Жарқ етіп, бокс биігіне көтерілген Оразбек

Спорт күні қарсаңында бізге Ақмола облысының спорт мектебінен түлеп ұшып, бүгінде Қазақстанның ұлттық құрама сапында бокстан ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшы Оразбек Асылқұловпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті.

Өзінің табандылығы мен еңбекқорлығы, спортқа деген адалдығының арқасында биік белестерді бағындырып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шеберімен біздің телефон арқылы тілдесуіміз оның Американың Лос-Анджелес қаласында жаттығып жатқан сәтімен тұспа-тұс келді. Оразбек өзінің осы жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда өтетін XX Азия ойындарына қатысу үшін дайындалып жатқанын айтты.

Оразбек Асылқұлов 1998 жылғы 13 қаңтарда Ақмола облысы Жақсы ауданының Қима ауылында дүниеге келген. Жеті жасында отбасымен бірге Көкшетау қаласына қоныс аударған оның үлкен спорттағы алғашқы қадамдары да осы өзіміздің Көкшемізде басталыпты. Он жасынан бастап бокспен айналысып, білікті бапкер Ерлан Ғазизовтың жетекшілігімен жаттыға бастаған. Кейін спортшының дайындығына белгілі жаттықтырушы Абзал Балтакескенов те үлес қоса бастаған.

Жас кезінен-ақ Оразбек жаттығуға жауапкершілікпен қарап, өз мақсатына жетуге ұмтылысымен ерекшеленді. Оның алғашқы жетістіктері жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстарда көрінді. 2014 жылы Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы чемпионатында қола жүлдеге ие болып, оқушылар арасындағы Бүкілқазақстандық спартакиадада күміс медаль жеңіп алды. Ал, 2015 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанып, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Ал, 2016 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, Сербия мен Украинада өткен халықаралық турнирлерде де топ жарды.

Оразбектің ересектер арасындағы спорттық мансабы да жоғары нәтижелерге толы. Ол Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы атанып, халықаралық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. 2019 жылы Қазақстан Спартакиадасының қола жүлдесін иеленсе, 2023 жылы күміс жүлдегер атанды. 2024 жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында күміс медальды жеңіп алған Оразбек өзінің халықаралық деңгейдегі шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Спортшының мансабындағы ең жарқын белестердің бірі 2025 жыл. Сол жылы Семей қаласында өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Оразбек Асылқұлов Дубайда өткен әлем чемпионатында жарқ етіп үздік өнерімен көрініп, чемпион атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Бұл оның көп жылғы ерен еңбегінің, табандылығы мен кәсіби шеберлігінің жемісі еді.

Ал, 2026 жылы Оразбек Асылқұлов Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, тағы бір биік белесті бағындырды. Моңғолияда өткен құрлық додасында топ жарып, Азияның үздік боксшыларының бірі екенін дәлелдеді.

Оразбек Асылқұлов бүгінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының мүшесі, әлем және Азия чемпионы, Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері.

Спорттағы елеулі жетістіктері үшін 2026 жылғы 26 қаңтарда ол «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, Оразбектің осы жарқын да айтулы жетістіктері үшін облыс әкімі Марат Ахметжанов боксшыға облыс орталығы Көкшетау қаласынан екі бөлмелі пәтер, ал, екі жаттықтырушысына да ақшалай сыйлық берген болатын. Біз спортшылардың осы қуанышына ортақтасып, газетіміздің бетіне арнайы ақпарат дайындаған болатынбыз.

Оразбек боксшының спорттағы жемісті жолын жас ұрпаққа үлгі боларлық табандылық пен еңбектің жарқын көрінісі деп білеміз. Оның әрбір жеңісінің артында тынымсыз жаттығулар мен үлкен жауапкершілік, тәртіп және жеңіске деген мықты жігер тұрғанын түсінеміз. Көкшетаудан басталған бокс жолы оны Қазақстанның ғана емес, Азия мен әлемнің биік спорттық додаларына алып келді. Оразбектің алдағы жарыстарда да жолы болып, Ақмола мен Көкшетау спортының ғана зор абыройын көтеріп қоймай, бүкіл еліміздің намысын биіктен түсірмейді деп сенеміз және бүкіл ел болып тілеуін тілейміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар