Қазақстан Сирия келіссөздерін өткізуге дайындалуда.
Қазақстан мамыр айында Елордада өтетін Сирия бойынша келіссөздерге дайындық үстінде.
«Біз сириялық жанжалды бейбіт жолмен реттеу-ге мүдделік танытатын барлық тарапты Астана процесін, ең алдымен, БҰҰ қамқорлығымен өтетін Женева процесін қолдауға шақырамыз», – деп атап өтті бұл туралы Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов.
Қазақстан СІМ басшысы аталған жанжалға қатысы бар барлық тараптар бұл процесті өздерінің мүмкіншіліктеріне қарай толықтай қолдайтындығынан үмітті екендігін жеткізді.
Теріскейді қалайды
Оңтүстік Қазақстан облысының 2 мыңнан астам тұрғыны еліміздің орталығы мен солтүстігіне қоныс аударғысы келеді.
Бұл туралы жоғарыда аталған шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
Оңтүстік Қазақстан облысы мен 4 өңір арасында 672 отбасының қоныстануы туралы өңіраралық меморандумға қол қойылды. Бұл адамдар солтүстік және орталық өңірлерге қоныс аударуға өз еріктерімен ниет танытып отырған көрінеді. Ол өңірлер: Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Жол ақысы өсуі мүмкін
Ақылы жолдарда жүру құны келешекте өсуі мүмкін.
«Бірнеше жылдан бері Астана мен Бурабай аралығындағы жолда ақылы жүйе қызмет етіп келеді. Өзіңіз атап өткендей, осы жолмен жүру құны өзгеріске ұшыраған жоқ. Дегенмен де болашақта ақылы жолдың құнын көтеру жоспарларыңызда бар ма?» – деп сұрады депутат Жексенбай Дүйсебаев Мәжілістегі Үкімет сағаты барысында.
«Алдағы 1-2 жылда бағаны көтеру жоспарымызда жоқ. Бірақ, болашақта жолда жүру ақысын көтеру керек деп санаймыз. Себебі, құрылыс материалдарының бағасы өсіп жатқаны белгілі. Сонымен қатар, жолды күтіп ұстау жанар-жағармайды көп көлемде қажет етеді», – деді бұған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Елдің шырқын бұзды
Египетте үш айға төтенше жағдай жарияланды.
Египет президенті Әбдел Фаттах ас-Сиси 40-тан аса адам қаза тапқан христиандар шіркеуіндегі екі жарылыстан кейін елде үш ай мерзімге төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.
Жексенбіде Танта қаласындағы шіркеуге діни мерекеге келген 27 адам алғашқы жарылыс-та қаза тапты. Тағы 16 адам Александриядағы ғибадатханадағы жарылыста ажал құшты. Олардың қатарында жанкештіге шіркеуге кіруге кедергі жасаған бір полицей де бар.
Еске сала кетсек, христиан-коптар Мысыр халқының 10 пайызын құрайды.
Алтынға кенелді
Ұлыбританиялық коллекционер танкіден алтын құймалар тауып алды.
Ұлыбританиялық Ник Мид 30 мың фунт стерлингке Кеңес одағы тұсында шығарылған танкіні сатып алған, деп хабарлайды британдық таблоид The Sun. Оның коллекциясында осындай 150 әскери техника бар. Ол әскери көліктің ішінде оқ-дәрі қалып қоймағандығын анықтау үшін танкіні тексеріп бөлшектерін ала бастаған. Жанармай багының қақпағын ашып қарағанда ішінен бес алтын құйма табылған. Қазынаның құны бастапқы бағалау барысында екі миллион фунт стерлингтен (770 миллион теңге) асып жығылады. Мид бұл алтынды 1990-1991 жылдары Парсы шығанағындағы соғыста Ирак әскерилері Кувейтті басып алған кезде алған деп санайды. Кейін танкі қолға түсіп, ол Ұлыбританияға жеткізілген.
Көне тістердің
дерегі
Италияда 13 мың жыл бұрын пломба салынған тіс табылды.
Италия, Ирландия және Америка ғалымдары 13 мың жылдай бұрын пломба салынып емделген тістерді тауып, оларға ғылыми сипаттама берді. Бұл ең көне стоматологиялық шара жасалынған тістер саналып отыр. Емделген тістер бірқатар көне аңшы-терімші және жер өңдеуші мен бақташы адамдардың қоныстарынан табылды. Олардың барлығы неолит дәуіріне яғни, адамдардың тамақ өндіру және өңдеу технологиясын жетілдірген кезіне жатады (дақылдар мен балды жиі жеген), сол тұста тістің аурулары да жиілеп кеткен. Бұған дейін мұндай көне жәдігер 2008 жылы Италияның Виллабрун қонысынан табылған еді.
inform.kz.