Дүниежүзілік экономикалық форумдағы бәсекелестіктің ғаламдық индексі көрсеткіштерін жақсарту жөніндегі шаралар жоспары аясында облыстық әділет департаментінде зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалар үшін Ашық есік күні өткізілді.
Шара барысында зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің мамандары «Тауарлық белгі, қызмет көрсету белгісі және тауарлардың шыққан орындарының атау-лары туралы», «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, бөтен тауарлық белгіні заңсыз пайдалану жауапкершілігі, шығармашылық құқығын тіркеу тәртібі, жекеменшік өнеркәсіп нысандарының қорғау құжатын алу жөнінде түсіндірді. Жиырмаға жуық адам өздерін толғандыратын тақырыптар төңірегінде кеңес алды.
Мұнда келгендердің көбі зияткерлік меншік нысандарының тіркелуімен таныс. Дегенмен, үйден шықпай-ақ, өз тауарының белгісін тіркеуге бола ма деген сауал да туындайды. Мұндай мүмкіндік бар. Электрондық өтінімді зияткерлік меншік ұлттық институтының ресми сайты және Қазақстанның электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады. Тіркелген тауар белгісін қалай тексеруге болатыны жөнінде де сауал қойылды. Мұндай тауар белгісін зияткерлік меншік ұлттық институтының ресми сайтының www.kazpatent тауар белгілері мемлекеттік тізілімінен оқуға болатыны айтылды. Бөлім қызметкерлері бұл сайттан тауар белгілерін қалай іздеуге болатынын көрсетті.
Зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы Татьяна Терещенко (суретте) өз сөзінде департамент тұрақты негізде мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге ұйымдардың, сондай-ақ, зияткерлік меншік нысандарын өз жұмысында пайдаланатын кәсіпкерлердің қатысуымен құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізетінін атап өтті. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында жүзге жуық дәріс оқылып, қырықтан астам дөңгелек үстел мен семинарлар өткізілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында отыздан астам материал жарияланыпты.
Рамазан Тілеуов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.