Қоршаған ортаны қорғау күніне орайластырылды

Экология

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Досбол Жақсыбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді.

Кездесуде өңірдегі жасыл желекті тілсіз жаудан қорғаудың өткен жылғы қорытындылары сараланып, биылғы өрт қауіпі мол жазғы маусымға дайындық барысы пысықталды. 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні екендігі белгілі. Сондықтан, бұл брифингтің осы атаулы күнге де орайластырылғанын аңғармау да мүмкін емес еді.

Елімізде жарты ғасырға жуық уақыт бойы орман қорын сақтау жолында қызмет етіп келе жатқан «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорны бүгінде осы бағытта ауқымды міндеттерді атқаруда. Ұжым еліміздің бірнеше өңіріндегі авиациялық бөлімшелердің жұмысын үйлестіріп, тілсіз жаумен күресте негізгі күшті әуе патрульдігіне бағыттап келеді. Арнайы ұшақтар мен тікұшақтар паркі, сондай-ақ, тәжірибелі ұшқыш-бақылаушылар мен өрт сөндіруші-десантшылар кірпік қақпай, облыс аумағындағы орман қорын күзетуде. Негізгі мақсат – ормандарды әуе кеңістігінде күзетіп, өртке себеп болатын заң бұзушылықтарды болдырмау және жасыл алқаптың санитарлық жағдайын бақылау.

Облыс аумағында Ақмола, Бурабай, Көкшетау және Жасыл аймақ атты мамандандырылған авиациялық бөлімшелер тұрақты жұмыс істейді. Бұл құрамдар өңіріміз бен көршілес Солтүстік Қазақстан облысының жүздеген мың гектарды алып жатқан кең-байтақ мемлекеттік орман қорын күзетеді.

Былтырғы өрт қауіпі мол жазғы кезеңде орман алқаптарында тіркелген өрт ошақтары дәл осы әуе авиациясының арқасында дер кезінде ауыздықталды. Сонымен қатар, маусым барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың бірнеше фактісі әшкереленіп, бұл тәртіп бұзушыларға да тосқауыл қойылды. Ақмолалық орман-тоғайды өрттен қорғаушылар жасыл желекті күзету жолында жүздеген сағатты аспанда өткізді. Сөйтіп, олар өздеріне жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып шықты.

Бүгін де бұл қызметкерлер өрт шығатын қауіпті кезеңнің алдын алуға дайын. Жаз айларына мекеменің жеке құрамы мен кәсіби мамандар толық жасақталды. Қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден өтіп, жыл сайынғы теориялық, тәжірибелік кәсіби дайындықтан өтті. Оқу қорытындысы бойынша барлық мамандар тиісті сынақтар мен емтихандарды сәтті тапсырған. Десантшылардың жеке қорғаныс құралдары жаңартылып, өрт сөндіру жабдықтары, арнайы көліктер мен байланыс құралдары толықтай техникалық тексерістен өтті. Олар алдағы маусымда кез келген сәтте өртпен күреске аспан жүзіне көтерілуге тас-түйін дайын отыр.

Биылғы маусымға Ақмола, Бурабай, Көкшетау және Жасыл аймақ авиациялық бөлімшелері бойынша әуе кемелеріне бір мың сағаттан астам ұшу уақыты жоспарланған. Бұл мақсатқа қуатты Ми-8 тікұшақтары мен арнайы патрульдік әуе кемелері жұмылдырылады. Ұшу сағаттарының ең көп көлемі орман алқабы қалың Көкшетау және Бурабай, Бұланды бағыттарына тиесілі болады.

Брифинг барысында орман алқаптарын өрттен қорғау тек арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың басты міндеті екені, табиғат аясында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігі де ортаға салынды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар