Білім саласындағы санитарлық бақылаудың жаңа тәртібі

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасова биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік пен тамақтандыру мәселелерінің қалай шешіліп жатқандығына тоқталды.

Бүгінгі таңда департамент бақылауында 519 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 7 жекеменшік мектеп пен 475 асхана бар. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы бұйрығына сәйкес, бұл нысандар эпидемиялық маңызы жоғары объектілер санатына жатады. Сондықтан, олар тұрақты түрде тексерістен өтіп, арнайы бақылауда тұрады. 2025-2026 оқу жылы ішінде 29 мектеп тексеріліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы бойынша оларға 22 айыппұл салынды. Десе де, өткен жылмен салыстырғанда мұндай бұзушылықтардың азаю үрдісі байқалады. Айталық, өткен жылдың дәл осы кезеңінде айыппұл саны 79 болды. Бұған қоса, 11 асхана да тексеріліп, 9-ына шара қолданылды.

Маңызды өзгерістердің бірі ретінде 2025 жылғы 4 желтоқсанда қабылданған жаңа Заңды атап өткен жөн. Бұл құжат балалардың білім алуы, интернатта тұруына және тамақтануына мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінетін субъектілерге қатысты бақылаудың жаңа тәртібін бекітті. Жаңа нормалар «ерекше тәртіппен тексеру» және «бару арқылы мониторинг» сынды тиімді формаларды енгізді. Бұл жүйе мектептер мен асханалардың, сондай-ақ, жазғы сауықтыру лагерьлерінің дайындығын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, енді мемлекеттік бақылау кенеттен жүзеге асырылады, яғни, тексерушілер субъектіні алдын ала хабардар етпейді. Осы бағытта жылдың екінші жартысында 988 білім беру нысанын тексеру жоспарланған.

Соған сәйкес, жаңа оқу жылына дайындық аясында маусым-шілде айларында 503 мектеп пен 462 асханада арнайы мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау, жарықтандыруды жақсарту және қоқыс жәшіктерін орнату секілді мәселелер бойынша 300 нұсқама берілді. Сондай-ақ, рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген бірқатар асхананың қызметі тоқтатылды.

Мектептерде балалардың тамақтануындағы бірыңғай тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылдан бастап арнайы стандарт енгізілді. Қазіргі таңда 62918 бала ыстық тамақпен қамтылған. Көкшетаудағы үш модельдік мектепте апробациядан өткен жаңа ас мәзірі оң нәтиже берді. Сөйтіп, бұрын балалар жеуден бас тартқан капуста мен сәбіз таяқшалары, перловка мен жасыл бұршақ сияқты тағамдар ас мәзірін түзету арқылы 5-10 пайыз көрсеткішке дейін төмендетілді. Бұрын бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін болатын.

Қазіргі таңда өңірдегі 16 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, олар алдағы бірер күнде толық аяқталуы тиіс. 21 тамызда департамент базасында білім беру орындарының басшыларымен, мүдделі ведомстволармен жаңа 2026-2027 оқу жылына мектептердің дайындығы бойынша семинар өткізілді. Ал, мониторинг қорытындысы облыс әкімдігінде жеке қаралады. Бұл шаралардың барлығы мектептерде сапалы білім ортасын қалыптастыруға және балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар