркілеуге шешім қабылдады.

Көкшетау өлкесінде бай, кулак ретінде қудалауға ұшырап, көрмегенді көрген бұл адамдар осы реттегі үлкен тізімнің тек бір бөлігі ғана. Нақақтан-нақақ орын алған бұл оқиғалар – Қазақстан тарихындағы қуғын-сүргін саясатының нақты көрінісі. Байлар мен ауқатты топтар дәстүрлі қоғамның тірегі бола тұра, бір мезетте «тап жауы» ретінде айыпталып, мал-мүлкінен, жерінен айырылып, жер аударылды. Олармен бірге бүтін бір ұрпақтың тағдыры қирады. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл оқиғалар – тек тарих сабағы ғана емес, әділдіктің орнауын күткен тарихи парыз.

Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
жас ғалым, Қазақстан және Орталық Азия тарихын зерттеу
институтының директоры.

Сурет cdn.forbes.ru сайтынан. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар