Әр күн ауыртпалықтан алып шығуда

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин аудандардың, Көкшетау және Степногорск қалаларының әкімдерімен селекторлық кеңес өткізді.

Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, облыс әкімінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Селекторлық кеңесте көктемгі су тасқынына байланысты қазіргі қалыптасқан жағдай талқыланды. Облыс әкімі өз сөзінде табиғат апатының барысында 2788 адам қауіпсіз жерлерге көшірілгенін, қазір олардың 2685-і үйлеріне оралғанын атап көрсетті. 103 адам әлі өз туыстарында қалуда. Бүгінгі күнге дейін Сандықтау ауданында тасқын қаупі толық сейілді. Атбасар ауданында да жағдай қалпына келуде. Целиноград, Жарқайың, Аршалы аудандарында әлі қауіп бар.  
 Кеңесте облыс бойынша көктемгі су тасқыны жағдайы туралы Атбасар ауданының әкімі Андрей Никишовтың, Астрахан ауданының әкімі Талғат Ерсейітовтің, Жарқайың ауданының әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың, Есіл ауданының әкімі Аманбек Қалжановтың хабарламалары тыңдалды.
Қазір Атбасар ауданында тасқынның зардаптарын жою үшін барлық шаралар қолға алынуда. Күн сайын арнайы құрылған штаб 100-150 адамды қабылдап, тиісті мәселелерін шешуде. Гуманитарлық көмекті әділ бөлу мәселесі де бақылауға алынған.
Биылғы тасқын су Астрахан ауданына да зардабын тигізбей қоймады. Соған қарамастан, қолданылған шұғыл шаралардың нәтижесінде қазір су тұрған үйлер жоқ.
Тасқынға қарсы күресте Жарқайың ауданында көп жұмыстар атқарылып жатқаны байқалады. Мұнда Есіл өзенінің суы көтеріліп, оған қоса, Жабай, Колутон, Терісаққан өзендерінің суы да ауданға келуде. Гастелло, Құмсуат, Пригородный, Баранқұл ауылдарын топан судан аудан басшылары және тиісті қызметтерін қолға алған шұғыл жұмыстар ғана құтқарып тұр. Сонда да Есіл өзенінің жағдайын әуеден тағы бір шолып шығу керек. Облыс әкімі кеңес барысында орынбасары Жанболат Смайыловқа осындай тапсырма берді.
Есіл ауданында судың көтерілуі екі елді мекен – Двуреченск және Курскіде байқалған. Бірақ, тез арада тұрғызылған бөгет судың үйлерге кіруіне жол бермеген.
Аудан әкімдерінің ақпаратынан кейін Мәлік Мырзалин ендігі кезекте халыққа келтірілген зиянды дұрыс есептеу, адамдарға неғұрлым жанашырлық танытуды қатаң тапсыра келе, тұрғындардың бастан  кешкен ауыртпалығын жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауды басты міндет етіп жүктеді.
Селекторлық кеңестің күн тәртібінде көктемгі егіске дайындық мәселесі де қаралды.  Облыс әкімінің орынбасары Егор Каппельдің баяндауынша биыл егістік құрылымының әртараптандырылуына байланысты 3,8 миллион гектар алқапқа дәнді дақылдар себіледі. Ал, бұршақты және майлы дақылдар көлемі 17 мың гектарға ұлғая түседі. Қазір аудандарда ғалымдардың қатысуымен көктемгі егіс науқанын үлгілі өткізу жөнінен агрокеңестер өтуде.
Кепілдікпен берілетін жанар-жағармайдың 64 пайызы тасымалданып алынған. Бүгінгі күнге дейін облысқа барлығы 9 миллиард теңге субсидия түсіп отыр. Тұқым мәселесі ойдағыдай шешілген. Өткен жылы егістікке 13 мың тонна тыңайтқыш сіңірілсе, биыл 19 мың тонна сіңірілмекші. Ғалымдар көктемгі егісті 20 күннің ішінде аяқтауды ұсынып отыр.
Облыс әкімі бұл ретте де біраз тапсырмалар беріп, әсіресе, Ауыл шаруашылығы министрлігімен жасалған меморандумның ойдағыдай орындалуын  қамтамасыз ету қажеттігін баса атап көрсетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар