Қазақ халқының тарихында Көкшетау өңірінің орыны ерекше. Ол жерде кезінде қазақ хандары, батырлары, сұлтандары, билері, жыраулары мен серілері өмір сүрген. Бүгінгі күні осы өңірдің тумасы Мұрат қажы Ыдырысұлы 80 жасқа келіп отыр. Қазақта «айтулы азамат» деп кімді айтады? Ол өз еліне ерекше еңбек сіңірген, туған жерінің дамуы мен қалыптасуына аянбай еңбек еткен және көпшілік арасында танымал, қадірлі азаматтарға байланысты айтылса керек. Осындай азаматтардың бірі және бірегейі Мұрат қажы Ыдырысұлы екендігі анық.
Бұл кісі 1946 жылы маусымның 10-жұлдызында Сәуле ауылында жылқышы Ыдырыс Жүсіпұлының отбасында дүниеге келген. Анасы Әмина Әлкеқызы үй шаруасымен айналысқан. 1953 жылы Сәуле бастауыш мектебіне 1-сыныпқа оқуға барған. 1964 жылы Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1968 жылы оны орта мектептің математика мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Еңбекшілдер ауылындағы Карл Маркс сегіз жылдық мектебінде математика пәнінен сабақ беруден бастайды. Осы ауданның Сәуле, Шошқалы, Невский мектептерінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директор болған, Еңбекшілдер аудандық, Көкшетау облыстық партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған. 1990 жылдан бастап Көкшетау қаласында Қазақ педагогикалық училищесінің директоры болды.
Қазақ халқының көнеден бүгінге дейінгі бай тарихы бар. Осы ұлттық тарихты бұрынырақ өткен заманда Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Құрбанғали Халид және Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты дарынды тұлғалар жазған. Одан кейін мамандығы тарихшы болмаса да, ұлтын жақсы көрген қазақ зиялылары Мұхамеджан Тынышбаев пен Санжар Асфендияров та осы тақырыпқа қалам тартқан еді. Кешегі Кеңес Одағы кезеңінде мамандығы тарихшы емес, бірақ, ұлтын ұлықтау үшін шынайы тарихын жазуға Ілияс Есенберлин де қомақты өз үлесін қосты.
Қандай адам ұлттық тарихын зерделеуге атсалысады? Біздің байқауымызша, Алаш ардагері Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін…». Яғни, елдің келешегін ойлайтын. Жас ұрпағының ұлттық тарихи санасының дұрыс қалыптасуын қалайтын, Отан тарихындағы «ақтаңдақ» беттерді шамасы келгенше ашқысы, танытқысы келетін адам осы ретте, шын жанашыр азамат екендігін танытады.
Мұрат қажы Ыдырысұлы «Болашаққа бағдар: ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында экспедицияға шығу үшін 2018 жылы ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтына хабарласқан еді. Өзі осы күнге дейін тарихта «ақтаңдақ» көмескі тартып келе жатқан «Хан жолын» зерттеуге байланысты экспедицияға шығатындығын және оған ғалымдардың қосылуын сұрады. Сол уақытта өте орынды және зерттеудің уақыты келген мемлекет тарихының бір алтын парағын ашуға Мемлекет тарихы институтынан екі азамат – Жабай Қалиев және Қанат Еңсеновтер қатысқан едік.
Осы аталған экпедиция «Абылай ханның қара жолы» деп аталды. Яғни, кезінде Абылай ханның Қызылжар-Арқа-Ұлытау-Созақ-Түркістан арасында жүрген 1600 шақырымдық керуен жолына байланысты зерттеуге шықтық. Экспедицияның жолға шығуын Ақмола облыстық әкімдігі қолдады. Үш жол талғамайтын көлік бөлінді. Экпедиция құрамында Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған ғалымдар, журналистер, музей қызметкерлері және көлік жүргізушілері болды. Барлығымыз 10 күндік сапарда Ұлытаудағы Жошы хан кесенесі, Алаша хан кесенесі, Хан Ордасы, ортағасырлық Сығанақ, Сауран, Отырар, Хан қорғаны қалалары және тағы басқа тарихи орындарды араладық. Өңірлерде кездесулер өткіздік. Тарихи-этнографиялық материалдар жинақталды. Нәтижесінде 2019 жылы «Абылай ханның қара жолы» атты ғылыми-зерттеу жинағы ретінде үлкен еңбек жарыққа шықты. Онда Отан тарихында толық зерттелмеген тақырыптар қаралды. «Абылай ханның қара жолы» картасы жасалды. 2020 жылы күзде «Абылай ханның қара жолы» атты осы кітаптың тұсаукесері онлайн түрінде өтті. Көпшілік жақсы ықыласпен қабылдады. Республика бойынша кітапханаларға таратылды. Бір экспедиция көлемінде қаншама тың мәліметтер жинақталып, зерделеніп жарыққа шықты. Яғни, болашақ ұрпақтың керегіне жарайтын игілікті бір іс атқарылды.
Осындай Отан тарихына жанашыр Мұрат қажы Ыдырысұлының өлкетану бағытында да жұмыс жасап келе жатқан еңбегі ескеріліп, 2020 жылы 16 желтоқсанда «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төсбелгісімен марапатталды.
Мұрат қажы Ыдырысұлы алдағы уақытта «Ұлы Даланың Жеті қыры», оның ішінде «Ұлы Даланың ұлы есімдеріне» байланысты 2021 жылдың жазында ұйымдастырылған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жалғасы ретінде «Абылай ханның жорық жолдары» атты экспедицияға шығуды жоспарлауда. Демек, онда да осы уақытқа дейін толық зерттелмей келе жатқан «Абылай ханның жорық жолдарына» қатысты тарихи жерлер зерттеле түсетіндігі анық.
Қанат ЕҢСЕНОВ,
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.
Сүйсінемін
Сөйле тілім, айтқың келсе тартынба,
Бұл қазақта көп қой небір нар тұлға.
Тұрпатына қараймын да сүйсінем,
Осынау бір қарға бойлы қарт ұлға.
Қазақылық қазанында қайнаған,
Табанының бүрі кетіп таймаған.
Жол бастаған жортарманым, жол жорғам,
Қарт күреңдей ауыздығын шайнаған.
Ойы ұтқыр, сөзі тұтқыр жебедей,
Ұстыны бар батырлар киген көбедей.
Сар даланың сардарындай сені аға,
Хан Абылайдың аруағы жебегей!
Мұхтарханның ДӘУЛЕТІ.
![]()

