Айғай шығарып, опық жеді

Сандықтау аудандық сотында сотқа құрмет көрсетпегені үшін азаматша Н.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодекстің 653-бабының 1 бөлігіне жататын істің мән-жайына сүйенсек, бұған дейін азаматша Н.-ның өзімен бірге тұратын азаматына балағат сөздер айтып, отбасылық-тұрмыстық қатынастарда адамға сыйламаушылық танытқаны үшін аталған Кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған болатын.

Сот отырысы барысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушімен татуласқанын мәлімдеді. Тұрмыстық жанжалдың оң шешілгенін және өзара бітімге келгендерін жәбірленуші тарап та растап, істі тоқтатуды сұрады.

Осыған байланысты сот қаулысымен азаматша Н.-ға қатысты қозғалған әкімшілік іс тараптардың татуласуына байланысты өндірістен қысқартылды.

Алайда, сот отырысы аяқталысымен азаматша Н. құқықтық мәдениет танытудың орнына, сот ғимаратының ішінде сотқа қатысушыларға қарата тағы да балағат сөздер айта бастаған. Ол тіпті өзіне жасалған ескертулерді құлағына ілмей, заңды талаптарды елемеген. Бұл әрекеті үшін азаматша Н.-ға қатысты сотқа құрмет көрсетпеу фактісі бойынша жаңадан әкімшілік хаттама толтырылып, 20 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы кесілді.

Бұл нені көрсетеді? Айыпталушының өз-өзіне деген сыни көзқарасының төмендігін. Дұрыс аяқталып, бітімге келіп тұрған істің артынша осынша дау шығарып, мұндай шиеленіске барудың қажеті қанша еді?! Енді міне, өз басына бәле тілеп алып, сыпырғыш ұстауына да тура келеді-ау деген ой туады.  Өйткені, заңның аты заң, соттың аты сот.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар