Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауының ашық әрі әділ өтуін бақылауда Көкшетау қалалық №43, №44-ші сайлау учаскелерінің жұмысы белсенді жүргізілді.
Еліміздің ертеңін айқындайтын сайлау таңғы сағат 7.00-ден өз жұмысын бастады. Дауыс беру орындары тексеріліп, мөрленіп, бекітілді. Комиссия мүшелері дауыс берушілерді ықыласпен қабылдап, бірінші және қариялар мен кәмелет жасына енді толған дауыс берушілерге ескерткіш сыйлықтарын табыс етті.
Сәуле Өмірбаева төрайымдық ететін 43-сайлау учаскесінде 2483 дауыс беруші болса, сағат 11.00-ге дейін 400-ге тарта адам дауыс беріп үлгерді. Ал, сағат 14.30-ға дейін 1462 сайлаушы дауыс берді. Бұл сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерді деген сөз. Сонымен қатар, кәмелет жасына енді ғана толған Тілек Аңсар Дулатұлы алғаш рет дауыс беріп, ескерткіш сыйлыққа ие болды. Дауыс беру қарқынды жалғасты. Үй жағдайында дауыс беретін сайлаушыларға арнайы жылжымалы урналар жіберілді. Сондай-ақ, көзі көрмейтін мүгедектігіне қарамастан, учаскеге арнайы келіп, дауыс берген ақсақалымыз Мырзабай Ахметұлы Абдрахманов болды.
Ел ертеңінің жарқын болуына қуана үлес қосатынын байқатқан қарияның жауаптылық пен өмірге деген құштарлығы тәнті етпей қоймады. Кеудесін кернеген мақтаныш сезімін жасыра алмаған, 80-нен асқан қария жастарға ақ батасын берді. Өз кезегінде 43-ші сайлау учаскесінің төрайымы Сәуле Жұмашқызы сый-сияпатын тарту етсе, қария да ұрпағымен ескерткіш суретке түсті.
Әр дауыс маңызды екенін ескерсек, әр таңдау – ел болашағына қосылған үлес, екенін естен шығармаймыз.
***
Сәуле Дәуітқызы Ибраева төрайымдық ететін Көкшетау қалалық №44 сайлау учаскесінде 2755 дауыс беруші болса, сағат 11-ге дейін 600-ге тарта адам дауыс беріп үлгерді.
Таңғы сағат 7.00-ден бірінші келіп дауыс берген Бақыт Өсербайқызы Ысқақоваға комиссия төрайымы арнайы сыйлығын табыс етті. Одан әрі сайлау учаскесіне жасы 90-ға толған қария Сыздық Әменұлы Ермеков та арнайы келіп, еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы үшін дауыс бергенін қуана жеткізіп, ескерткіш сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар, ертеңгі еліміздің болашағы жастар десек, сол жастарымыздың бүгінгі Құрылтай сайлауына келіп, жауапкершілікті сезінуі, үмітімізді еселей түскендей. Солардың бірі дәл Құрылтай сайлауы күні кәмелет жасына толған Виктория Ивановна Острянина және Қажыбай Алдияр алғаш рет дауыс берді. 10 сайлаушы үй жағдайында жылжымалы урна арқылы қатысты. Ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Барлығы қалыпты жағдайда өтті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

