Су ресурстарын үнемді пайдалану — уақыт талабы

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Есіл бассейндік су инспекциясының су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі басшысының міндетін атқарушы Айбек Серәлі айтып берді.

Оның айтуынша, инспекцияның қызмет көрсету аумағына Есіл өзені бассейні, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары, Астана қаласы, сондай-ақ, Қарағанды мен Қостанай облыстарының бір бөлігі кіріп, жалпы аумағы 237,23 мың шаршы шақырымды құрайды. Қарағанды облысындағы Нияз тауларынан бастау алып, ұзындығы 2450 шақырымға созылатын Есіл өзені өңірдің экожүйесі мен экономикасы үшін аса маңызды рөл атқарады.

Брифинг барысында көктемгі су тасқынынан кейінгі су қоймаларының толысу көрсеткіштері мен вегетациялық кезеңнің өту барысы жан-жақты талқыланды. Биылғы жылдың 31 шілдесіндегі деректерге сәйкес, Есіл бассейніндегі су шаруашылығының жағдайы толықтай тұрақты. Көктемде жиналған су көлемі экономиканың барлық салаларының қажеттілігін жүз пайыз қамтамасыз етуге жеткілікті болып отыр, ал, вегетациялық кезеңде ешқандай су тапшылығы байқалмаған. Мәселен, Ақмола облысындағы 3 ірі су қоймасында орташа толымдылығы 96,3 пайызын құрайтын 648,58 миллион текше метр су жинақталған. Оның ішінде Астана су қоймасында – 396,58 миллион м³, Сілеті су қоймасында – 225,6 миллион м³, ал Шағалалы су қоймасында 26,4 миллион м³ су бар. Биылғы жылы өңірде суармалы жерлердің көлемін 47 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланса, тек Ақмола облысының өзінде суару мақсатында арнайы су пайдалануға берілген 101 рұқсат қолданыста болып, 40812 гектар аумаққа суару жұмыстары жүргізілуде. Инспекция бұл бағытта су пайдалану лимиттерінің қатаң сақталуын және суды заңсыз алуға жол бермеуді тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында өнеркәсіп орындарында айналым және қайталама сумен жабдықтау жүйелерін енгізуге де ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда инспекция аумағында арнайы су пайдалануға рұқсаты бар 38 өнеркәсіп кәсіпорын жұмыс істесе, олардың 29-ында және 3 екінші реттік су пайдаланушыда осындай озық жүйелер енгізілген. Жалпы алғанда, өңірдегі тиісті кәсіпорындардың 75,6 пайызы суды қайта өңдеу және қайталама пайдалану әдісіне көшкен. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтерді көрсету саласы да толық цифрландырылған. Есепті кезеңде Инспекция тарапынан 662 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың 100 пайызы «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы электрондық форматта берілген. Сондай-ақ, азаматтардан келіп түскен 1195 өтініш қаралды. Дегенмен, заң талаптарын бұзғандарға қатысты қатаң шаралар да қолданылуда. Жыл басынан бері 42 әкімшілік іс қозғалып, 36 әкімшілік іс бойынша жалпы сомасы 10 миллион 523 мың 533 теңге көлемінде айыппұл салынды, ал, 6 әкімшілік іс бойынша материалдар сот органдарына жолданған.

Аймақтағы су объектілерін қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстар да рет-ретімен жүзеге асуда. Ақмола облысы әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес, 240 су объектісінде су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленген, оның ішінде 16 нысан ағымдағы жылы қамтылды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында Ақмола облысында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Бүгінде 2 нысан аяқталып, пайдалануға берілді, Аршалы ауданындағы Анар станциясы маңындағы қорғаныс бөгетінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, оны пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ, Есіл контрреттегіші мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды, ал, Астана, Қоянды, Подлесное және Иванов су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Атқарылып жатқан жұмыстар тек қатаң бақылау мен құрылыспен шектелмей, халық арасында түсіндіру науқандарымен де толықтырылуда. Инспекция қызметкерлері мамыр айында Астана, Петропавл және Көкшетау қалаларындағы әуежайлар, теміржол вокзалдары, сауда орталықтары мен базарлар сияқты халық көп жиналатын 18 нысанда арнайы ақпараттық акциялар ұйымдастырып, тұрғындарға суды ұтымды пайдалану мен заң талаптарын түсіндіретін арнайы брошюралар мен жадынамалар таратқан. Есіл бассейндік су инспекциясы алдағы уақытта да өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырмақ.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар