НОҒАЙ БАТЫР ТОҚТАУЫЛҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА — 350 ЖЫЛ
2026 жылы қазақ халқының даңқты перзенті, Арғын тайпасының Қарауыл руынан шыққан әйгілі қолбасшы, ел қорғаны Ноғай батыр Тоқтауылұлының туғанына 350 жыл толады. Бұл мерейтой – бір ғана тарихи тұлғаның мерейтойы емес, Қазақ хандығының тәуелсіздігі мен жер тұтастығы жолында жанын қиған батырларды ұлықтайтын, ұлттық жадымызды жаңғыртатын маңызды тарихи оқиға. Қазақ халқының тарихы – азаттық пен елдік үшін жүргізілген үздіксіз күрестің тарихы. Ұлы далада ғасырлар бойы туған жерін қорғаған батырлар елдің ғана емес, бүкіл ұлттың тағдырын айқындады. Солардың қатарында есімі халық жадында сақталған Ноғай батыр Тоқтауылұлының орны ерекше.
Ноғай батыр шамамен 1676 жылы Арғын тайпасының Қарауыл руында дүниеге келген. Әкесі Тоқтауыл өз дәуірінің беделді тұлғаларының бірі болған. Шежірелік деректер бойынша, ол Әз Тәуке ханның кеңесіне қатысып, хандықтың ішкі және сыртқы саясатына араласқан, ел басқару ісіне белсенді қатысқан мемлекет қайраткері ретінде танылған. Халық арасында Тоқтауылды атақты «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысқан билердің бірі ретінде де құрметпен атайды.
Осындай елдік дәстүр қалыптасқан әулетте тәрбиеленген Ноғай жас кезінен әскери өнерді, дала заңын, ел басқару дәстүрін меңгеріп өседі. Кейін ол қазақ жасақтарының беделді қолбасшыларының біріне айналып, Солтүстік Қазақстан өңіріндегі елді мекендерді қорғауда ерекше ерлік көрсетеді.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында Жоңғар хандығы қазақ жеріне үздіксіз шабуыл жасап, халыққа зор қауіп төндірді. Әсіресе, Қазақ хандығының солтүстік өңірлері жиі шабуылға ұшырады. Осындай ауыр кезеңде Ноғай батыр туған жерін қорғауға алғашқылардың бірі болып шықты.
Шежіре деректерінде Ноғай батырдың өз жасағы болғаны айтылады. Оның ордасы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Талшық өңірінде орналасқан. Осы жерден батыр жасақтары жоңғарлардың күтпеген шабуылдарына тойтарыс беріп, көшпелі ауылдарды қорғап, елдің тыныштығын қамтамасыз еткен.
Ноғай батырдың қызметі тек әскери жорықтармен ғана шектелмеген. XVII–XVIII ғасырларда қазақ даласы арқылы Бұхара, Самарқанд, Хиуа мен Солтүстік Кавказды байланыстыратын халықаралық сауда жолдары өткен. Бұл керуендердің қауіпсіздігі мемлекет үшін үлкен маңызға ие болды. Шежірелік мәліметтерге сәйкес, Ноғай батыр сауда керуендерін қорғап, олардың қауіпсіз жүруіне жағдай жасаған. Бұл оның тек батыр ғана емес, елдің экономикалық дамуын ойлаған көреген мемлекет қайраткері болғанын көрсетеді.
Ноғай батырдың есімі бүгінгі күні Қостанай облысындағы Ноғайкөл атауымен де байланыстырылады. Ел аузындағы әңгімелер мен шежірелік мәліметтер бойынша, батыр осы өңірде дүниеге келген және осы маңда жерленген болуы мүмкін. Бұл мәселені ұзақ жылдар бойы батырдың ұрпағы, белгілі этнограф, тарихшы, картограф әрі геодезист Ғизат Табулдин жан-жақты зерттеп келеді. Оның ғылыми ізденістері нәтижесінде Ноғай батырдың туған жері мен жерленген орны туралы көптеген тың мәліметтер ғылыми айналымға енгізілді.
Ноғай батырдың ұрпақтары бірнеше ғасыр бойы халқына адал қызмет етті. Бұл әулеттен билер, батырлар, қоғам қайраткерлері, «Алаш» қозғалысының мүшелері, кәсіпкерлер, халық емшілері, ғалымдар, заңгерлер, әскери қызметкерлер мен мәдениет қайраткерлері шықты.
Солардың бірі – ХХ ғасырдың басындағы белгілі кәсіпкер әрі «Алаш» қозғалысының мүшесі Табылды Батырбаев. Ол Көкшетау уезіндегі ең ірі қазақ шаруашылықтарының бірін басқарды. Мал шаруашылығын ғана емес, тері өңдеу, ағаш өңдеу өндірісін дамытты. Германия мен Санкт-Петербургтен заманауи жабдықтар әкеліп, қазақ даласына алғашқылардың бірі болып «Singer» тігін машиналарын жеткізген кәсіпкерлердің қатарында болды. Ашаршылық жылдары халыққа көмек көрсетіп, көптеген отбасыларды аман алып қалды. Алайда 1928 жылғы тәркілеу науқаны кезінде бүкіл мал-мүлкі тәркіленіп, отбасы саяси қуғын-сүргінге ұшырады.
Ноғай батырдың ұрпақтары Ұлы Отан соғысы емес, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да ата-баба дәстүрін жалғастырды. Рамазан Мәженұлы Сәрсенбаев, Камали Алпанұлы Сәрсембаев және хабар-ошарсыз кеткен Жүсіп Сәрсенбаев майданда ерлік көрсетіп, ел қорғау жолында жан аямай күресті. Олардың әскери ерлігі – Ноғай батырдан бастау алған жауынгерлік рухтың жалғасы.
Бұл әулет қазақ мәдениетіне де елеулі үлес қосты. Ноғай батырдың ұрпағы, майдангер Камали Алпанұлы Сәрсембаевтың қызы Күләш Камалиқызы Сәрсембаева қазақ театр өнерінің танымал актрисаларының бірі болды. Ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің жары атанды. Осылайша Ноғай батырдың ұрпақтары елге қызмет ету дәстүрін мәдениет пен әдебиет саласында да жалғастырды.
Әулеттен шыққан тағы бір белгілі тұлға – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы болған Амангелді Өмірбайұлы Сәрсенбаев. Ол ұзақ жылдар бойы еліміздің сот жүйесінің дамуына еңбек сіңірді. Ал белгілі этнограф, тарихшы Ғизат Жолданғарұлы Табулдин Ноғай батырдың өмірі мен әулетінің тарихын зерттеуге ерекше үлес қосып, көптеген тың тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізді.
Ноғай батыр Тоқтауылұлының туғанына 350 жыл толуы – оның есімін ұлықтап қана қоймай, Қазақ хандығы тарихын тереңірек зерттеуге жаңа мүмкіндік береді. Батырдың өмір жолын архивтік құжаттар арқылы толықтыру, жерленген орнын ғылыми тұрғыдан анықтау, археологиялық зерттеулер жүргізу, ғылыми конференциялар ұйымдастыру, мектептер мен көшелерге есімін беру, ескерткіш орнату – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадамдар болмақ.
Ноғай батырдың өмірі – елдік пен ерліктің, мемлекетшілдіктің және Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Осындай тұлғалардың мұрасын жан-жақты зерттеп, кейінгі ұрпаққа насихаттау – бүгінгі тарихшылар мен қоғамның қасиетті парызы. Өткенін құрметтеген халықтың ғана болашағы берік болады. Сондықтан, Ноғай батыр Тоқтауылұлының 350 жылдық мерейтойы ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға, жас ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеуге және Қазақ хандығы тарихын терең зерделеуге серпін беретін маңызды белес болуы тиіс.
Самат ЖҰМАТАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері.
Сурет sn.kz сайтынан.
![]()

