Мәлік батырдың  мұрасы туған халқымен бірге жасайды

Зерде

Халқымыздың біртуар перзенті, Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, педагог-жазушы, академик және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің рухани мұрасы туған жері – көрікті Көкше өңірінде жақсы насихатталып келеді..

Таяуда Мәлік Ғабдуллин музейінің бастамасымен және әскери құрылымдардың қолдауымен Ақмола облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде батыр атындағы мәжіліс залының және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде дәрісхананың ашылуы соның бір нақты дәлелі десек болады. Алдымен аталмыш департаментте мәжіліс залының салтанатты ашылуына әскери сала ардагерлері мен қызметшілері, зиялы қауым өкілдері, музей қызметкерлері мен жастар қатысты.

Шара барысында мәжіліс залының лентасын Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы, генерал-майор Жұмабек Хасенов, запастағы полковник Жанат Ережепов және департамент бастығының орынбасары, подполковник Ерболат Өтепов қиып, арнайы құттықтау сөз сөйледі.

–Бүгінгі күні әскери-патриоттық тәрбие беруде тарихи тұлғалардың өнегесін кеңінен пайдалану аса маңызды. Әсіресе, майдан даласында ерлік көрсетіп қана қоймай, бейбіт өмірде ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өмір жолы жас буынға үлгі болуы тиіс, – дей келе, Ерболат Өтепов Мәлік Ғабдуллиннің есімі қазақ халқының тарихымен, ел қорғау жолындағы ерлік дәстүрімен сабақтасып жатқанын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлерінің республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі Жанат Ережепов те батыр мұрасын насихаттаудың маңызына тоқталды.

– Біз жастарға әскери тәртіпті үйретіп қана қоймай, рухани тәрбие де беруіміз қажет. Мәлік Ғабдуллин сияқты тұлғалардың өмірі нағыз патриотизмнің үлгісі іспетті. Бүгін ашылған мәжіліс залы осындай тәрбиелік жұмыстардың орталығына айналады деп сенемін, – деді ол.

Ал, облыстық мәслихаттың депутаты, «Ауғанс соғысы ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Жоғары әскери-техникалық мектебінің директоры, полковник Ыбырай Дуанбай болса, батырдың өмір жолы ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі екенін айтты.

– Мәлік Ғабдуллиннің майдандағы ерлігі де, бейбіт өмірдегі еңбегі де кейінгі буынға өнеге. Оның есімі әскери қызметшілерге жауапкершілік пен адалдықтың мәнін түсіндіретін үлкен мектеп болуы тиіс, – деді ол.

Содан соң, келген қонақтар жаңа залға өтіп, батырдың өмір жолына арналған ақпараттық материалдарды, музей тарапынан дайындалған көрнекі экспозицияларды тамашалады. Осында өткен тағылымды кездесуде Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхамед Қонқаев батырдың өмірі мен ғылыми мұрасы туралы баяндама жасады.

Ол алдымен, Мәлік Ғабдуллиннің Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Панфилов дивизиясы құрамында шайқасып, асқан ерлік көрсеткенін, сол ерлігі үшін 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын атап өтті. Сонымен қатар, соғыстан кейінгі кезеңде қазақ фольклортану ғылымының дамуына зор үлес қосып, көптеген ғылыми еңбектер жазғанына тоқталды.

– Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасын тек батыр ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Ол көрнекті ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері. Оның ғылыми мұрасы қазақ руханиятының алтын қорына енген құндылықтардың бірі, – деді ол осы орайда. Кездесу барысында сөз алған генерал-майор Жұмабек Хасенов батыр есімі берілген академия ұжымы үшін мұндай шаралардың маңызы ерекше екенін айтты. Бұл ретте:

– Біз академия қабырғасында болашақ құтқарушылар мен офицерлерді тәрбиелей отырып, Мәлік Ғабдуллиннің өмірлік ұстанымдарын үлгі ретінде насихаттап келеміз. Оның ерлігі мен азаматтық болмысы бүгінгі жастар үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ, – деді академия бастығы.

Шара барысында көкшелік дәстүрлі әнші, сал-серілер мұрасын жинап жүрген белгілі өнертанушы Сәрсенбай Хасенов Рамазан Елебаевтың әйгілі «Жас қазақ» әнін орындады. Бұл ән Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің рухын асқақтатып, олардың есімдерін халық жадында сақтап қалуға қызмет еткен туындылардың бірі екені белгілі.

Дәл осы күні түстен кейін батыр рухын ұлықтауға арналған осындай тағы бір шара Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде жалғасты. Мұнда салтанатты түрде Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана ашылды. Оның ашылу салтанатында әскери бөлім командирі, полковник Берік Қожахметов, генерал-майор Жұмабек Хасенов және полиция полковнигі Хабиболла Ғазизов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек сөз сөйледі.

Әскери бөлім қабырғасында өткен жиында командирдің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов сөз сөйлеп, батыр тұлғасының қазіргі әскери қызметшілер үшін тәрбиелік мәніне тоқталып өтсе, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Хабиболла Ғазизов батыр ағамыз туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге шақырды. Ал, Құдайберлі Мырзабек өз сөзінде Мәлік Ғабдуллиннің қазақ ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлесін айрықша атап өтіп:

– Мәлік Ғабдуллин тек соғыс қаһарманы ғана емес. Ол қазақтың бай ауыз әдебиетін зерттеген көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлт руханиятының жанашыры болды. Оның еңбектері мен өнегелі өмірі әлі күнге дейін бірнеше буынға қызмет етіп келеді, – деді.

Бұдан кейін жиналған қауымға 1943 жылы Мәлік Ғабдуллинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілгеннен кейін түсірілген тарихи деректі фильм көрсетілді. Құнды бейнематериал батырдың майдан даласындағы ерлігі мен сол кезеңдегі өмірінен сыр шертеді.

Жаңадан ашылып, пайдалануға берілген бұл мәжіліс залы мен дәрісханада алдағы уақытта тағылымды кездесулер, патриоттық бағыттағы іс-шаралар мен тәрбиелік мақсаттағы дәрістер өткізу жоспарланып отыр. Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмір жолы мен оның бай мұрасын насихаттауға бағытталған осындай игі бастамалар халқымыздың, соның ішінде жастардың ұлттық рухын көтеруге қызмет ететіне күмәніміз жоқ.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар