Бірлік бар жерде – тірлік бар

Кең даланың төсінде керегесі кең, уығы берік бір шаңырақ бар. Ол – Қазақстан Республикасы. Осы шаңырақтың астында сан түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Тағдыр тоғыстырған халықтардың бұл бірлігі – жай ғана ұран емес, елдік сананың өзегіне айналған өмірлік қағида.

Ақмола өңіріне зер салсаңыз, осы ұғымның нақты көрінісін айқын аңғарасыз. Әртүрлі этнос өкілдері бір-бірінің салтын сыйлап, дәстүрін құрметтеп, ортақ мақсат жолында бірлесе еңбек етуде. Бұл – кездейсоқ қалыптасқан құбылыс емес, уақытпен шыңдалған өзара сенім мен сыйластықтың нәтижесі.

Бүгінде өңірде этносаралық қатынастарды дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бастамалардың басты мәні – қалыптасқан келісімді сақтап қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен толықтыру. Өйткені уақыт алмасқанымен, қоғамды ұстап тұрған негізгі тіректер – түсіністік пен құрмет өзгермейтін құндылықтар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы бірлік пен келісім мәселесіне әрдайым айрықша мән беріп келеді. Президент бастамалары мен стратегиялық құжаттарында әділетті, ашық әрі біртұтас қоғам қалыптастыру идеясы алдыңғы қатарға шығады. Осы тұрғыда Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы мен жаңартылған Конституцияның маңызы ерекше. Ата заңға енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтарын кеңейтіп қана қоймай, елдегі барлық этностардың теңдігін нақтылай түсті. Бұл – қоғамдық сенім мен тұрақтылықты нығайтудың берік негізі.

Осындай маңызды үдерістерде этномәдени бірлестіктердің рөлі айрықша. Ақмола облысы поляктарының бірлестігі де бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бірлестік мәдени-ағартушылық шаралар арқылы жастардың бойына достық, өзара құрмет пен жауапкершілік құндылықтарын сіңіруге басымдық беруде.

Өңірде этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған мазмұнды іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Соның ішінде «Қоғамдық келісім» КММ алаңында ұйымдастырылған Польшада атап өтілетін Әжелер мен аталар күніне арналған кездесу мен «Наурыз – бірлік пен татулықтың бастауы» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің мәні зор. Бұл басқосуларда ұрпақтар сабақтастығы, отбасы құндылықтары, мемлекеттік тілдің маңызы және Наурыз мейрамының қоғамды ұйыстыратын рөлі жан-жақты талқыланды. Мұндай кездесулер – қоғамдағы өзара сенім мен құрметті нығайтатын маңызды рухани алаң.

Бүгінгі жас буын – елдің ертеңі. Егер олар бірліктің қадірін терең түсініп өссе, болашақта қоғамда алауыздыққа жол берілмейді. Бұл – мемлекет тұрақтылығының басты кепілі.

Қазақстанның ең үлкен байлығы – оның табиғи ресурстары емес, ең алдымен – адам капиталы. Әртүрлі болса да, ортақ мақсатқа ұмтылған, тағдыры бір халық. Сондықтан бірлікті сақтау – тек мемлекеттік саясаттың емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды. Ал сол болашақты қалыптастыру – бүгінгі буынның тарихи міндеті.

Наталья Нагачевская,
«Ақмола облысы поляктарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар