Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жастар – есірткісіз әлем үшін - АРҚА АЖАРЫ

Жастар – есірткісіз әлем үшін

«Достар» мәдениет сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының «Есірткісіз әлемді қолдаймыз!» халықаралық акциясы аясында  облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған мазмұнды кеш болды.

2001 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің көшбасшылары негізін қалаған Шанхай ынтымақтастық ұйымы экономикалық ынтымақтастықты, энергетикалық серіктестікті, ғылыми-мәдени өзара қарым-қатынасты дамытуды, қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын нығайтуды, сонымен бірге есірткі тасымалымен күресуді өзіне міндеттейді. Ұйым, әсіресе есірткі бизнесімен, тасымалымен күресуге басым назар аударуда. Сондықтан, әлем халықтарын қайғы-қасіретке, өлімге жетелейтін кеселмен, есірткі тасымалдаушы делдалдармен күрес жүргізу үшін Ішкі істер министрлігі жанынан арнайы құрылымдар мен бөліністер құрылып, күні мен түні жұмыс жүргізуде. Бүгінде облыста жастар, студенттер, колледждер мен мектеп оқушылары, олардың ата-аналарына арасында есірткінің адамға зиянын, нашақорлықтың қасіретін түсіндіру бағытындағы жұмыстар кеңінен ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінде, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтарында барынша өткізіліп келеді.   
Халықаралық акцияның мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау. Жастар ресурстық орталығы өткізген іс-шара қоғамды есірткінің зияны, нашақорлықтың зардабы жөнінде кеңінен ақпараттандыру, сонымен бірге жастарды аталған зиянды әдетпен күресуге тартуға жол ашуға бағытталған. Қазақстан ШЫҰ қатысушы мемлекеттер арасында бірінші болып акция аясында осындай іс-шаралар өткізуде. Кейін бұл акция барлық мемлекеттерде де жалғасын табады.
Өткен 2016 жылы құқық қорғау органдары 10 мыңнан астам есірткі қылмысын анықтап, тиісті органдардың жедел алдын алу әрекеттері арқасында 35 тоннадан астам есірткі тәркіленіп, айналымнан шығарылған. Облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Бауыржан Дәукенов құқық қорғау органдарының нашақорлықпен, есірткімен күрес жолында жүргізіліп жатқан жұмыстарын айта келіп, жиналған жастарға теріс қылықтар жасамауға, темекі, ішімдік секілді зиянды әрекеттермен айналыспауға, оның соңы нашақорлыққа әкелетіндігі, кейін болашақтарын тәрк етіп алатындықтарын ескертті.  
– Салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдануға ден қойған жастар ешқашан да теріс жолға түспейді. Мен мектепте оқып жүргенде ауылдың сыртындағы тренажер залына барып жүрдім. Ол ауылымыздан алыс орналасқан еді. Сол спорттық мекемеге бара жатқанымда менің сыныптастарым, өзімнен үлкен ересек таныстарым, «сен спортсмен бола алмайсың, өміріңді текке құр босқа өткізесің, одан да темекінің дәмін татып, ішімдіктен бір ұрттап жіберсеңші, қиындықтарыңды тез ұмытып кетесің» деп үгіттейтін. Бірақ, мен олардың сөзіне мән бермедім. Қазір бәрі керісінше, мен қол күрестен чемпион атандым, ал, олардың кейбірі ортамызда жоқ, енді біреулері темір тордың әр жағында, енді бірі иненің ұшында отыр, – деп өзінің ағалық ақыл-кеңесін білдірді қол күрестен екі мәрте әлем чемпионы Илья Ильин.
Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы, отставкадағы полковник Ыбырай Дуанбай қиын-қыстау кезеңдерде де осы бір зұлымның, есірткінің жастарды қалай улағаны, олардың қыршын жасын қиғаны жөнінде баяндап, болашақта Отан қорғаушы жастардың жаман, зиянды әдеттерден бас тартуы, нашақор болудың ауыр азабы жа-йында мазмұнды әңгіме өрбітті.  
Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттайтын композициялық шығармалармен, әдемі ән-жырмен жалғасын тауып, концерттік бағдарламаға ұласты.

Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар