Жүректе жүрсін, тақтада тұрсын боздақтар…

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды

Жуырда Ақан серінің атақты «Балқадиша» әнінің шығуына себеп болған Жыланды  тауының  етегінде орналасқан Үлгілі елді мекенінде айтулы оқиғаның куәгері болдық. Бұған басты себеп, осы елдің  қорымында  үлкен ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты еді. Тақтаның сол жағында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қан майданнан оралмаған ерлердің аты-жөндері жазылған. Оң жағына сол соғыстан аман-есен елге келіп, бейбіт күннің қадірін еңбекпен еселеген ардагерлердің есімдері жазылған.

Сол күні жан-жақтан осында жиналған ауыл тумалары бір-бірімен сағыныса қауышып, өз ой-пікірлерімен бөлісіп, қуаныштарында шек болмады. Ескерткіш тақтаны ашу салтанаты ел ағалары Тілеулі Ескендірұлына, Сұлтан Өмірзақұлына және Қаржас Байзақұлына бұйырды. Олар өз  сөздерінде ел тарихын айта келе, осы игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыстарын білдірді. Бұдан кейін сол сұрапылда қыршын кеткен боздақтар мен соғыс және еңбек ардагерлерінің ұрпақтары, өзге де жұртшылық өкілдері, жастар жағы ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Соғыстан елге оралмаған және осы қорымда жатқан аруақтарға ас беріліп,  құран бағышталды.

«Ауылдан адамдар кеткенімен, ауыл адамдардан кетпейді» дегендей, осы  игі  шараны  кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық іс деп білеміз. Өйткені, олар қорым басына келгенде ескерткіш тақтада жазылған есімдерді оқып, өз аталарын мақтан тұтады және әрқашанда естерінде сақтайды.

Қойылған  ескерткіш тақтаға ат салысқан ел азаматтары, қаржылай демеу жасаған Кенжебай Қашаевқа, жүк көліктерімен көмек қолын созған Көбентай Дарбаевқа, ұйымдастыру жұмыстарына бас болған Орал Ыбыраевқа халықтың алғысы шексіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, құрылыс жұмыстарына қол ұштарын берген барша ауылдастарға мың алғыс. Үлгілі елінің азаматтары бұл күнде жан-жақта жүрсе де, өздерінің біріліктерін, ұйымшылдықтарын көрсете білді десек артық емес.

Ал, енді ел тарихына үңілсек, сонау өткен ғасырдың 30-ыншы жылдарында  колхоздастыру кезінде әр ата болып отырған ауылдардың басы қосылып, «Белсенді» колхозы құрылған. Тың игеру басталған жылдары колхоздар ірілендіріліп, Үлгілі, Қараөткел, Ермаковка елді мекендері «Дружба» колхозына біріктіріледі. Сөйтіп, әр жылдары Өмірзақ, Байзақ, Сыздық, Қажықан, Қажыкен деген азаматтар колхоз төрағалары болады. Ал, Ұлы Отан соғысы басталып, елдегі барша азаматтар елін қорғау үшін соғысқа аттанғанда, колхозды Сақып Қарабайқызы апай басқарған екен.

Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары колхоздарды біріктіру науқаны басталып, осы елді мекендердің негізінде ХХ партсъезд атындағы совхоз құрылып, орталығы Троицкое елді мекені болғанда, Үлгілі ауылы осы совхоздың бір бригадасы ғана болған екен.

Бертін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімімен мал шаруашылығына тың екпін берілгенде, 1977 жылдың сәуір айында Үлгілі арнайы мамандандырылған мал өсіру және бордақылау бірлестігі құрылды. Мұндай шаруашылықтар бұрынғы Көкшетау облысының аудандарының бәрінде ашылды. Тіпті, кей өңірлерде екеуден болды. Кеңшар ашылғанда елді мекенде үлкен серпіліс туып, тұрғын үйлер, екі қабатты кеңсе, екі қабатты мектеп, балабақша, жылу қазандығы, мал қоралары, азық цехы, қоймалар, монша, асхана салынып, көлік жолдары ретке келтірілді. Үлгілі және Қарсақ ауылдарына мал бордақылайтын бес мал қорасы салынып, әрқайсысында табын-табын мал қыстайтын болды, фермаларда ас ішіп, дем алатын, жиналыс өткізетін Малшы үйлері болды. Көптеген жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

Атақты жерлесіміз, трактор-егіс бригадасының бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Ералы Бақтаевтың бригадасы парлы алқаптардан гектарына 42 центнерге дейін астық жинаса, жылма-жыл егін алқаптарының әр гектарынан кемінде орта есеппен 20 центнерден астық ала білген бригада жігіттері шетінен үлкен диқаншылық мектебінен өтті. Мал және егін шаруашылығымен бірлестік экономикасы нығайып, ел еңсесі көтеріліп келе жатқанда, Кеңес Одағының ыдырауы басталып, берекесіздік орын алып, шаруашылық жабылды, сөйтіп, Үлгілі ауылы ХХ партсъезд атындағы совхоздың қарамағына екінші рет өтіп, қайтадан бригада болып қалды.

Еліміз егемендік алып, нарықтық экономика басталғанда Үлгілі жеке бөлініп, өз тіршілігін жасай бастады. Алайда, нарықтық жүйе қиынға соғуына байланысты жаңадан құрылған «Қазэкспорт Астық» фирмасының құрамына кіруіне тура келді. Қазіргі кезде ауыл адамдары аталған фирмадан шығып, өз алдарында шаруашылықтарын жүргізуде. Оның үстіне жұмыссыздықтың салдарынан елден жаппай көшу үрдіс алып, мұның бәрі мектептің жабылуына әкеліп соқты. Осылайша, бір кезде кеңшар орталығы болған елді мекенде қазіргі таңда он шақты отбасы ғана қалды. Өкінішке орай, бұл қазір теріскейде қазақтың көптеген ауылдарына тән болып отырған жағдай.

Кезінде осы елден Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Ералы Бақтаев ағамыздай талай ордендер мен медальдардың иегерлері, республика, облыс дәрежесіндегі прокурорлар, бұрынғысынша милиция, қазіргіше полиция қызметкерлері, ұлағатты ұстаздар, кеңшар директорлары, әр саладағы өз істерінің білгірлері шыққан қасиетті елді мекен енді қалпына келе ме, келмей ме, бір Аллаға ғана аян. Соның бәрін ойлағанда, әлі де болса үміттен күдік басым.

Осыған қарамастан, ауыл азаматтары міне, өз тірліктерін жасап, кешегі ел басына күн туған сұрапыл жылдарда шыбын жанын аянбай, бізге осы бейбіт өмірді сыйлаған жерлестеріне осындай елдік істерімен көрініп отыр. Бір сөзбен айтқанда, баяғы ауылымыз жоқ, бірақ, аға ұрпаққа құрметіміз шексіз.

                                                                        Серік БАЙМУРЗИН,
                                                                              еңбек ардагері.

 Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар