Құрылтай – халық үні мен демократиялық жаңғырудың алтын көпірі

Құрылтай институтының қалыптасуы мен жүйелі жұмыс істеуі елдегі демократиялық реформалардың заңды жалғасы болып табылады. Қазіргі таңда мемлекетіміздің саяси-құқықтық жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып, басқару институты жаңа кезеңге қадам басты. Конституциялық реформалар мен қоғамның сұранысына сай қабылданған шешімдердің нәтижесінде елдің жоғары өкілді әрі заң шығарушы органы ретінде Құрылтай институты қайта түледі. Бұл қадам мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, халық пен билік арасындағы өзара байланысты еселей түсуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Құрылтай елдегі басты заңдарды қабылдайтын бірыңғай өкілді орган ретінде қызмет атқарады. Бұл орган халықтың мүддесін толыққанды қамту мақсатында ашық әрі әділ сайлау жүйесі арқылы жасақталады. Депутаттардың алдында тұрған басты міндет өңірлердің тыныс-тіршілігін жақсартатын, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретін сапалы заңдарды қабылдау болып табылады. Ол тек заң қабылдаумен шектелмей, мемлекеттік бюджетті бекітеді, елдің стратегиялық даму бағыттарын айқындайды және үкіметтің жұмысына парламенттік бақылау жүргізеді.
Қазіргі қарқынды дамып жатқан заманда заңдардың да заман талабына сай икемді болуы аса маңызды. Жаңа форматтағы Құрылтай жұмысында халықаралық тәжірибе мен отандық сарапшылардың пікірі ескеріліп, цифрландыру, жасанды интеллектті реттеу және инвестициялық климатты жақсарту сынды өзекті бағыттарға ерекше көңіл бөлінуде. Әрбір заң жобасы қоғам талқылауынан өтіп, өңірлерден түскен ұсыныстар негізінде пысықталады, бұл халықтың үні ескерілетін әділ әрі демократиялық қоғам құрудың басты кепілі болып табылады.
Алдағы уақытта бұл институт мемлекеттің құқықтық іргетасын нығайтып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуіне тікелей ықпал ететін болады.

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Мемлекет және қоғам қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар